Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ер-азаматтың абыройының өлшемі – еңбегі, жақсы істері

Ер-азаматтың абыройының өлшемі – еңбегі, жақсы істері

Жанкелді Ойшыұлы Ысқақ. Бұл есім сырбойылықтарға етене таныс. Құрметті, қадірлі һәм ардақты да айбарлы азаматты үлкен-кіші қажырлы еңбегі мен жақсы істері, туралықты ту еткен толымды тірліктері және де байырқалы бастамаларының жүйелі жұмыстармен ұштасып, игілікке үндейтіні үшін үлгі-өнеге етеді. Алғысын жаудырған, ақ ниетін ақтарған сол көпшіліктің ұсынысымен біз де қолға қалам алып, жақсының жақсылығын айтуды жөн көрдік.

Дана халқымыз мұндайда «Жақсыдан – шарапат» дейді емес пе... Оның үстіне абырой биігіндегі аға туралы қалам тербеу іні ретіндегі асыл парызымыз әрі біз үшін зор мақтаныш. Мақтаныш деп айтуға толық негіз бар. Себебі, Жанкелді Ойшыұлымен бүгінде жаңақорғандықтар да, жалағаштықтар да, сырдариялықтар да мақтанады. Дұрысы, мақтан тұтады!

«Менің балалық шағым Жаңақорған мен Жалағашта өтті. Жаңақорғанда туып-өскеніммен Жалағаш ауданындағы №31 мектепте білім алып, алтын ұя мектепті ойдағыдай бітіріп шықтым. Кейін Жамбыл гидромелиорация құрылыс институтында, Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтында және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алдым. Мамандығым инженер-құрылысшы, экономист-менеджер, мұнай-газ ісінің бакалавры және техникалық ғылымдарының магистрі. Алматы зооветеринарлық институтының басқарушы кадрлар дайындайтын бөлімінде де білім алдым» депті өткен күндеріне көз жүгірткен Жанкелді аға мерзімді баспасөзге берген бір сұхбатында.
Иә, Жаңақорған мен Жалағаш ауданы – кейіпкеріміз үшін қай кезде де ыстық, қасиетті, қастерлі. Бірақ әркім өз жақсысын өзіне тартады емес пе! Осы ретте сырдариялықтар да Жанкелді Ойшыұлын біздің ауданның түлегі деп айтады. Оған себеп – ағамыз азамат болып қалыптасу кезеңін, өмірінің ең қымбат сәттерін, жалынды жастық шағын біздің ауданда өткізген. Нақтырақ айтар болсақ, еңбек жолын Сырдария ауданына қарасты Қараөзек совхозында құрылыс шебері болып бастаған. Мұнан соң 1988-1990 жылдары Тереңөзек ауданының агроөнеркәсіп бірлестігінің бас маманы, құрылыс кооперативінің басшысы ретінде еселі еңбек еткен. Жауапты жұмысты жүйелі ұйымдастырып, тиянақтылығымен танылған азамат кейін сатылап өсіп, облыстық деңгейдегі қызметтерді абыроймен атқарды. Халықтың аманатын арқалаған азамат әлі де аттан түскен жоқ, ел игілігі үшін жұмыс істеп келеді. Осы орайда тамыры терең, тарихы кенен Сырдария ауданынан түлеп ұшқан, осы елдің бата-тілегімен өсіп-өркендеген азаматты сырдариялық деп айтуға негіз бар. Әрине, жақсы азаматты біздің жерлес деп меншіктеп айтқанымызбен, бүгінде Жанкелді Ойшыұлы – сырбойылықтарға ортақ тұлға. Аймаққа белгілі айбарлы азамат. Елдікті ту еткен ел ағасы. Ал, Сыр өңірінің ғана емес еліміздің тарихында өзіндік орны бар мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбековтен оң баға алуының өзі бөлек тарих.

«Еркін Нұржанұлының қатысуымен өткен бір жиында құрылыс шебері ретінде баяндама оқыдым. Жиналыстан кейін қабілет-қарымымды байқаса керек-ті, прораб қызметіне ауысуыма пәрмен берді. Міне, ол кісінің осындай қамқорлығын көрдім» деп еді Жанкелді аға бізге бір сапарда. Сол сапардан кейін ағаға құрметіміз бұрынғыдан да арта түсті. Еркін Әуелбековтей дара тұлғадан оң баға алу жалынды жастың жолын ашты. Тереңөзектегі құрылыс кооперативінің басшысы қызметінен кейін 1990-1994 жылдары облыстық ауылшаруашылығы басқармасының құрылыс бөлімінің бас маманы, басшысы қызметтерін атқарды. Сондай-ақ 1994-1996 жылдары «Гауһар» КЖК директорының орынбасары, 1996-2001 жылдары «ОSТ» ЖШС директоры ретінде елдік істерге араласып, бастамашыл, іскер, мақсатшыл қабілет-қарымымен көпке танылды. 2001 жылы «Қызылорда аз тонналық мұнай өңдеу зауыты» ЖШС негізін қалап, өңірдегі өнім өндіретін бірегей кешенге айналдырды. Жаңа жұмыс орындарының ашылуына, кәсіпкерлік көкжиегінің кеңеюіне ұйытқы болды.

