Саңырық батырдың ескерткіш белгісі қойылды

Жоңғар басқыншылары 1723 жылы қазақтарға тұтқиылдан шабуыл жасап, ел тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіреті орын алды. Осы тұста халқымыз жер бетінде ұлт ретінде жойылудың алдында тұрды. Десе де ұлт болып ұйысқан халқымыз араға көп уақыт салмай, еңсе тіктеп, оларға қарсы шабуыл жасады. Ұлытауға енуді көздеген жоңғарларға қарсы қазақ жастары Шұбартеңіз шайқасында тойтарыс берді. Бұл 1726 жылы орын алды. Осыдан кейін жау әскері кейін шегіне бастаған еді.
Ал 1727 жылы Ұлытау өңіріндегі Бұланты және Білеуті өзендері аралығында өткен шешуші шайқаста қазақ жасағы жоңғарларға үлкен соққы беріп, жеңіске жетті. Бұл тарихта «Бұланты шайқасы» деген атпен белгілі. Осы ұрысқа қос тараптан 100 мыңға жуық сарбаз қатысқандығы тарихи деректерде айтылады. Бұл шайқастағы қазақтардың жеңісі ұлт ретінде жойылу қаупіндегі халқымызға үлкен рух берген және алдағы үлкен ұрыстардың, үлкен жеңістердің қозғаушысы болған. Содан кейін қазақ тарихында жоңғар басып алған қазақ жерлерін азат ету кезеңі басталыпты.

Азаттық үшін айшықты жеңіс орын алған жер ұлт үшін құнды. Сондықтан тарихқа тағзым жасау, батыр балаларымызды құрметтеу – кейінгілердің міндеті. Осы ретте, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында ел мен жердің тағдыры сынға түскен Ұлытау ауданында «Бұланты шайқасы» кешені ашылған. Бұл кешен жоңғарлармен шайқастағы алғашқы жеңіске арналған. Мұнда жауға тойтарыс берген батырлардың ескерткіш белгілері орнатылған.
Ескерткіш белгілерді батыр бабалардың ұрпақтары арнайы барып орнатып, тағзым жасауда. Осы мақсатта Бұланты шайқасында ерлік көрсеткен Саңырық батырдың ұрпақтары да «Бұланты шайқасы» кешеніне барып, ескерткіш белгі орнатты.

Жол ұзақ. Қызылорда мен Жезқанған арасы – 420 шақырым. Оның үстіне екі аралықтағы жолдың азабын жұртшылық жақсы біледі. Бірақ бұрынғыдай емес, жол жөндеудің алғышарттары көріне бастағаны қуантты. Қызылордадан Ұлытау өңімен шекараласатын тұсқа дейін қозғалыс бар екен. Ал одан әрі қарай сол баяғы жол.
420 шақырымды артта қалдырып, таң ата Жезқазған қаласына жеттік. Ұзақ жолдан шаршағанымызбен «жол мұраты – жету». Әрі қарайғы жол да жақын емес екен. Жезқазғанға тиіп тұрған Сәтбаев қаласына жетіп, Жезді, Қарсақбай, Байқоңыр елді мекендерінің үстімен өттік. Осы аралықтың өзі 150 шақырымды қамтыды. Байқоңыр ауылының оңтүстік беткейінде 18 шақырымдай жерде орналасқан «Бұланты шайқасы» кешеніне түске таман жеттік.
Жан-жақтан жиналған ағайын алдымен кешен жұмысымен танысты. «Ұлытау» музей-қорығының «Үйтас» шатқалында орналасқан кешен 2014 жылы ашылған екен. Мемлекет қорғауындағы нысан қоршаланып, қақпасына қылыш, найза, қалқан үштігінен белгі орнатылған. Кіреберісте кешен туралы ақпарат тақталары қойылыпты. Оның біріншісінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Бұланты шайқасы – біз үшін орыстардың Полтава шайқасымен пара-пар» деген пікірімен басталып, нақты мәлімет көрсетілген. Онда «Жоңғар қолы мен қазақ жасағының алғашқы ірі шайқасы 1727 жылы Бұланты өзенінің бойында болды. Шыңғысханның ұлы жорықтарын қайталауды ниет еткен Жоңғар хандығына қарсы күрестің негізгі ауыртпалығы қазақ халқына түсті. 1727 жылғы Бұланты майданындағы ұрыс қазақ халқының тарихындағы аса ұлы шайқас болғаны белгілі. Қазақ батырларының Бұланты, Білеуті өзендерінің бойындағы ғаламат жеңісін орынды түрде соғыс даңқының символы деп атайды, оны ешбір шайқаспен теңестіруге болмайды. Бұланты шайқасы – қазақ елінің Азаттық, Бостандық, Тәуелсіздік жолындағы ұзақ жылдар бойғы жанкешті соғысындағы тарихи шайқас және ондағы жеңіс ел тарихында алтын әріптермен жазылатын ұлы жеңіс. Шайқас даласын халық содан бері «Қалмаққырылған» деп атап кетті. Бұланты бойындағы жеңіс ұлтты ұйытып, тастүйін жұмылдырды, жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысы барысындағы бетбұрыс кезеңінің басы болды. Содан бері қарай стратегиялық басымдық қазақтар қолына көшті. 1730 жылғы «Аңырақай» шайқасындағы жеңіс соның айқын айғағы еді» деп жазылған. Ал екінші тақтада осы кешенді ұйымдастырушылар туралы ақпарат бар. «1727 жылы жоңғарларға қарсы «Бұланты шайқасы» деген атпен тарихта қалған, шешуші ұрыста қазақ халқының бірлігі мен қаһармандығының үлгісіндей болған, есімдері аңызға айналған батырлар рухына тағзым ету мақсатында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарушы кеңестің Бас директоры Бақтияр Әбдірахманұлы Қырықпышевтің қолдауы мен демеушілігі арқасында осы жерде 2014 жылы «Бұланты» кешені ұйымдастырылды» делінген және жобаны дайындаушылар мен орындаушылар Т.Тәжбенов, М.Қайрақтыұлы, Б.Қожахметов, мүсінші Ш.Сейіткенов екені көрсетілген.

