Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Телефонға шырмалған өмір

Телефонға шырмалған өмір

Бүгінгі қоғамның ең басты қаупінің бірі – ұялы телефон. Кез келген нәрсенің пайдасы мен зиян жағы болады. Десек те біз ұялы телефонның тұтқыны болып барамыз ба, қалай?! Қазіргі ұялы телефон, гаджеттер адамдардың тіршілігінің бөлінбес бөлшегіне, яғни жан дүниесінің серігіне айналды. Төртбұрышты экранның ар жағында барлық өміріңе қатысты дүниенің құпиясы жасырынғандай. Кішкене көрмесек, ұстамасақ бір нәрсе жетіспей тұрғандай болып тұрады. Бұл телефонға деген тәуелділіктен пайда болған ауру түрі ме? Сараптап көрелік.

ЦИФРЛЫҚ ДӘУІР АУРУЫ

Бүгінде еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін телефонның қызығына қарық болуда. «Естімеген елде көп» демекші, заман ағымына қарай смартфон, ұялы телефон, гаджерттерді күнұзаққа пайдалану сіз естімеген, тіпті болмаған «цифрлық» ауру түрлерінің пайда болуына әкелуде.

Бұрын соңды фаббинг ауруын естуіңіз бар ма? Фаббинг – кез келген жерде, кездесуде, қандай жағдай болса да (дастарқан үстінде, жиналыста, концертте) телефон мен гаджеттен ажырай алмайтын адамдарға тән ауру. Байқасаңыз қоғамда осындай көріністі жиі кездестіруге болады. Мұндай адамдар смартфонмен ойын ойнамайды, әлеуметтік желілердің шырмауынан шыға алмайды. Яғни, айналасын­­да не болып жатқанына да мән бермей, өз әлемін­де отырады. Бұл дегеніміз қоғамдық орта­дан бөлініп, психологиялық ауыт­қулар­ға да ұшырауы мүмкін деген сөз. Иә, байқасаңыз телефонға үңілген адам өз-өзімен күледі, сөйлеседі, мұңаяды, жылайды, ашуланады, түрлі эмоцияға беріледі. Сыртынан қарасаң, ерсі көрінеді. Аурудың атауына келсек, фаббинг – phone (телефон) + snubbing (мән бермеу) = phubbing сөзінен шыққан. Бұл терминды 2012 жылы МсСаnn жарнама агенттігінің қызметкері ойлап тапқан, ал оны шартарапқа таратқан осы аурумен күресетін – STOP PHUBBING компаниясы.

Ал, тағы бір ауру номофобия – телефонын жоғалтып алудан қорқу. Яғни, тәуелділіктен шыққан қорқыныш ауруы. Номофобия термині 2008 жылы пайда болып, 2018 жылы Кембридж сөздігіне енгізілген. Ғалымдар бұл жағдай туралы «ХХІ ғасырдағы ең ауыр тәуелділіктің бірі болуы мүмкін» деп топшылаған және де психологиялық ауытқу ретінде диагностикалық емдеуге тіркеуді ұсынған. Осы дертке шалдыққандар, яғни номоф адам смартфонының қуат көзі таусыла бастағанда немесе бір жерге ұмытып кеткен кезде жайсыз күй кешеді. Және де телефонсыз қалу қатері жақындаған сайын ашуға бой алдырып, тағатсыз күй кешеді.

2013 жылы ресми түрде Оксфорд сөздігіне енген фомо ауры да қоғамда белең алып келеді. Яғни, фомо – маңызды нәрседен құр қалудан қорқу. Әлеуметтік желі сенімді серігіне айналғандардың басты дерті. Мұндай дертке душар болған адамдар әлеуметтік желіні қолданушылардың жағымды пікірі мен жылы сөзіне зәру. Мәселен, жазған жазбаларына, суреттері мен видеоларына оқырмандары жылы пікір жазбай қалса, жариялымдары қаралым жинамаса, ол адам күйзеліске ұшырайды. Сонымен қатар көңіл күйі болмайды. Аталмыш кеселге бой алдырғандар өз-өзіне көңілі толмай, өзінен көп лүпіл жинайтындарға қызығып, сол жандармен өзін салыстырумен алтын уақытының өтіп жатқанын байқамайды. Адам өзін қоғамға керексіз сезініп, жантәсілім етуге дейін барады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы­ның жариялаған мәліметі бойынша әлемде жыл сайын 5 миллион адам телефонның кесірінен көз жұмады. Ғалымдар осылай жалғаса берсе, өлім-жітім бұдан көп болуы мүмкін дейді.

ЗАҢ МЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК КҮШЕЙДІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқушыларының сабақ үстін­де ұялы телефонды пай­да­лану­ы­на заңмен тыйым салған болатын. Жаңа заң бойынша оқушы ұялы телефонды үзіліс кезінде ғана қолдануы керек. Сабақ үстінде смартфон ұстау оқушының білім алуына, мұғалімнің сабақ өтуіне кедергі келтіретіні рас. Оқушы сабақ уақытында тек білім алуы керек. Бұл бұлжымас қағида ақылды гаджеттер пайда болғалы өзгерді.

