Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол берілмейді
Отанымыздың іргесінің берік, шаңырағының биік болуы әрбір отбасындағы татулық пен тыныштыққа байланысты. Махаббат пен сыйластық салтанат құрған жанұяда әркім өз міндетіне жауаптылықпен қарайды. Әке – қамқор, ана – мейірбан, бала – бақытты.
Өкінішке орай, мемлекеттегі барлық отбасы қамқорлықтың не екенін сезініп, жанашырлықтың қандай болатынын біле бермейді. Керісінше, отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналып, кімнен көмек сұрарын білмей шарасыз жағдайда күн кешіп жатқандар аз емес. Тіпті, отбасындағы ұрыс-жанжалға, әкенің ұрып-соғуына әбден үйренген әйел-балалар зорлық-зомбылықты қалыпты нәрсе деп қабылдайды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай тұрмыстық зорлықтың құрбанына көбінесе әлеуметтік аз қамтылған топтар – қартайған ата-ана, әйелдер мен балалар душар болады.
Сөздің қадірін білетін бабаларымыз «Отбасынан бас кетсе, Қазаннан ас кетеді», «Үй ішінен жау шықса, Тұра қашып құтылмассың» деген тәмсілді тегіннен-тегін айтпаған. Расында, отбасының қорғаны әке болса, алтын қазығы – ана. Осы ретте шаңырақтың шайқалуына түрткі болатын негізгі себептің бірі ер-азаматтың озбырлығынан орын алатынын айта кеткеніміз жөн. Өкінішке орай, қазақы менталитетпен тәрбиеленген орталарда отбасындағы кемсіту, қорлау, зорлық көрсету әрекеттерді көбінесе жасырып, жабық күйінде қалып жатады. Өйткені, отбасының бүлінгенін, айналасындағылардың сынына ұшырауды қаламайтын әйелдер шаңырақты сақтау үшін күйеуінің зорлық-зомбылық әрекеттерін көпшілікке жария ете бермейді. Ажыраса қалса ұл-қызы өзгелерге жалтақтап өседі деп қауіптенген аналар одан гөрі жұбайының озбырлығына шыдауды дұрыс санайды. Осының кесірінен күнделікті еркіндігі шектеліп, құқығы тапталған әйелдердің өмірі өкінішпен өтеді. Отбасын сақтауды басты орынға қойған әйелдер баланың да құқығын шектейтінін түсіне бермейді. Шындығында бала үшін ата-анасының үйі әрқашан ең қауіпсіз жер бола бермейді. Дөрекілік, күш көрсетудің күнделікті қайталануы балалардың бағдарын өзгертіп, кейіннен олардың да тарапынан зорлық-зомбылық не басқа да қылмысты тудыртуы мүмкін екенін ұмытпау керек.
Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған. Зорлық-зомбылық азаматтардың құқығын бұзатын, бір адамның екінші адамға тәндік немесе психикалық ықпал етуі. Мұны әрбір адам бала жастан түсінуі керек. Ұл-қызының озбырлық құрбаны болмағанын қалаған ата-ана тәрбиеге ерекше мән бергені дұрыс. Ол үшін алдымен өзі әлімжеттікке, тұрмыстық зорлыққа жол бермеуі шарт. Әкенің жұдырық жұмсап, күш көрсеткенін көріп өскен ұл ертең өз отбасында зорлық-зомбылық жасамасына кепілдік жоқ, себебі бала естігенін айтады, көргенін істейді. Сондықтан аналар отбасын сақтау үшін қорлыққа шыдай берудің соңы өз ұлының зорлықшы, қыздарының көнбіс болып қалыптасуына ықпал ететінін ұмытпағандары абзал.
«Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заңға сәйкес зорлық-зомбылық физикалық, психологиялық, жыныстық және экономикалық болып бірнеше түрге бөлінеді. Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мемлекеттің даму деңгейі мен мәдени хал-ахуалына қарамастан, әлемнің барлық елдерінде кездесетін мәселе.
Өкінішке орай қоғамда зорлық-зомбылық күннен-күнге артып, орны толмас ауыр зардаптарға алып келген мысалдар өте көп. Бұл кеселге тосқауыл қою үшін елімізде кешенді шаралар жүргізіліп келеді. Мұндағы бірінші бағыт тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған. Екіншіден соңғы жылдары отбасында озбырлыққа жол бергендерге тағайындалатын жауаптылық күшейтілді.
2024 жылғы 15 сәуірде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдары қабылданды.
Атап өтетіні денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу әрекеттері әкімшілік құқықбұзушылық болып саналса, енгізілген өзгерістерден соң қылмыстық құқықбұзушылықтары ретінде бағаланады, ал денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіру қылмыстары үшін жауаптылық қатаңдатылды. Кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған зорлық-зомбылық әрекеттері үшін кешірім жоқ. Неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпы адамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған. Өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Аталған өзгерістер 2024 жылғы 16 маусымда заңды күшіне енді.
Д.Ералиев,
Сырдария аудандық сотының судьясы
Фото: egemen.kz