Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Cыбайлас жемқорлық – қоғам дерті

Cыбайлас жемқорлық – қоғам дерті

Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес – ең өзекті мәселенің бірі.

Мемлекеттің дамуына бармақ басты, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да дөп басып «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз.

Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Осыған орай, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.

Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық.

Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер етеді. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі. Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы заңсыз әрекеттер мен азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде.


Сондықтан дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеуіміз керек. Ол үшін «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бәріміз бірге күресуіміз тиіс. Сонда ғана ел мүддесіне үлес қосып, халықтың сенімін ақтай аламыз. Ендеше, жемқорлықты жоюды мақсат еткен сот жүйесі де заңнамалардың талапқа сай орындалуына мүдделілік танытуы тиіс.

Д.Е.Ералиев,
Сырдария аудандық сотының судьясы 
Фото: Н.Нұржаубай

25 наурыз 2024 ж. 161 0