Бірінші сынып оқушыларынан бастап жоғары сыныпта оқитын баланың қолында – қымбат смартфон. Бала болған соң бір-бірінің ұялы телефонына қызығады. Оны кей ата-ананың қалтасы көтермейді.

Мектепке ұялы телефонмен келе­тін оқу­шы­лар үшін бірнеше жыл бұрын арнайы жәшіктер орнатылған болатын. Бірақ оны дұрыс пайдаланған мектептер некен-саяқ. Қазірдің өзінде білім ордаларының кіреберіс дәлізінде арнайы жәшіктер бар. Жаңа заң қабылданғаннан кейін орнатылған жәшіктерді мақсатына сай қолданады деген сенім бар.

– Оқушының сабақ үстінде ұялы телефон ұстауына қатаң тыйым салғаны өте құптарлық жағдай. Әрине қазіргі қиын заманда сабаққа кеткен баласымен ата-ана байланысып отырғысы келеді. Бірақ ол байланыс сабақ процесіне кедергі келтірмеуі керек. Ата-ана да бұл жауапкершілікті сезіне білу керек. Сабақ үстінде телефон шұқылап отырған баланың ойы бөлінеді, қасында отырған оқушыға да кері әсерін тигізеді. Мектепке тек білім алуға келу керектігін оқушы естен шығармаған жөн, – дейді білікті ұстаз Венера Үсен.

Ал, көлік жүргізіп келе жатқан жүргізуші телефонмен сөйлессе заң бойынша қанша айыппұл арқалайды? Зерттеулер бойынша жүргізушінің телефонмен сөйлесуі апатқа ұшырау қаупін бірнеше есе арттыратыны дәлелденген. Қоғам­дық көліктерде, таксилерде жүргізушілер телефонмен сөйлесіп отыратынын байқаймыз. Бұл де­гені­міз жолаушының өмірін қауіп-қатерге тігумен пара-пар.

– Көлік жүргізушілердің телефонмен сөйлесу жағдайлары көптеп кездесіп жатады. Бұл тұрғы­да жүргізушілерге түсіндірме жұмыс­тары да жүргізіледі. Бұны кей­бір жүргізушілер ескермей жатады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 591 бабының 1 бөлігінде көлік құралын басқару кезінде жүргізу­ші телефонды не радио­станцияны пайдаланса, 5 АЕК мөл­шерінде айыппұл салынады делінген. Бұл әрекет бір жыл ішінде қайталанса, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соқтырады. Көлік айдаған кезде телефонды немесе радиостанцияны құлаққап немесе динамик арқылы қолдануға рұқсат етілген. Жыл басынан аудан бойынша 15-ке жуық көлік жүргізушіге айыппұл салынды, – дейді Сырдария аудандық полиция бөлімінің аға лейтенанты Олжас Дос­панов.

ТЕЛЕФОНҒА ТЕЛМІРГЕН АТА-АНА

«Ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, қазіргі қоғамдағы отбасының бейнесі – телефонға телмірген ата-ана мен бала. Бұл бүгінгі таңның ащы шындығы. Расында бүгінде балаларымен сырласып, шүйіркелесіп отыратын отбасы кемде-кем. Қазір дастарқан басына отырмастан бұрын суретке түсіріп, әлеуметтік желіге салумен әлек болып отырған жандар сырласпақ түгілі, қандай тамақ жеп отырғандарын да сезбей қалады. Баланы жұбату құралы ретінде телефонның қаншалықты зиян екенін біле тұра береді. Сөйте тұра «баламыз телефоннан бас алмайды» деп шағымданып жатады.

Бұрын аналар бесікте жат­қан баласын бесік жырымен ұйықтататын, ал қазір керісінше, баланы ұялы телефоннан қосылған әуен ұйықтатады. Тілі телефонмен шыққан сол балалар өсе келе смартфонға телміріп, аяғы сан соқтырар қорқынышты іс-әрекет­тер жасайды. Оны көріп те, естіп те жүрміз. Тіпті қазіргі балалар сұрағанын бермей қалсаң, ашуланып, тіпті телефоннан көріп отырған нәрселері дұрыс көрсетпей қалса қолындағы смартфонын лақтырып жіберуге де дайын тұрады. Яғни, бұл баланың психологиясына кері әсерін тигізіп жатыр. Бұл да ата-ана жіберіп отырған қателіктің бірі деуге болады. Сондықтан ата-ана кінәні алыстан іздеп, телефоннан көргенше әуелі өзі ойлануы керек, өзі үлгі көрсетуі керек.

