Бізге керек бизнес
Әлемде адам саны қаншалықты көп болса, соншалықты қоқыс та көп дегенді білдіреді. Бір үйден күніне кем дегенде бір жәшік тұрмыстық заттардың қалдығы шығады десек, олардың барлығы қайда кетеді? Ретті-ретсіз шашылған қоқыстар ауаны ластап, табиғат ресурстарына кері ықпалын тигізетіні және бар.
Жаз маусымында, әсіресе, далалы аймаққа демалысқа шыққандар табиғатты барынша ластап, қоқысты шашып кетіп жатады. Шыны бөтелкелер өз кезегінде өрт қаупін туғызса, басқа қалдықтар табиғатты, ауаны ластайды.
Дүниежүзілік статистикаға сүйенсек, 2050 жылға қарай әлемдегі тұрмыстық қалдықтардың көлемі 70 пайызға өсіп, үш жарым миллиард тоннаға жетеді. «Сонда Жер «үлкен қоқыс полигонына» айналады ма?» деген сұрақтар мамандарды алаңдатып келеді. Кейбір елдер қоқысты өңдеп, қарапайым қоқыстан да шашау шығармай пайда көріп отырса, кей дамушы елдер қоқысты тек жерге көміп не өртеумен шектелуде. Оның ішінде «ерімейтін» қоқыстардың табиғатқа қалай залал келтіріп жатқанын бағамдау да қиын емес.
Шетелдегі тәжірибеге сүйенсек, Швециядағы супермаркеттерде, дәріханаларда, түрлі қоғамдық орындарда арнайы қоқыс қабылдайтын орын бар. Қоқыс жинаудың «тәртібіне» үйренген шведтіктер де бөтелке мен қағазды, пластик пен шыныны арнайы жәшіктерге тастайды. Сондай-ақ оларға бұндай «тәртіптері» үшін қоқыс жинағыш құрылғы аздаған мөлшерде «сыйақы» төлейді екен. Есесіне, 10,3 млн халқы бар скандинавиялық елде қоқыс полигоны деген атымен жоқ. Себебі, мұнда қоқыстың 99 пайызы қайта өңделіп, тұрмыстық қоқыстар «екінші өмірін» бастайды. Ал түрлі техника ойлап табуда алдарына жан салмайтын Германия тұрмыстық қатты қалдықтардың 64 пайызын кәдеге жаратады екен. Ең қызығы, сол қоқыстардан жылына құны 50 млрд еуро болатын заттарды қайта өңдеп шығарады. Ал Жапония халқы қоқыстарды жерге көміп немесе өртеп ауаны ластамайды. Олар қатты қалдықтардан жасанды арал салған. Себебі, 125,4 млн халқы бар елде жер тапшылығы едәуір байқалады.
Ал бізде ше? Қазақстанның қоқысынан «көп ақшаның иісі» шықпайды. Жер жеткілікті, қоқыстан арал салып керек емес. Бірақ бар жерді қалдықпен толтырғанша, оны өңдеуге неге болмайды? Елдегі ірі полигондар қоқысқа лық толып, экологияны ластап жатқаны белгілі. 2020 жылы елдегі тұрмыстық қатты қалдықтардың бар-жоғы 15,8 пайызы ғана қайта өңделген. Жасыл экономикаға бет алған еліміз бұл көрсеткішті алдағы отыз жылдың ішінде 50 пайызға дейін арттыруды көздеп отыр. Бірақ жоспардың орындалу-орындалмауын уақыт көрсететін болады.
Біздің елде қоқысты қайта өңдейтін зауыттар жоқ емес. Бар, бірақ олардың өндірістік қуаттылығы 40 пайызды ғана құрайды. Себеп – қоқыс жетіспеушілігі. «Жыл сайын қоқыс саны артса, қалай қоқыс жетіспейді» деген сұрақ ойыңызға келуі заңды. Басты себеп – тұрғындардың өзінде. Өркениетті елдерді қоқысты да материалына қарай сұрыптап тастайды. Сонда оны өңдеу де оңайға соғады. Ал бізде ше? Картон мен қағаз, пластик пен шыны, тіпті тамақ қалдықтары да осылармен бір жәшікке түседі. Олар өз кезегінде бір-біріне ықпал етіп, қайта өңдеуге мүлде жарамсыз етіп тастайды. Үлкен қалаларда пластик салатын арнайы жәшіктер болғанымен, оның ережесін сақтап жатқандар шамалы. Қазақстанда барлығы 210 тұрмыстық қатты қалдықты өңдейтін мекеме бар екен. Бірақ әлгіндегідей қоқыс атаулы өңдеуге жарамсыз болып келетін болғандықтан, бұл орталықтардың жұмысы көзге көрінбей, жылдық пайызды төмен тартып тұр.
Бұл мәселені былай қойғанда, қарапайым қоқыс тастау ережесін білмейтіндер де бар. Әлемдегі ойлау қабілеті дамыған, барлық жаратылыс иесінен жоғары тұратын адам баласының қолымен жасалған дүние бұл. Ауданымыз күн санап гүлдеп, көркейіп келеді. Бірақ кешкі серуенге орталық алаңға шыққан халық алаңды ластап, қоқысқа толтырып кетеді. Иә, арнайы қоқыс жинаушы, аула тазалаушылар бар. Бірақ солай екен деп оңды-солды табиғатты ластауға болмайды. Айналаның тазалығы – ең алдымен денсаулықтың кепілі. Еңбекті де бағалап әрі табиғатты да сақтау өз қолымызда екенін ұмытпауымыз керек. Әркім өзінен бастаса, қоғам да жаңаша сипат алары сөзсіз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