Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОЖАБЕРГЕН БАТЫРДЫҢ ШАПАНЫ ТАБЫЛДЫ

ҚОЖАБЕРГЕН БАТЫРДЫҢ ШАПАНЫ ТАБЫЛДЫ


Қазақ тарихы тағы бір жәдігермен толықты. Жақында Абылай хан за­манында өмір сүріп, қазақ-жоңғар соғысына қатысқан, кейін жоңғар ақсүйегі Әмірсанамен бірге жо­рықта болған, қазақ-қытай қақ­тығы­сы кезінде қол бастаған батыр Қожа­берген Жә­ні­бекұлының ша­паны табыл­ды. Құнды жә­дігер өткен ғасырдың 30-жыл­да­рына дейін Моң­ғолиядағы ұрпағы­ның қолын­да батырдың туымен бірге сақталып келіпті. Кейін батырдың ша­паны әулеттің жиен­дерінің қолы­на көш­се керек. Қазір жәдігер Қарағанды об­лысында сақтаулы тұр. «Айқын» га­зе­тінің атынан мұра сақтаулы тұрған ауыл­ға арнайы барып қайтқанбыз.

Қожаберген Жәнібекұлы жайлы Қытай, Ресей және Моңғол мұрағат­тарында мол деректер бар. ХVІІІ ғасырда Абылай хан­ның сенімді сардарларының бірі болған. Батыр­дың 1750 жылдардан бұрынғы ғұмыры жай­лы деректер сирек. Көбіне Абылай хан, Қа­банбай, Бөгенбай, Көкжал Барақ, Ер Жә­нібек сынды ба­тырлармен үзеңгілес бол­ғаны айтылады. Қазақ дала­сын жоңғар басқыншылары­нан тазартуға бағытталған жорықтардың бел ортасында жүрген. Әрі Абылайдың Жоңғар орда­сының ішкі істеріне араласу саясатында да тәуір рөл атқарған. Дегенмен батыр өміріне қатысты нақты хатқа түскен деректер 1750 жылдардан кейінгі уақытқа тән. Сол жылдан кейінгі өміріне байланысты мәліметтерді орыс тарихшылары да, қытай жылнамашылары да мол қалдырыпты. Атап айтқанда, батыр қазақ даласына келіп Абылай ханнан пана сұраған жоңғар ақ­сүйегі Әмірсанамен тығыз қарым-қаты­наста болыпты. Моңғол дерек­теріне қарағанда, Жоңғар хандығына қытай әскерін өзі бастап алып келіп, билікті қолға алмақ болған Әмірсана қытайлардың мем­лекетті күйретіп жібергенін көрген соң, қарсы майдан ашқан екен. Сол соғысқа қазақтың Қожаберген батыры 2 мың қол­мен келіп, қатысып, көмектескен көрі­неді. Кейін Әмірсананың соңына түскен қытай­лар оны ұстап беруді Абылай ханнан талап етіп, шарт қойғаны да та­рихта қатталып қалған. Абылай хан қа­зақты пана тұтқан жоңғар батырын ұстап беруден бас тартып, мұның соңы қазақ-қытай қақтығысына да ұласса керек. Осы соғысқа да Қожаберген батырдың қа­тысқаны архив деректерінде сақталып қалыпты. Тіпті Қожаберген мен Әмір­сана қытай әскеріне қарсы қаша ұрыс сала жүріп, 1756 жылы қазіргі Қарағанды облысы аумағындағы Нияз тауына барып бекінген көрінеді. Сол жылдары қазақ дала­сына қол бастап келген қытай сардар­лары Хадака мен Дардана деген адамдар Бейжіңге жолдаған хаттарында түрлі мәліметтер бере отырып Әмірсана мен Қожа­бергеннің бірге жүргенін жазған. Осы ұрыстардың нәтижесінде Сарыарқаға қарай жорыққа шыққан қытайдың 20 мыңдық әскерінен еліне екі мыңға жетер-жетпесі ғана оралған деседі. Ол туралы Ресей империясының Селенгі бекінісінің коменданты В.Якоби деген орыс генералы жазып кетіпті.