Барлық отбасында осындай жағдай кездеседі деп те айту әбестік болар. Кейбір жанұяларда балаларымен бірге уақыт өткізуге тырысады, бос уақыттарында бірге кітап оқиды, телефонды белгілі бір уақытта ғана ұстауға рұқсат береді. Бала да осыған дағдыланады. Ал сіз ең соңғы рет балаңызбен бірге қанша уақыт өткіздіңіз?

Ұялы телефонға тәуелділік тек қана біздің елімізде емес, бүкіл әлемдегі басты мәселе. Мысалы, «Apple» корпорациясының негізін қалаушы Стив Джобс отбасы мүше­леріне үй ішінде ұялы телефон қолдануға тыйым салып, бос уақыт­тарын кітап оқуға жұмсайтын қатаң үрдіс қалыптастырғанын мәлім­деген. Ал Британдық әлеумет­танушы Энтони Гидденс: «Біз­дің қоғам нашақорлар мен маскүнем­дерден қашады. Оларды ұнатпайды. Болашақта ұялы телефонның зияны бұл екеуінен де асып түсерін адамзат әлі сезіне алған жоқ» десе, көршілес қытай елі ұялы телефонның зиянын бұқараға ескерту үшін Хэйхэ қаласының орталығына «Смартфон ұстаған үлкеннен кітапқұмар бала артық» деген ойды ишара етіп үлкен ескерткіш орнатыпты.

АДАМЗАТҚА ТИГІЗЕР ҚАУПІ МЕН ЗИЯНЫ

Ұялы телефон, смартфон, гаджеттер уақыт өте жаңарған са­йын оның зияны да арта береді. Себебі қазіргі заман талабына сай көптеген қызметтер қосылып, оның қолданысы да жиілей түсуде. Кейінгі уақытта тоқ көзінде тұрған телефон­ның жарылып кететін жағ­­дай­лар жиілеп барады. Бұл оқыс оқиға адам өліміне әкеліп жатады. Ғалымдар телефонды қуат­тандыратын құрылғы жарты метр адамнан алыс болғаны дұрыс дейді. Өйткені бұдан жақын болса, онда кернеулі сымның астында ұйықтағанмен бірдей екен. Мұндай жағдайдың орын алатынын біле тұра тоқ көзінде тұрған ұялы телефонмен сөйлесіп, қолданатын адамдар көп. Ұялы телефонның құрылғысын тоққа қосқан күйде пайдаланудың қатері телефон антенасы жоғары деңгейде радиация шығаратындығы. Яғни, қызған құрылғы адамның дене мүшелерін, оның ішінде миын қыздырып, денсаулығына кері әсерін тигізеді.

Қалта телефонынан бөлінетін толқындар ересектерге қарағанда балаларға қатты әсер етеді. Кіш­кентай баланың сүйек кемігі телефоннан тараған электромагниттік сәулеленуді 10 есе көп сіңіреді екен. Өйткені баланың бас сүйегі ересек адамға қарағанда әлдеқайда жұқа келеді. Соның кесірінен есте сақтау қабілеті төмендеп, бас ауруына әкеп соғады. Енді ғана жетіліп келе жатқан жеткіншектің аурушаң болуы­на өзіміз себепкер болудамыз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ғалымдары байланыс құра­лы­на зерттеу жүргізіп, оның адам­ға келтіретін зияны көп екенін анық­таған. Мәселен, қалта телефонынан бөлінетін электромагнитті толқындар «канцерогенді» болуы мүмкін. Бұл адам миының дұрыс жұмыс жасауына кедергі келтіріп, денсаулығына әсер етеді. Көптеген ауруларға шалдықтырады, тіптен, ұялы телефонды көп пайдаланған адам қауіпті ісік ауруларына тап болуы мүмкін. Онкологиялық аурулар да осы құрылғыдан пайда болып, өрши беретіні дәлелденген екен.

Сонымен қатар, сіз қолданатын ұялы телефонның мынадай жағым­сыз салдары болуы да мүмкін. Адам иммунитетіне қосым­ша күш түсіп, жиі пайда­ланатындардың басы ауыра­ды. Түнімен ұялы телефон қараған адам ұйқысыздықтан қиналады, ашуланшақ келеді. Ол ұйқы фазаларының дұрыс ауы­суын бұзады. Сондықтан адамның ұйқысы қанбай оянады. Көру, есте сақтау және психоэмоционалды төзім­ділік нашарлай түседі.

ТҮЙІН
«Таяқтың екі ұшы болады», демекші, бүгінде ұялы телефонмен біраз дүниені жүзеге асыруға болады. Адамның көмекші құралы екені анық. Хабар алмасамыз, хабарлама жазамыз, ғаламтор желісінен керегімізді табамыз. Сол себепті қолымыздағы ұялы телефонды тек орнымен пайдаланып, қажетті кезде ғана қолданған жөн. Және де орнымен ұстай алсаң ғана пайдалы екенін ұмытпаған абзал.

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
Фото: baq.kz
23 сәуір 2024 ж. 164 0