Қоқыс қордалы мәселеге айналып барады
Статистикалық деректерге иек артсақ, елімізде жыл сайын 5 миллион тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығады екен. Тұрғындар санына шаққанда әр тұрғынға 400 келі қоқыстан келеді. Күнделікті қаптап қоқыс шығарып, жәшікке тастағанымызбен, оның «екінші өмірі» жайлы ойлай бермейміз.
ҚАЛАУЫН ТАПСА, ҚОҚЫСТАН «АҚШАНЫҢ ИІСІ» ШЫҒАДЫ
Әдетте пластик өнімдер екі жүз жылға дейін ыдырайды және шіру барысында өзінен көптеген улы зат бөліп шығады. Қағаз бен тағам қалдығы, целлофан қалта сияқты тұрмыстық қалдықтардың да жайы мәз емес. Күнделікті тұрмыста жиі қолданылатын бұл заттар да шіру процесінде улы заттар бөліп, ауаға, табиғатқа, топыраққа, әлбетте, адамға зиянын келтіреді. Бұл ретте қоқыс жинаудың да біз жақта қалыптаспаған өзіндік мәдениеті бар. Құрылымына қарай түрлі затты бөлек жинау абзал. Әсіресе, қоқыс өңдеу мәселесін сөз еткенде шведтер тәжірибесіне көз сүйсінеді.
Қоқысты ақшаға айналдырып отырған елдер саусақпен санарлық деуге болады. Солардың ішінде 10,5 млн халқы бар Швецияда қоқыс полигондары атымен жоқ. Бұл дегеніміз шведтер қоқыс шығармайды дегенді білдірмейді. Тек скандинавиялық бұл елде қоқыс жинау мәдениеті өте жақсы жолға қойылған. Яғни олар тұрмыстық қалдықтың 99 пайызын қайта өңдеп шығарады. Өңдеп қана қоймай, оны ақшаға һәм пайдаға асырады. Мысалы, Швеция қоқыстың 34 пайызын қайта өңдесе, 50 пайызын өртеп, одан электр энергиясын алады. 15 пайызы тыңайтқыш жасау үшін қайта қалпына келтіріледі. Сонда тіпті жарамсыз 1 пайыз ғана полигонға тасталады.
Бұл елде қоқысты бөліп, сорттап отыратын арнайы қызмет күші жоқ. Ондайға қаржы бөліп, ел экономикасын кері кетіру скандинавиялық ел тәжірибесінде болған емес. Қазақтың «Тәрбие – тал бесіктен» деген тұжырымына ұқсас мақал шведтіктерде де болса керек, олар белгілі ережені халықтың бойына сіңіруді кішкентай балаға үйретуден бастайды екен. Яғни қоқысты халықтың өзі сұрыптап, реттеп барып қоқыс жәшігіне тастайды. Бұл тәжірибе шведтіктерге кішкентай күнінен үйретіліп, тіпті мектептерде бұл туралы арнайы пән де енгізілген. Аталған елде қоқыс өңдеу тәжірибесі соңғы жиырма жылдың көлемінде жұп-жұмыр болып жолға қойылып келеді.
Расында, қағаз да, шөлмек те, тіпті кейде тамақ қалдығы да түсіп жатқан қазақ үйіндегі жалғыз қоқыс жәшігін көрсе, шведтер жаға ұстайтын болар. Себебі шетелде құрамына қарай қалдықтар түрлі жәшікке жиналады. Әр шведтің үйінде кемі алты қоқыс жәшігі тұрады екен. Олай болмаған жағдайды, тұрғындар айыппұл арқалайды. Егер үйде сұрыптауға ерінсең, сұрыптап беретін арнайы орталық та бар. Тек қалтаңды қағып алады. Ал егер сұрыпталмаған қоқыс тастайтын болсаң, коммуналдық қызметтің ең жоғары ақысын төлеуге тура келеді.
«МУСОРДЫҢ» ДА МӘДЕНИЕТІ БАР
Ал біздің елде ше? Қазақстандық ірі қалаларда болмаса, шағын елді мекендерде қоқысты бөліп жинайтын арнайы жәшік қойыла бермейді. Кейде қоқыс салатын жалғыз жәшіктің өзін таппай қалып жатамыз. Қойылған үлкен қалаларда да арнайылап қоқысты бөліп салып жатқан адам кемде-кем.