Қысқасы, батырдың ерлік істеріне қатысты төңіректегі елдер көп дерек сақтап отыр. Қолбасшылық дарынынан бөлек Қожабергеннің дипломат ретінде қазақ-қытай қатынастарында өзіндік рөл атқар­ғаны да айтылады. Тарихта «Жыл­қыға – жібек» деген атпен қалған қазақ-қытай сауда­сын ұйымдастыруға атса­лысқан тұлғалардың бірі болған деседі. 1757 жылы Аягөз бойында болған, Абы­лай ханның өзі де қатысқан «Мамырсу келісімі» жасалған кезде де Қожаберген батырдың болғаны туралы деректер бар. Кейін Бейжіңге барған елшілер тобының құрамында бол­ған. Айта берсек, батыр жайында көрші-қолаң сақтап отырған дерек көп. Бірақ әңгіме батырдың өмір­баянынан емес, бізге жеткен мұрасына қатысты болып отыр.
Жалпы, Қожаберген Жәнібекұлының бізге жеткен бірқатар мұрасының бар екендігі белгілі. Атап айтсақ, батырдың жо­рықта ұстаған туы Моңғолиядағы қазақ­тардың қолында сақтаулы тұр. Сонымен бірге, Бай-Өлке қазақтары арасында қал­қаны да болуы мүмкін деген пікірлер бар. Ол киген сауыттың жұрнағы Қытайда сақ­та­лыпты. Енді міне, шапаны табылып отыр. Ең бастысы елінің азаттығы үшін күрескен батырдың бұл мұрасы атажұртқа жеткізілген екен.
Негізі Қожаберген батырдың шапаны да, туы да, найзасының ұшы да әу баста оның Жандәулет деген баласынан тарайтын ұрпағының қолында болған деседі. Бірақ кейін әр мұрасы әртүрлі әу­леттің қолына көшсе керек. Бүгінде ба­тырдың туы ұрпағы Мұқтажыұлы Жұмаш­тың шаңырағында сақтаулы болса, шапан батыр әулетіне жиеншар болып келетін Бақыт Теңселұлы деген азаматтың үйінде екен. Бақыттың ай­туына қарағанда, шапанды осы әулетке алып келген әжесі Шамшия Кемиекқызы екен. Ол Қожа­берген батырдың шөп­шегі­нен туған немене болады. Өткен ғасырдың 30-жылдары Қазақстанда ғана емес, КСРО-ның «кө­леңкесі» болған Моңғолияда да байларды, молда-қо­жаларды, оқыған-тоқығандарды қуғындау басталған. Сол кезде Шәмшия әжеміздің жары Сиыршыбай да, қайын атасы Тотықұс та тұтқындалып, мал-мүлкі тәркіленіпті. Көп кешікпей жалғыз сүйе­нері – енесі де қайтыс болыпты. Шиеттей төрт баламен қалған ана тұрмыс тауқы­метіне шыдамай төркініне хабар бер­ген көрінеді. Сөйтіп, төркін жұрты оны өзінің қасына көшіріп алған екен. Осылайша, Шәмшия балаларын аман-есен аяқ­тандырса керек. Бақыт Теңселұлының сөзіне қарағанда, дәл сол қиын-қыстау жыл­дарда әжеміз баба­сынан қалған ша­панды төркін жұртынан сұрап алған тәрізді. Шамасы, батыр бабаның рухы демеу болсын деген болар. Әйтеуір қалай болғанда да шапан батырдың ұрпағынан жиендер әулетіне өтіпті. Ең қызығы шапанның өз шаңы­рағында сақталғанын Бақыт осыдан 9 жыл бұрын, 2009 жылы ғана біліпті. Онда да әулеттің ешкімге тіс жармайтын сырын өз анасы айтқан екен. «Содан бері шапан тұратын сандыққа айрықша құрметпен қарайтын болдым. Бұрын бізде осындай екі сандық болушы еді. Көбінде оларда үлкендердің ақыреттік матасы деп сақтап қоятын шүберек тұратын болар деп ойлайтынмын. Шешем үйде Қожаберген батырдың шапаны сақ­талғанын айтқанда, қатты толқыдым. Ел қорғаған, елшілікке жүр­ген бабаның мұрасы отбасымда екендігін білгенде бір жағы қуандым, екінші жағынан бұл үлкен жауапкершілік еді. Шапанды тоғыз жылда бір-ақ рет сандықтан алып, қағып-сілкіп қайта салып қойдық. Енді, міне, сіздер келген соң ашып отырмыз. Суретін де алғаш рет сіздер түсірдіңіздер. Мұны мен көзімнің қарашығындай сақтап келемін» деді Бақыт Теңселұлы шапанға қатысты деректермен бөлісе отырып.
