Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Сәлем салу салты ғой бұрынғының...»

«Сәлем салу салты ғой бұрынғының...»

Сәлем салу – қазақ халқының көнеден бері келе жатқан ұлттық мәдениеті мен құндылығының негізі саналатын салт-дәстүрінің бірі. Дана халқымыз қашанда сәлем салуға үлкен мән берген. Себебі оның тәрбиелік мәні мен маңызы сонау тереңде жатыр.

Жалпы сәлем салу – келіннің отба­сын­дағы қызметі мен әдепті­лігінің белгісі, ата-енесіне, қайын­жұртына деген құрметі мен сый­лас­тығы. Қашан да салтынан жаңыл­­маған қазақ отбасындағы иба­лы келін қайын жұртына деген сыйлас­тығын осылайша білдірген. Сәлем берген соң үлкендер «бақытты бол», «ұл тап», «қосағыңмен қоса ағар» деген сияқты ақ тілегін айтып, батасын беріп жатады. Түсінген адамға бұл сөздердің астарында үлкен мән бар. Көпті көрген абыз ақсақалдар мен ақ жаулықты ана­ларымыздың ақ батасын алу үлкен мәрте­бе. Негізінде сәлем салу – бұл аман­­дасу, сәлемдесу, саулық сұрасу. Ал қазақта келіндер қайын жұртымен, оның ішінде үлкендермен, ер адамдармен қол алысып амандаспаған. Оның орны­на иіліп сәлем салған.

Ықылым заманнан бері келе жат­қан кө­­не сәлем салу үрдісі бүгінде еліміз­дің барлық өңірінде сақтала қойған жоқ. Кейбірінің пікірінше, сәлем салу – ескі­ліктің сарқыншағы. «Дәстүрдің озы­ғы да, тозығы да бар» деген қағи­даны ұстанған солтүстік, батыс, шығыс өңірлерінде бұл дәстүрді айтар­лықтай ұстанбайды, тіпті біл­мей­тіндері де кездеседі. Үлкенді құрметтеудің ерекше әдебі саналатын сәлем салу үрдісі көбінесе оңтүстік және маңғаз Маңғыстау өңірінде кеңінен сақталған. Шындығында салт-дәс­түрдің жалпы болмысы бірдей бол­­ғаны­­мен, еліміздің әр айма­ғында әртүр­лі орындалады. Тағы бір айта кететін жайт оңтүстікте сәлемді екі қолын айқастыра иіліп салса, ал батыста, яғни Маңғыстауда бір қолымен тізесін бүгіп салады екен. Деген­мен қай өңірдің сәлем салуын алып қара­сақ та, өзінше бір әдемілігі, ерекшелігі бар.

Қазақ салт-дәстүрінде тек үлкендерге ғана емес, сонымен қоса табаққа сәлем беру деген үрдіс те бар. Бірақ бұл үрдісті білмейтін өңірлер де кездеседі. Табаққа сәлем салу дегеніміз – дастарқан басында тамақ ішіп болған соң, үлкен адам табақты келінге ұсынған кезде, келін иіліп сәлем салып барып табақты алуы. Қазақтың бұл ұмытылып бара жатқан дәстүрінің астарында үлкен тәрбиелік мән-мағына жатыр. Қонақ күту қамымен қызметте болған келіндерді сыбағадан құр қалдырмай, сарқыт деп ұсынады.

Келін қай уақытта сәлем салмайды? Үлкендердің айтуынша, күйеуі қайтыс бол­ған жесір әйелге сәлем салмауға рұқсат етіледі екен. «Ендігі жерде басың иілмесін, жүзің төмен түспесін, қызымыздай бол» деп үлкендердің тарапынан қолдау көрсетіледі. Одан бөлек ата-бабаларымыз аяғы ауыр келіншекті сәлем салудан босатқан.

Соңғы уақытта кейбір діндар жандар­дың арасында сәлем салуды ширк, яғни харам деген пікір қалыптасып, дау-дамай туындап жатқаны жасырын емес. Кейбірі оны Аллаға серік қосу деп қателесіп жатады. Ал осының салдары дінді жетік білмей, ешбір дәлел-дәйексіз оны қатесінен түсінген білгішсымақтар жастарға дәстүрді діннен жоғары қоймауға үгіттеуде. Сәлем салу ешқандай да табыну емес екенін айтып өткен жөн. Бұл қазақтың көнеден атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық салт-дәстүр, ұлттық құндылық, тәрбие көзі, асыл қазынасы. Жансақ қате түсініктің салдарынан ұлттық салт-дәстүрімізді жоғалтып алмай, сақтап қалуымыз маңызды. Сайып келгенде сәлем салу қазақы тәрбиенің биік шоқтығы, үлкенді сыйлаудың үлгісі.

А.ЖҮНІСОВА
Фото: qazaly.kz
25 маусым 2024 ж. 164 0