Кешен ашылғаннан кейін әр жылдары батырлардың ұрпақтары арнайы келіп ескерткіштер орнатқан. Бұған дейін ұлы жүзден Тайлақ батырдың ескерткіші қойылса, осы сапар барысында Саңырық батырдың белгісі ескерткіштер қатарын толықтырды.
– Бұл шайқастың ел тарихында маңызы зор. Осы маңда бабаларымыз жауға қарсы шығып, жеңіс туын желбіреткен. Оған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлармен бірге Ошақтыдан тараған біздің бабаларымыз Саңырық Тоқтыбайұлы, Тайлақ батырлар қатысып, ерлік көрсеткен. Бабаларымыз топ бастап, жоңғар басқыншыларының бетін қайтарған. Саңырық батыр бастаған мергеншілер жасағы Бұланты шайқасының алғышебінде болған. Сондықтан да біз осындай батыр баба ұрпағы екенімізді мақтан етеміз, оларға тағзым етеміз, – дейді Бәйдібек ауданынан барған батыр ұрпағы Шырынхан Әбдіхалықов.

– Өткен тарихын білмеген ұлт болашаққа қадам баса алмайды. Сондықтан өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ. Халқымыз азаттық жолында талай күресті бастан өткерді. Соның бастапқы кезеңінде батыр бабаларымыз ел мен жерді қорғау үшін жоңғарларға қарсы текетіресті. Соның негізгісі – осы Бұланты шайқасы. Бұл шайқаста қаншама бабаларымыз ерлік көрсетті. Жан пида етсе де ұлт болып сақталуымызды қамтамасыз етті. Сол себепті де кейінгі толқын олардың қаһармандық ерліктерін білуі керек. Осы мақсатта біз батыр бабамыздың ескерткіш белгісін орнатып, міндетімізді орындадық. Бұл болашақ үшін маңызды деп білемін. Соншама жерді жүріп келіп, батырларға арнайы тағзым етудегі мақсатымыз осы, – деді сырбойылық еңбек ардагері Әнуар Серікбаев.
Бабалар рухына тағзым еткен жандар арнайы Құран бағыштады. Сапарларының сәтті болғанына қуанып, ел іргесінің сөгілмеуіне, ынтымақ, бірлікте болуға тілектестік білдірді.
Иә, бұл да бір тарих, перзенттік парыз. Саңырық батырдың ескерткіш белгісі қойылып, ұлан-байтақ жерді қорғаған бабаларға құрмет жасалды. Өткенді ұмытпасақ, болашақ жарқын болары хақ.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ,
Тереңөзек-Жезқазған-Тереңөзек