Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыстық ардагерлер кеңесінің пленумы өтті

Облыстық ардагерлер кеңесінің пленумы өтті

Бүгін облыс әкімдігінде Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті ІІІ пленумы өтті. Іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, басқарма басшылары мен салалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, аймақтың ардагерлер ұйымдарының белсенділері қатысты.

Пленумда аймақ басшысы өткен жылдың жетістіктері мен алдағы міндеттерді, өңір дамуына еңбек сіңірген азаматтардың үлесін атап өтті.

“Сыр өңірінде адалдығымен, парасат-пайымымен танылған, елі үшін аянбай еңбек еткен азаматтарымыз өте көп. Сіздер қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың сақталуына атсалысып келесіздер. Сол үшін алдыңғы буын ағаларға алғысымыз шексіз. Өткен жылы облысымыздың 85 жылдық мерейлі белесі аясында түрлі форматтағы, жоғары мазмұнды ғылыми-танымдық, мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды. Облыс тарихында ерекше орын алатын тұлғалардың өнегелі өмірі мен еңбек жолын еске алу, ұлықтау шараларын өткізуге мән берілді. Аймақ дамуында өзіндік қолтаңбасы бар мемлекет және қоғам қайраткерлері Исатай Әбдікәрімов, Тәкей Есетов және Қонысбек Қазантаевтың 100 жылдығына орай ғылыми-танымдық конференциялар мен түрлі форматтағы еске алу, ұлықтау шаралары ұйымдастырылғанын атап өткім келеді. Облыс әкімдігі ғимаратының бірінші қабатына «Ел басқарған ағалар, еңбегін елі бағалар» тақырыбымен аймағымызды басқарған басшылардың портреттері ілінді. Мұның көпшілікке, соның ішінде жастарымызға өмірі еңбекпен өрілген, толағай болмысты қайраткер ағаларымызды танытуда маңызы зор деп санаймын”, - деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев өз баяндамасында қарттарды қолдау шаралары туралы айтты. Ұйым егде жастағы азаматтардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, толыққанды өмір сүруіне ықпал жасап келеді. Ардагерлерге арналған түрлі форматтағы іс-шаралар, байқаулар мен экскурсиялар өткізіліп, мерекелерге орай материалдық көмек көрсетілуде және арнайы сыйлықтар таратылуда. Мұнан бөлек, Серік Әбішұлы алдағы жоспарларын бөлісті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кірісі төмен, әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарды қамқорлыққа алу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, республика аумағында «Іскерлік және жанашырлық» пилоттық жобасы қолдау тапты. Жоба осы жылы біздің өңірде де енгізіледі. Сондай-ақ, еш жерге тіркелмеген ардагерлерді бастауыш ұйымдарға есепке алу жұмыстары қолға алынбақ.

Пленумға қатысушылар еркін форматта пікір алмасып, ойларын ортаға салды.

Іс-шара соңында бірқатар азамат өңір дамуына қосқан үлесі үшін Қызылорда облысының "Құрмет грамотасы" және Алғыс хаттармен марапатталды.

©️Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
21 ақпан 2024 ж. 122 0