Жанкелді Ойшыұлының депутат ретінде атқарған жұмысы нәтижелі. Мәселен, аққұмдықтар облыстық мәслихат депутатына дән риза. Аққұм елді мекенінде балалар білім алатын мектеп бой көтерді, медициналық бекет те ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Автокөлік жолы салынды. Осындай жұмыстардың басы-қасында жергілікті атқарушы орган басшыларымен бірге Жанкелді Ысқақов ағамыз жүрді. Оның бағасын халық біледі. Лайықты бағалап, көзкөргендер әркез айтып отырады. Айта берсе, бұдан өзге де өміршең іс­тері көп. Со­ның бірі – шаруа қожа­лықтардың қыс­­тауына күн сәуле­сінен электр қуат алатын панельдер орнатуға бастамашыл болғаны. Мен азаматтың тағы бір айшықты ісіне тереңірек тоқталғым келеді.

...Былтыр Аманжол Сақыпұлы бастап Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен бардық. Әкімдіктегі ресми кездесулерден соң аудандық газет редакциясын аралап, әріптестерімізбен пікірлестік. Жанымда Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің бас редакторы Кенжетай Қайрақбаев та бар. Түскі ас уақытында Кенжетайға ұсыныс, жаңақорғандық журналист Мақпал Пәтеноваға бұйымтайымды айттым. Ол бұйымтай – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, өзі өмірден өтсе де өлеңдері халық жадында сақталып қалған Адырбек Сопыбековтің қарашаңырағына барып, ақынның жары Шәрипа әжеге сәлем беру еді. Кенжетай қолдап, Мақпал қоштап, Жаңақорған аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінованың көлігімен ардақты ақынның қарашаңырағына табан тіредік. Бүгінде ел анасы атанған Шәрипа әже бізді жылы шыраймен қарсы алды. Жүздесуде ақынның өлеңдерін оқып, шығармашылығы жөнінде ой бөлісіп, жарыққа шыққан кітаптарымен таныстық. Естелік суретке түстік. Сондай-ақ ақынның жары деген аяулы атқа кір шалдырмаған ағеден көңілді, аппақ ниетті Шәрипа әжеміздің ақ батасын алдық. Сонда Шәрипа әжеміздің «Бәріне шүкіршілік етемін. Адырбектей ардақты азаматқа жар болдым. Бақыттымын. Айналайын, айтарсың, жазарсың, мен мына өмірде екі азаматқа шын ризамын. Бірі – Жанкелді Ойшыұлы, екіншісі – Руслан Рүстемұлы. Алла абыройларын арттырсын, қай тарапта, қай талапта жүрсе де аман жүрсін» деп тебіренгені есімде.

Ақ жаулықты ананың тебіренетіндей реті де бар еді. Өйткені екі азаматтың бірлесе, біріге жүзеге асыруымен «Адырбек» кітабы 1000 данамен жарық көрді, сондай-ақ облыс әкімдігінің қолдауымен ақынның есімі аудандық кітапханаға берілді. Бұл – ақынға қойылған ескерткіш, мәңгі өшпейтін, құндылығын жоймайтын тарихи еңбек! Ал, оның түпкі бастауында рухы биік руханиятшыл азаматтардың тұрғаны біз үшін үлгі-өнеге...

Жалпы жаны жайсаң Жанкелді ағамыздың еңбегі мен жақсы істері жөнінде көлемді етіп жаза беруге болады. Біз тек бірқатар еңбегіне ғана шолу жасадық. Бірақ оның барлығы бізге дейін де жазылды, бізден кейін де жазылатыны анық. Ең бастысы, ер еңбегін ел-халық біледі, жұртшылық жоғары бағалайды. Азамат үшін одан асқан бақыт жоқ шығар. Мен бүгінгі ой-пікірімді Жанкелді ағамыздың түйінді сөзімен қорытындылағым келеді. Бұл сөздер әрбір перзенттің әнұраны да, жанұраны да болатындай салмақты сөздер.

«Өмірдегі ұстазым, үлгі тұтар тұлғам – әкем. Әкем білікті маман ретінде Жаңақорған, Шиелі, Қармақшы, Жалағаш және Қызылорда қаласында қажырлы еңбек етті. Негізгі мамандығы – инженер-механик болатын. Менің қызмет жолымда бағыт-бағдар көрсеткен ұстаздарым да аз болмады. Бірақ әкемнің жүріп өткен өмір жолы мен үшін үлкен сабақ болды».

Шіркін, әр перзент ата-анасын Жанкелді ағамыздай құрметтеп, қадір тұтса, құндылықтарымыз құлдырамас еді. «Ер-азаматтың абыройының өлшемі – еңбегі, жақсы істері» дейтін болсақ, Жанкелді Ойшыұлының абыройы асқақ, беделі биік. Сол асқақ абырой аласармасын, Сырдариядан түлеп-ұшып, елдің бата-тілегімен, ақ ниетімен сырбойылықтарға ортақ тұлғаға айналған азамат беделдің биігінен көріне берсін!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
20 ақпан 2024 ж. 205 0