Негізінен ең алдымен бұл жүйеге халықтың санасын үйрету маңызды. Сонда ғана бізде де Швециядағыдай полигондарға қоқыс толмай, өз кезегінде табиғатқа да кері әсерін тигізбес еді. Жалпы елімізде 3 мыңдай қоқыс полигоны бар. Олардың өзі лық тола. Жыл сайын толған үстіне тола түсетін қоқыс тастау аймағының экологияға әсерін айтпаса да түсінікті. Арнайы мамандардың дерегіне сүйенсек, жиналған қоқыстың жыл сайын 20 пайызы ғана қайта өңделеді. Қалған 80 пайыздың үстіне жыл сайын қаншама қалдық тағы қосылады. Сонда есеп минусқа кірді дегенді білдіреді. Айтпақшы, жасыл экономикаға бет алған Қазақстан 2050 жылға дейін өңделген қоқыс көрсеткішін кемі 50 пайызға жеткізуді көздеп отыр.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінен қоқыс полигондарында 130 млн тоннаға жуық қатты қалдық жиналғанын білдік. Жыл сайын бұл көрсеткіш 4,5 млн тоннаға артып отырады. Десек те оларды өңдейтін зауыттар толыққанды жұмыс істемейді. Неге десеңіз, қоқыс өңдеуші зауыттың тұрақты жұмысына қоқыс көлемінің аздығы себеп. Аталған зауыттардың өндірістік қуаты бар болғаны 40 пайызға дейін ғана. «Қоқыс толып жатса, қалай жетпейді?» деген сұрақ туындауы орынды. Себеп – бізде қоқыстың сұрыпталмауы. Иә, шведтіктер секілді алты жәшікті тізіп қойып, әртүрлі қоқысты өз жәшігіне тастап отырудың маңызын осыдан-ақ анық байқауға болады. Былайынша ірі қалаларда бөлек-бөлек жәшік қойылған. Бірақ оны ескеріп жатқан ел аздау. Әлде шведтіктер тәжірибесіне сүйеніп, айыппұл арқалату керек пе?! Полигондағы қоқысты сұрыптау үшін қыруар жұмыс күші қажет. Оның бәрі ақшаға келіп тірелетіні және бар. Өркениетті елдерде көше тұрмақ, үй ішінде бірнеше арнайы жәшік орнатылады. Қоқыс-қоқыс дейміз, қоқыс тастаудың да өз мәдениеті бар. Бөлек емес, көшедегі бір жәшікке тастауға ерінетін көпшілікті көз көріп жүр.
ҚАЛДЫҚ ӨҢДЕУДІҢ ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕСІ
Елді айттық, жерді айттық, енді өзімізге ойысайық. Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі Үкімет отырысында қаралып, күн тәртібіндегі мәселелер қатарынан ұдайы төбе көрсетіп келеді. Жақында аталған мәселе тағы қаралып, осы төңірегіндегі жобалар жолға қойылды.
Атап айтар болсақ, облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен 18 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Өткен жылы 166 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтың 45,7 мың тоннасы өңделген. Пайызға шақсақ, 27,5 пайызды құрайды. Жалпы көрсетілген сандардың жартысына да жетпейді десек те, бұл салыстырмалы түрде жақсы көрсеткіш саналады. Былтыр облыстық бюджеттен 1 млрд 700 млн теңгеге қалдықтарды жинау, тасымалдау жұмыстары үшін арнайы 49 техника алынғаны да нәтижелі жұмыстың көрінісі. Мемлекет басшысының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу тапсырмасына сәйкес, алдағы екі жылда құны 36 млрд 400 млн теңгені құрайтын 9 жобаны іске асыру көзделуде. Аталған жобалар аясында өңірдің барлық аудандары мен Қызылорда қаласы толық қамтылатын болады. Бұл туралы аймақ басшысы жақында Үкімет отырысында айтып өткен еді. Аталған жоспарлы жұмыстар үшін бұл күнде инвесторлар да анықталып қойған.
Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы бұл жобалар толық жүзеге асқанда 498 тұрақты жұмыс орны ашылатынын да айтып өтті. Жылына 380 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық сұрыптау және қайта өңдеуден өтетін болады. Одан құрылысқа қажетті брусчатка, кәріз люктері, қағаз, пластик және шыны шығарылады.
Қазіргі таңда облыс орталығында екі жоба жүзеге асырылуда. Бірі – қолданыстағы полигонды жаңғырту жобасы. Қалдықтарды ұсақтау және өртеу қондырғылары, 32 арнайы техника, 3 мың евроконтейнер алынып, медициналық және құрылыс қалдықтары кәдеге жаратылатын болады. Осылайша полигонның қалдық қабылдау қуаттылығы 60 мың тоннадан 210 мың тоннаға ұлғаяды.
Бұдан бөлек, шыны ыдыстар өндіруде бір жоба іске асырылады, қуаттылығы – жылына 220 млн шыны ыдыс. Зауытқа шикізат ретінде жиналған шыны қалдықтары қолданылады. Бұл тұста да айта кететін мәселе – тұрмыстық қалдықты бөліп жинауды ескеру. Ретсіз жиналған қоқыс қосымша жұмыс күшін, сәйкесінше қосымша ақшаны талап етеді. Сол себепті тұрғындар арасында қалдықты қал-қадірінше бөлек жинауды жүйелі түрде енгізу қажет. Айтпақшы, өңірімізде аталған мәселе төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстарды Үкімет басшысы жоғары бағалап, Қызылорда облысының тәжірибесін өзге өңірлерге енгізу қажеттігін айтқан еді. Ал бізге «мақтаған қыздың» керін келтірмей, бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіре түсу қажет.
ТАЗА БОЛСА КӨШЕМІЗ, КЕТПЕС, СІРӘ, ЕСЕМІЗ!
