Бірінші хатшының үйіндегі басқосу немесе тырнақшаның ішіндегі қонақтардың оқиғасы
Ауданның бірінші хатшысының үйінде қонақ болу әр пенденің маңдайына жазылмайды. Болған оқиға ізімен бір оқиғаны баяндамақпын. Ол кезде әскерден келіп, аудандық су шаруашылығы мекемесіне жұмысқа орналасқан кезіміз еді. Мекемені көпшілік «Водхоз» деп атайды екен.
Күнделікті таңертең барлық қызметкер тапсырма алысымен «Газ 52» машинасының төбесіне мініп, «Әйтек» каналын жағалап су өлшейміз. Гидробекеттердің жан-жағын арам шөптен отаймыз. Кейде «Айжанкеткен», «Сауранбай» каналдарының басындағы насостарға май құйып, шлюздерді су мөлшеріне қарай реттейміз. Бір күні Иман аға айдайтын үстінде тенті бар машинаға ертелетіп оншақты адам мініп, кент орталығындағы үлкен зәулім үйдің қорасына кірдік. Бәріміз жапырлап асығыс түсіп жатырмыз. Алдымызда жол бастаған Әуез аға, Қалдекең бар. Водхоздың үлкендері құдалыққа келгендей қолды шала-пұла жуып, ішке еніп барады. Бұл үйді Тереңөзекте білмейтін адам жоқ шығар, сірә. Бұл райкомның бірінші хатшысының шаңырағы, қазіргі тілмен айтқанда, аудан әкімінің үйі.
Хатшының ұлы Қадір бізбен бірге жұмыс істейді. Біз барған күннің алдында үйінде қонақ болған. Содан сарқыт ішуге бізді шақырыпты. Әкесі облыста жиналыста болса, анасы отбасымен азанда қалаға кеткен көрінеді. Хатшының үйінде біз көрмеген мол дастарқан жайылып, табақ-табақ ет сол күйі желінбей қалыпты. Төрге үлкен кісілер жайғасса, біз төменірек отырып, дәмнен ауыз тиіп жатырмыз. Тілектер де рет-ретімен айтылуда. Өзімізше асаба сайлап алғанбыз. Райкомның орындығының буы ма, ағалардың алды қызып, мінбеде тұрғандай бір-біріне дес бермей жатқанда есік ашылып, ауданның басшысы кіріп келді. Жарқыл күлкі кілт тоқтады, жым-жырт бола қалдық. Хатшыны бірінші рет көруім. Өте сыпайы, болмыс-бітім болымды, денесі ірі кісі екен. Ол кісі мәдениеттілік сақтап: «А, водхоз ба, отыра беріңдер, биыл су мол ғой, рұқсат болса, кабинетімде қағазым қалып қойыпты, соны алып шығайын» деп төргі бөлмеге кіріп кетті. Біз залдың шығар есігіне қарай ұмтылдық. Апыр-топыр бір-бірімізді жанши көлікке мініп жатырмыз. Осындайда құрғыр ескі көлік оталмай жатыр. Ірілеу жігіттер кезекпен көліктің «заводнойын бұрап» жатқанда, хатшы машинасына отырып кетіп қалды. Машинамыздың рулі де оңға бұрылмайды екен. Біраз әуреге түсіп ішкеніміз ірің, жегеніміз желім болып, хатшының қорасынан көлігімізді итеріп әрең шықтық.
