Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Заң және қоғам

Заң және қоғам

Өткен аптада Мемлекет басшысы бірнеше заңға қол қойып, қолданысқа енгізілді. Оның ішінде ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инс­пекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң да бар.

Бәс тігуге тыйым салынды

Енді бұл заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шек­­теуші және ынталандырушы норма­лар енгізіледі. Атап айтқанда, құмар ойын­дарға немесе бәс тігуге қатысуына ты­йым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына Борыш­керлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар қосылды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орын­дауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойын­дарға, яғни бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады.

Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюд­жеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға, бәс тігуге қатыса алмайды. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыс­тан шығару шарасы қарастырылған. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді. Туризм және спорт министрлігі ойын мекемесінің, букме­керлік кеңсенің, тотализатордың, ставкаларды қабылдау және құмар ойындардың, бәс тігудің бірыңғай ережелерін бекітеді.

– Букмекерлік кеңселер мен тотали­за­торлардың жарнамаларына шектеу қойыл­ды. Атап айтқанда, букмекерлік кеңсе­лер мен тотализаторларды сыртқы (көрнекі) жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, видео және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады, – деп ақпарат таратты Президенттің баспасөз қызметі.

Заң бойынша енді тек букмекерлік кеңсе немесе тотализатор орналасқан жердегі сыртқы жарнамаға, спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың киімінде, спорт­тық тақырыпқа маманданған және ресми тіркелген БАҚ-та, сондай-ақ отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде жарнамалауға рұқсат етіледі. Сонымен қатар лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылды. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ғибадат үйлерінде, мәдениет ұйымдарының ғимарат­тары мен құрылыстарында, әлеуметтік объектілерде (білім беру, денсаулық сақтау), сондай-ақ олардан жүз метр қашықтықтағы радиуста лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады. Өскелең ұрпақтың денсаулығын энер­гетикалық сусындардың зиянды салдарынан қорғау үшін мұндай сусындарды 21 жас­­қа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салынады.

Мемлекеттік реттеудің қағидаттары айқындалды

Қоғам назарын аудартқан келесі заң Мемлекет басшысы қол қойған «Жылу энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы. Құжат алғаш рет жылумен жабдықтау жүйелерінің сапалы жұмыс істеуі мен дамуы үшін жылу энергиясын өндіру, беру, өткізу және тұтыну процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды дербес заң түрінде реттейді. Жаңа заң аясында сонымен қатар жылу энергетикасы саласының сапалы және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жаңа тетіктерді енгізу және қолданыстағысын күшейту жолымен реттеу жүйесі жаңғыртылды. Соған сәйкес жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаттары, міндеттері, қағидат­тары айқындалды.

– Энергетика министрлігі жылу энерге­тикасының өңірлер, сондай-ақ, өндіріс, тасымалдау, өткізу, тұтыну секторлары бойынша салалық мемлекеттік органдар әзірлеген негізгі және мақсатты көрсеткіштерді бекітеді. Жылумен жабдық­тау жүйесі құрылымдалып, жылумен жаб­дық­тайтын субъектілер мен олардың қыз­мет­терін тұтынушылардың құқықтары мен міндеттері реттелген. Жылумен жаб­дық­тау жүйелері қуаттылығына және тұтыну­шылардың қосымша жүктемесіне қарай орталық­тандырылған, жергілікті және жеке жылумен жабдықтау жүйелері болып бөлінеді. Сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін тарифтік реттеу, энергия үнем­деуді қолдау, жылу энергетикасында жаңар­тылатын энергия көздерін пайдалану тетіктері жаңартылды, – деп жариялады Президенттің баспасөз қызметі.

Айта кету керек, жылумен жабдықтаудың сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптары, жөндеу жұмыстарын жүргізу және жылу энергиясы көздерін пайдаланудан шығару шарттары белгіленді. Сонымен қатар жылыту маусымына дайындықты қамтамасыз ету талаптары күшейтілді. Қоғамның орнықты дамуы мен өмір сүру сапасын жақсарту үшін екі заңның да маңызы зор. Аудандық газет алдағы уақытта да елімізде қабылданып жатқан заңдарға шолу жасап, ақпарат ұсынатын болады.

А.ИБРАГИМҰЛЫ
Фото:ашық дереккөзден
16 шілде 2024 ж. 128 0