Рухы бай дос
Қамшының сабындай қысқа ғұмырда ыстық-суықты, қызық пен қиындықты бөлісетін достың орны ерекше. Алмагүл екеумізді жақындастырған көзқарас үйлесімділігі болса, достығымызды бекіткен екеумізге де ортақ қасиет – адалдық. Қан жағынан емес, жаны жағынан жақындасып, достасып кету рухы бай адамдардың қолынан ғана келеді, өйткені достықтың үйреншікті ақыл-ойға, сана-сезімге үйлесе бермейтін өзіндік ішкі заңдылықтары бар.
«Ей, перзентім, адамның тірі кезінде доссыз болғанынан – туысқансыз болғаны жақсы», – деп жазыпты Кейкаус патша ұлы Гилан шахқа. Ал қазақ ақыны К.Салықов: «Адал досың артықтау аталастан», – деп тіпті жақындатып жіберіпті.
Алмагүлмен достығымызға Тілеумұрат Науанов, Төлеухан Ғани, Көпірбаев Өмірзақ, Ахметов Бағлан, Досаев Асқарбек, Жәнібеков Қуаныш, Алмашов Тамабай, Көшенов Шайзада ағаларым ризашылықпен қарап, мақтан тұтатын, бүкіл Қармақшы ауданы құптайтын десем артық емес, өйткені адам досымен күшті.
Адамды досына қарап бағалайды. Достық игілікті көбейтіп, қырсықты азайтады. Достық – тағдырға қарсы жалғыз шипа. "Дүниенің ең тамаша туындысы – отбасында жақсы тәрбиеленген адам. Өйткені, тәрбие адам тағдырын шешеді", – деп ғұламалар айтқандай, құрбым Алмагүл ата-анасы Божан мен Кенжеден қазақы тәрбие алған, аға-апалары Әбдіхалық, Әбдісадық, Базаркүлдерді үлгі тұтып, сіңлісі Маржанға қамқор болып өсті. Әкеден қалған өсиет пен шешеден жұққан қасиет оны ұлттың салт-дәстүрін қастерлейтін білімді, тәрбиелі, адамгершілігі мол жан етіп қалыптастырды.
Шығыс даналығы: "Басқыштың төменінен бір-бірлеп басып қана жоғары шығуға болады", – дейді. Алмагүл де шыққан биігіне солай көтерілді. Қызылорда қаласындағы педколледж бір кездері Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова атындағы қазақ қыздар педагогикалық училищесі атанған. Ол оқу орны тек бастауыш класс мұғалімі мен бала бақша тәрбиешісін ғана емес, сонымен бірге болашақ мектеп басшылары комсомол, партия, Кеңес қызметкерлерінің жетекшілері болатындай етіп оқытып, тәрбиеледі әр қыз баланы. Соның бірі Алмагүл Божанқызы оқу бітірісімен Тереңөзек ауданы Шаған ауылында бала бақша меңгерушісі болды. Ауылындағы мектепте мұғалім болып жүргенде аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына шақырылды. Басшы болу үлкен сын мен жауапкершілік. Комсомолдан А.Тоқмағамбетов ауылындағы мектепті басқаруға жіберілді. Біршама тәжірибе жинақтаған Алмагул аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметіне шақырылды. Досым, әрі құрбымды саналы ғұмырында дұрыс жолмен алып жүрген де, көздеген мақсатына жеткізген де оның еңбексүйгіштігі мен адамсүйгіштігі еді.
Елін, жерін сүйген Алмагүл туған халқына жан-тәнімен қызмет етті. Биліктің биігінде кісілігін ұлықтыққа жеңдірмеді. Халқы оны «Республикадағы жалғыз әкім қыз» деп төбесіне көтерді. Адамның тағдыры мінезіне байланысты дегенді шындыққа айналдырды. «Ұлтына, жұртына қызмет ету білімнен емес, мінезден», – деген Алаш ардақтысы Ә.Бөхейхановтың сөзін ісімен дәлелдеді. Сөйтіп, Алмагүл «Адам өз елінде әулие бола алмады» деген қағиданы өзгертіп, туған жерінде ұлтан да болды, сұлтан да болды.
«Өмірде өз орнында жүрген адам ғана бақытты» деген сөз рас болса, онда Алмагүл де бақытты ғұмыр кешті.
Тарихшы ғалым М.Қозыбаевтың: «Адамның өз өмірінде қоғамнан алғаннан бергені көп болса, жолы болғаны. Орда тігіп, сарай салдырса, еңбек жазып, есімін қалдырса, бау-бақша егіп, жер бетін молшылыққа малдырса, ұлтының даңқын шығарып, шамшырақ жандырса, халқын қорғап, қас дұшпанды ерлігімен есінен тандырса, онда оның «Адам» деген атақты сақтағаны, дүниеге келгенін ақтағаны», – дегені Алмагүл сияқты көптің ортақ игілігіне еңбек етіп, өздері де асылдана түскен, барынша көбірек адамды бақытты еткен ізгі адамдарға арналған ыстық лебізі болатын.
Жол-жөнекей қосылған екі достан,
Бір дос артық ежелден көңіл қосқан, – деп халық айтқандай, ел ағасы жасына да ежелгі дос болып жұбымыз жазылмаған күйде жетуіміз тағдырдың үлкен сыйы емес пе?! Шынайы достық – өте нәзік,өте таза, сезімтал қасиет. Біздер 60 жыл бойы достығымызды алақанда аяладық. 60 жыл ақ тілекпен жалғасып, намысқа бірге шабысып, абыройды бірге алысып, арамызда жағылған отқа күймей аман қалысып, 60 жыл мына жалғанда бірге адымдадық. "Досыңның кім екенін айтсаң, мен сенің кім екеніңді айтайын", – деген сауалға мен осылай жауап бердім.
Әттең... «Өмір сүру – өмір мен өлімнен тұрады», – депті Лао Цзы. Адам дүниеге келеді, дүниеден өтеді. Тумақ-өлмек-адамның ақыл-парасатынан, амал-айласынан тыс табиғи заңдылық. Ажал – адам баласы айналып өте алмайтын шындық. Өйткені адам баласына берілген өмір шектеулі. Адам ауруды жеңгенмен, ажалды жеңе алмайды екен. Мәңгілік өмірді аңсаған Қорқыт баба да ажал құрығынан құтыла алмап еді, Алмагүл құрбым да аурудың артында бұғып отырған ажалдан құтыла алмады. Тумақ бар да өлмек бар деген рас екен. Табиғатта өмір өткінші де, өлім мәңгілік екен.
Аяулы құрбым, енді менен алыстадың, өйткені ел-жұрт болып, бәріміз қимас көңілмен өзіңді екінші құрсаққа, жер-ана құрсағына апарып салдық. Сен енді мәңгілік бесікке бөлендің. Бейіт басында:
Өлді ма адам?
Жоқ, ол тек тоқырады,
Өткен жолы өрнек боп тоқылады.
Бірге бізбен!
Бірақ та бөліп тұрған
Туған жердің киелі топырағы, – деген ақын-ұстаз Қ.Шыңғысовтың өлең жолдары еріксіз есіме түсті.
Құрбысы Жұпаркүл Иманбаева