Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көз – адамның айнасы

Көз – адамның айнасы

Көз – адам жанының айнасы. Иә, жүрегіміздің жабырқаулы жайын, қуанышымыз бен қорқынышымызды, сенім мен күдігіміз сынды сезімдеріміздің бәрі көзімізден байқалады. «Екі көзің – шырағың» демекші, адамзат баласы ақпараттың 90 пайызын көзі арқылы қабылдайды.

Мамандардың болжамы бойынша, 2050 жылға қарай әлем жұртының жартысы алыстан көру қабілетін жоғалтуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикалық мәліметіне сүйенсек, көз ауруларының 80 пайызын емдеуге болады.

Бүгінгі таңда көз ауруының машақатын тартып келе жатқан адамдар жетерлік. Сонымен қатар көз ауруларының түрі де жылдан жылға көбейіп келеді. Алыстан немесе жақыннан көрмеу, жас арналардың бітелуі, глаукома, көз қысымы, тағы басқалары. Әр ауру түріне түрлі сыртқы фактор әсер етуі мүмкін. Сол аурулардың бірнешеуіне тоқталып өтсек.

Көз ауруының ең қатерлісі, асқынған түрі – глаукома. Сондықтан көздің бұл ауруын халық арасында «көксу» немесе «суқараңғы» деп атайды. Суқараңғы – көздің ішкі қан қысымының жоғары көтерілуінен болатын созылмалы көз ауруы. Глаукома ауруының екі түрі бар, олар ашық және жабық түрлері. Егер дер кезінде дәрігерге қаралып емделмесе, адамның көру қабілеті нашарлап, соқырлыққа әкелуі мүмкін. Суқараңғы 40 жастан асқан адамдар арасында пайда болады, кей жағдайларда жас балаларда (іштен туа бітті) және жасөспірімдерде кездеседі. Глаукома жұқпалы ауру емес, бірақ тұқым қуалайды. Аурудың бастапқы кезеңінде көздің алды тұманданып, жарыққа қарағанда «кемпірқосақты» көргендей белгілер байқалады. Көз алдындағы затты анық көре алмайды. Аталған белгілер бастапқыда бір көзде байқалады. Әсіресе азанғылық 1-3 сағаттай көз, самай және маңдай тұсын бір нәрсе қысып тұрғандай әсер байқалады. Суқараңғы аяқ астынан да дамуы мүмкін. Бұл жағдайда бір жақ көз, бас қатты ауырады. Науқастың көзі қызарып, қабағы ісінеді, көру қабілеті нашарлайды. Кейде адамның жүрегі айнып, құсады. Глаукоманың алдын алу үшін 40 жастан асқан адамдар жылына 1 рет көз қысымын тексертіп тұрғаны абзал.

– Көз ауруының зардабын көріп келе жатқаныма 24 жылдың жүзі болыпты. Мендегі көз ауруы – глаукома. Бір жақ көзім көрмейді. Жылдың төрт мезгілінде арнайы көзілдірік киіп, көзімді байлап жүремін. Кішкене жел болса көзім ауырып, аштырмайды, сыр бере бастайды. Қазіргі таңда тұрақты түрде дәрі тамызып, уақытында ауруханаға жатып ем қабылдаймын. Уақытында ем қабылдамасам да болмайды. Бұрындары ауруханаға жатқанда үлкен кісілерді көптеп кездестіретін едік, қазіргі таңда жастардың көбі көз ауруының зардабын көріп жүр, – дейді кент тұрғыны С.Тәженқызы.

Көзге ақ түсу, лейкома – көздің қасаң қабағының ауруы. Бұл ауру жарақаттанудан, қабынудан, көзге шыққан түрлі жарадан болады. Шешек, туберкулез, қызылша ауруларының асқынуынан қасаң қабаққа ақ дақ пайда болып, ол кейде беріштеніп бітуі мүмкін. Бұның себебінен көздің көруіне нұқсан келеді. Көздің көруі ақ қасаң қабақтың қай жеріне түскеніне, оның көлеміне байланысты. Егерде ақ қарашыққа түссе, адам көрмей қалады. Көзге түскен ақ дәріге жазылмаса, хирургиялық операция жасалады.

Түсті ажырата алмау, яғни дальтонизм жайлы естуіңіз бар ма? Бұл – көздің көру қабілетінің бұзылуы нәтижесінде түсті ажырата алмаушылық. Дальтонизмге шалдыққандардың жасыл және қызыл түстерді сезінуі төмендейді және мүлде жойылады. Соның салдарынан айналадағы заттардың түрлі-түсті көріністерін теріс қабылдайды. Дальтонизм туа буткен және жүре пайда болады. Туа біткен дальтонизм ерлерде тұқым қуалайды. Ал, жүре пайда болатын дальтонизм көздің немесе орталық жүйке жүйесінің ауруға шалдығуынан болады. Сол себепті түсті ажырата алмау белгілері байқалған жағдайда дереу көз дәрігеріне қаралған жөн.

Бүгінде еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін көз ауруына жиі ұшырап жатады. Қазіргі таңда гаджеттер мен смартфонға телмірген балалардың көруі нашарлап бара жатқанын мамандар да растауда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратынша, әлемде көзі нашар көретін 284 миллион адам болса, оның 19 миллионы балаларды құрайды. Әр минут сайын өсіп келе жатқан жас ағза үшін бірқалыпта қозғалмастан әрі ұзақ уақыт отыру өте қауіпті. Бұл тұста ата-аналарға ұялы телефонды қолдану уақытын шектеп, әрбір жарты сағат сайын дене жаттығуларын жасауды қадағалау ұсынылады.

Сонымен қатар нашар экологиядан да көз жанары зардап шегеді. Қоршаған ортада көзге көрінбейтін түрлі улы газдар, шаң-тозаң, түтін мен химиялық заттар да өз кезегінде біздің көзімізге зиянын тигізуде. Және де ультракүлгін сәулелер де көздің тор қабатына зор зиянын тигізеді. Мұндай көзге көрінбейтін сәулелер күн көзінен яки смартфон, теледидар, компьютер экранынан бөлінуі мүмкін. Өз кезегінде көздің беткі қабатын кептіріп, содан қызару пайда болады. Кейде «ауруды өзіміз сатып алып жатырмыз ба?» деген ой келеді.

Қазіргі таңда жеп отырған өнімдеріміздің де көзге әсері бар. Иммунитеттің түсуі, зиянды және ащы тағамдар көз көруін нашарлата түссе, дәруменге бай өнімдер мен балық және құс еті көздің көруін жақсартады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, көз дәрігеріне алты айда бір, қалыпты жағдайда кемінде жылына бір мәрте тексеріліп тұру керек. Көзімізге күтім жасау аса маңызды.


Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
Фото: kk.inditics.com
23 қаңтар 2024 ж. 241 0