Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көшпелі кездесулер Іңкәрдария мен Ақжарма ауылдарында жалғасты

Көшпелі кездесулер Іңкәрдария мен Ақжарма ауылдарында жалғасты

Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың тұрғындармен көшпелі кездесулері Іңкәрдария және Ақжарма ауылдарында жалғасын тапты.

Кездесулерде аудан басшысы аймақта және ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен өңірде қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе қаласына дейінгі аумағын І санатты жолға айналдыруға шешім қабылданды. «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының 216 шақырымы жөнделуде. Облыс орталығы ыстық сумен қамтамасыз етіледі. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 12 300 орындық 21 мектеп салынуда. Өткен жылы 10 мектептің құрылысы басталса, биыл 11-нің құрылысы жүргізіледі. Оның 1-уі аудан орталығында бой көтереді. «Болат Өтемұратов» қорының қолдауымен 17 млрд. теңгеге жуық қаржыға «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы халықаралық талаптарға сай етіп салынды. Ғимарат жақын арада пайдалануға берілмек. «Руханият жылы» аясында жалпы құны 11 млрд. 500 млн. теңгені құрайтын «Руханият» орталықтары барлық аудан орталықтарында салынуда. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында құны 11 млрд теңгені құрайтын 27 нысан салынуда. Өткен жылы елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ел игілігіне табысталды. Биыл қалған 11 нысан және 1 ауылдық аурухана салынады. Осы ретте, Аманкелді ауылындағы дәрігерлік амбулатория 103 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізілуде. Жалпы, барлық сала бойынша жоспарлы жұмыстар атқарылып, елді мекендерді газдандыру, электр желілерін қайта жаңарту, су құбырларын жаңғырту, жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Биыл Іңкәрдария елді мекенінде барлау пайдалану ұңғымаларын бұрғылау объектісі жобасына аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, бүгінгі күні мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Ақжарма елді мекенін газдандыру бойынша демеушілікпен жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, қаржыландыру үшін республикалық бюджетке ұсынылған.

Кездесулерде инфрақұрылымдық, әлеуметтік, білім және мәдениет салаларына қатысты мәселелер көтерілді. Аудан әкімі тиісті сала басшыларымен мәселелерге қатысты жауаптарын беріп, қаржы және уақыт талап ететін ұсыныстар жоспарға сәйкес жүргізілетінін жеткізді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
31 мамыр 2024 ж. 171 0