Кез келген нәрсенің өзіндік мәдениеті болатыны рас. Күнделікті қажетті ас ішудің, жуынудың, сол сияқты қоқыс тастаудың да. Жалпы көпшілік бар жерде бірыңғай жүйені орнату көп уақытты қажет етері сөзсіз. Ең алдымен адамның санасы мен иманында салмақ болмаса, қалғаны құр әурешілік.
Аудан орталығы жыл санап көркейіп келеді. Рас. Жағасы май-топырақ пен қоқыстан көрінбейтін «Майжарма» каналының маңы демалыс орталығына айналғалы тұрғындар игілігін көруде. Кент көшелері кеңіп, орталық алаң көз тартады. Көпқабатты тұрғын жайлардың ауласы ше?! Осыдан бірнеше жыл бұрынғы сипатымен салыстыра да алмайсыз. Жөндеу жұмыстары биыл қайта қолға алынған орталық стадион да көпшіліктің кешкі серуені мен жаттығу жасауына қолайлы жағдайын қуаттап тұр. Алға жылжу белгісі көзге айқын байқалады. Бұндай жетістіктің артында үлкен жұмыс, еңбек, қыруар қаржы жатқаны айтпаса да түсінікті. Бірақ тұрғындар бардың қадіріне жетіп жүр ме?
Жастар ғана емес, егде жастағы кент тұрғындарын да кешкі серуен уақытында орталықтан жиі көреміз. Әрине, бұл жақсы. Тұрғындар өз денсаулығына, тұрмыс салтына бей-жай қарамауы абзал. Бірақ осындай көпшілік «демалысынан» кейін демалыс аймағын «таппай» қаламыз. Бір бұл емес, тұрғын үй ауласының тазалығы да сын көтермейтін тұстар бар.
Әсіресе көпшілік концерт немесе мерекелік, атаулы күндердің ертесіне көше мен алаң қоқысқа толады. «Майжарма» каналының, орталық алаңның тазалықшылары үшін бұл күнделікті үйреншікті жайт. Таң ертемен көше тазалаушы аға-апайлар шөлмек, тәттінің қағазын жинайды да жүреді. Сонда кей тұрғын үшін қоқысты бөлек-бөлек жәшікке емес, айналдырған бір қоқыс жәшігіне салуға не кедергі екен деген ойға қаласың. Айтсын, айтпасын, мәдениеттің төмендігі болар бұл. Әйтпесе, егде тартқан көше тазалықшысының еңбегін де бағалау керек. Сондай-ақ апта сайын барлық мекеме қызметкерлері жұмылдырылатын сенбілік тағы бар. Соның өзінде таңертеңгілік «түннен қалған» әр жердегі шөлмек пен қағаздан көз сүрінеді.
– Қазіргі таңда ауданда тұрмыстық қалдықтар жиналатын бір ғана полигон бар. Онда жиналған қоқыс арнайы техникалармен итеріліп, тазаланады. Бұл жерге былайғы тұрғындар да қоқыс тастап, кейбірі оны өртеп кетіп жатады. Бұл тұста тұрғындарға тұрмыстық қалдықтарды өртеудің қауіпті екенін ескерткіміз келеді. Айта кетейік, қазіргі таңда Жалағаш-Тереңөзек тас жолы бойынан кентке тиесілі тұрмыстық қатты қалдыққа арналған полигон құрылысы жүргізілуде, – дейді кент әкімі Ержан Бахтияров.
ТҮЙІН
Қазақстанда барлығы 210 тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін мекеме бар. Жаңадан қатты қалдықтарды өңдейтін 37 зауыт тағы салынбақ. Қаржы бөлінуде, жұмыс атқарылуда. Бірақ мардымды емес. Себебі бізде қалдық жинау, қоқыс тастау мәдениеті қалыптаспаған. Үлкен мәселенің кішкентай бір ұшы осы.
Не десек те, тазалық алдымен өзіміз үшін керек. Өзіміздің, болашақ ұрпағымыздың денсаулығы үшін маңызды. Бұл туралы айтылып та, жазылып та жүр, тіпті жауыр болған тақырып деуге болады. Бірақ кей жағдайларға қарап, нәтиже аздау екенін аңғарамыз. Тазалық үйден, ауладан басталуы қажет. Одан бұрын сананы тазалау керек.
– Аула тазармаса, сана тазармайтыны рас. Тазалық – денсаулықтың кепілі әрі туып-өскен ортамыз жарқырап, жайнап тұрса, қандай жақсы! Күнделікті сол көшемен өзіміз жүреміз, өзіміздің бала-шағамыз жүреді. Айналамыз таза болса, ауа да таза. Әрбір тұрғын ең болмаса, сенбі күні бір сағат уақытын бөліп, ауласын тазаласа, бұл қалыптасқан үрдіске айналады. Бірақ тазалаған осы екен деп, жиналған қоқысты бет алды тастап, кез келген жерге өртеуге болмайды. Ол – ең біріншіден қауіпті. Қоқыс арасындағы жанғыш заттар атылуы мүмкін, одан қалса ауаны ластайды. Әр нәрсенің өзінің орнымен, ережесімен, тәртібімен жүзеге асыру ләзім, – дейді кент тұрғыны А.Өтебаева.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: qazaqstan.tv