Батырдың шапаны ХVІІІ ғасырдың екінші жартысына тән киім екені байқалып тұр. Шамасы Қазақ хандығы мен қытайдың арасында елшілікте жүр­генде киген шапан болуы мүмкін екен. Бәлкім, қазақ елшіле­ріне қытайлар жапқан шапандардың, сый-сияпаттың бірі болуы да бек мүмкін. Тік жағалы, тысы көк сұр түсті торғыннан, ішкілігі бедерлі матадан тігіліп, астарына жұқа қылып түйе жүні салынған шапан жақсы сақталыпты. Бір-екі жерінде ғана шағын жыртығы бар екен. Оның сырын ешкім білмейді. Тек шапанның өз дәуірінде қымбат болғаны ғана байқалады. Қо­жаберген батырдың ұрпақтары шапанды өткен ғасырдың алғашқы жартысына дейін қайтыс болған адамның бетіне жауып, иман шапан ретінде қолданып келіпті. Ол туралы бізге батырдың ұрпағы Уәр Тоқсанбайұлы айтып берді. Қария жас күнінде өлік шыққан бір үйге ағасының әлгі шапанды киіп келгенін, бірақ оған шешесі ұрсып «Иман шапанды неге киіп алғансың?» деп ренжігенін есіне алды. Қария ол шапанды 1950 жылы көріпті. Содан бері қария шапанды көрмеген, қайда екенін білмеген екен. Енді міне, сол шапан қайта табылып отыр. Табылды дегенде әрине, жоғалып кетпеген. Тек үлкендер сыр сақтап, ешкімге тіс жармаса керек. Отарлау­шылардың қазақтан сансыз жәдігерді тартып әкеткенін көрген ұрпақ бабадан жеткен мұралар жайлы ешкімге сыр ашпауды құп көрген-ау деген ой түйдік біз. Сыр сақтай білудің нәтижесінде бабалардың талай мұрасы бүгінгі күнге жетіп, қазір көпшілікке таныстырылып жатыр. Бар қазақтың ортақ мұрасына айналды. Қожаберген Жәнібек­ұлының шапаны да күллі алаш баласы үшін баға жетпес жәдігер екені сөзсіз. Үш ғасырға жуық тарихы бар дүние батыр ұрпағына да, бар қазаққа да қымбат. Сол себепті шапанды сақтап отырған Бақыт Тең­селұлы бұл мұра­ны алдағы уақытта Аста­надағы Қазақ­стан Қарулы күштері Әске­ри-тарихи музейіне өткізуге бел байла­ғанын айтты. Демек, үш ғасырлық тарихы бар мұраны музейден тама­шалайтын уақыт та алыс емес деген сөз.

Амангелді ҚҰРМЕТ
https://aikyn.kz
09 ақпан 2018 ж. 1 922 0