Ертеңіне азанда водхоздың алдында хатшының ақ волгасы тұр екен. Ішім бірнәрсе болатынын сезді. Кеңседе бәрі үрпиіп-үрпиіп отыр. Мен де орныма барып жайғастым. Ұзамай хатшы Роза апай «кеше райкомның бірінші хатшысының үйінде «қонақ» болған кісілерді бастыққа шақырып жатыр» деді. Сылтауратып бір-екі пысықтар «мені жоқ деп айт» деп еді, хатшы түгел келсін депті. Салымыз суға кеткендей кешегі «қонақтар» қызмет дәрежемізге сәйкес бастықтың кабинетінде қатарласып тұрмыз. Кешегі дастарқанда отырғандай үлкендеріміз алдымызда. Менің ұққаным, райкомның алдында бәріміз бала сияқты екенбіз. Сығалап төрге қарасам, хатшы кешегідей сыпайы емес. Екі иығына екі кісі мінетіндей ірі адам екен, сөзі ызғарлы, бастыққа шүйлігіп, бірнәрсені айтып ұрысып жатыр.
«Мына жолдастар жұмыс уақытында ішетін жердің бәрін тауысып, енді біздің үйге көшті. Сендерге каналдың басы тарлық қылып жүр ме? Біздің үйден басқа жер табылмады ма?!» деген жуан дауыс төр жақтан естіліп жатты. Бізге мораль оқу біраз жерге барды.
Хатшы орнынан тұрып бірінші тұрған Әуезге: «Мына кісі не істейді?» деді.
– Учаске бастығы, – деп жауап берді басшымыз.
– Одан төмен қандай қызмет бар?
– Аға инженер.
– Бүгіннен бастап аға инженерсің, – деді бірінші хатшы.
Ал мына кісі кім болып істейді?
– Бөлім бастығы. Одан төмені, аға инженер гидрометр.
– Бүгіннен бастап гидрометрсің.
Хатшы бәрін жағалап қызметтен бір саты төмендетіп келеді. Кезек маған да келді. «Мына бала кім» деді. Бастық Тілектес ағай «Жақында кірген қызметкеріміз» деп жауап берді. Хатшы маған қарап: «Айналайын, сен бұларға ерме» деп кабинеттен қуып шықты. Сол күні «водхозда» біраз өзгеріс болды. Ақкөңіл райкомның ұлы Қадекеңнен бастап таяқ жемеген адам қалмады. Бәрі үнсіз кінәсін мойындап тұрды. Бұл өмірімдегі алғашқы ащы сабақ болатын.
Кейін райком болмағанымен ауыл, мекеме басқарғанда осы оқиғаны есіме алып қоямын. Қазақтың «Қатты бол, бірақ қатал болма, адамдар теріс айналады. Жұмсақ бол, бірақ жуас болма, айналаңдағылар басынады» деген сөзі қалай керемет айтылған. Әрине тәртіп барлық жерге керек.
Бір аптадан кейін «қонақтар» қайтадан түгел өз қызметтеріне ауысты. Барлығы жұмысында қалды. Жұмыс уақытында қонаққа бармайтын болдық. Жыл соңында басқа жаққа қызметке ауысқан Әбдіқадір Ергешбаев ұжымды үйіне шақырып, қонақ қылды. Ол кездегі біз көрген басшылар заманында көп нәрсеге кешіріммен қарайтын. Жұмысқа парамен орналасу, алалау, қудалау дегенді естімеппін. Тәжірибе, іскерлік, білімділік ерекше бағаланатын.
Біраз жыл Сырдария көшесінде Тілектес Жұмашевпен көрші болдық. Бала кезімізде ағайдың бастық екенін білмедік. Біздің көшеде біраз басшылар тұрды. Балаларымен бірге ойнап өстік. Ол кезде қазіргідей тұрмыс жағдайына қарай бөлінбейтін. Басқа жаққа көшіп кетсе де сағынышпен әлі еске алып тұрамыз. «Әр дәуірдің өз халқы, өз патшасы болады» дейді. Кейде заманы бөлек ұрпақпен әңгімеміз жараспай, түсінісе алмай қалып жатамыз. Маған сол кездегі өмірге, қызметке сатылап бейімдеу тәрбиесі дұрыс секілді көрінеді. Естелік ескірмейді деген осы екен.
Марат ОМАРОВ,
Тереңөзек кенті