Көпшілік неге көзәйнекке тәуелді?
Көпшілік жиындарда немесе бір топ оқушы арасында байқасаңыз, үш адамның біреуі көзілдірік тағады. Мұндай көрініс кейінгі уақыттарда жиі байқалып жүр. Оның себебін мамандар соңғы кезде смартфондар мен гаджеттердің жиі қолданылу әсерінен деп түсіндіреді. Әсіресе, мектеп оқушылары арасында көздің нашар көруі әлемді әбігерге салған пандемия уақытындағы онлайн оқу кезінде жиілеген.
КӨЗ – АДАМНЫҢ АЙНАСЫ
Көз жанары – адамның ең нәзік әрі ең маңызды ағзасының бірі. Дамыған медицина түрлі ағзаны ауыстырудың небір жолын тапқанымен, жалғыз ғана көздің қарашығын ауыстыру мүмкін емес. Қазақ танымындағы «көзімнің қарасындай» деген тіркес осы ерекшелікке бағыттала айтылса керек.
Көз ауруларының түрі көп. Алыстан яки жақыннан көрмеу немесе жас ағатын арналардың бітелуі, көз қысымы, глаукома, тағы басқалары. Әр ауру түріне түрлі сыртқы фактор әсер етуі мүмкін. Онымен қоса тұқым қуалайтын көз аурулары да кездеседі. Көзде пайда болатын жайсыздық пен көз ауруларының пайда болуына әсер ететін негізгі себеп – жоғарыда айтып өткеніміздей, смартфон мен гаджеттердің экранына ұзақ уақыт телміру. Одан кейін нашар экологиядан да көз жанары зардап шегеді. Айналамызда көзге көрінбейтін түрлі улы газдар, шаң-тозаң толып жатыр. Түтін мен химиялық заттар да өз кезегінде біздің көзімізге зиянын тигізеді. Бала күнімізде ата-анамыз «Шалқаңнан жатып кітап оқыма» деп жиі ескертетін. Жатып кітап оқу кезінде жас дұрыс бөлінбей, көздің мүйізгек қабығы зардап шегіп, жайсыздық туындайды. Бұл өз кезегінде көздің көруін нашарлататын бірден-бір себеп болуы мүмкін. Және де ультракүлгін сәулелер де көздің тор қабатына зор зиян тигізеді. Ондай көзге көрінбейтін сәулелер күн көзінен яки смартфон, теледидар, компьютер экранынан бөлінуі мүмкін.
ЖАНАРЫ СОЛҒЫН ЖЕТКІНШЕКТЕР
Көздің нашар көруі үлкендерден бөлек кішкентай балалар мен мектеп оқушылары арасында жиі кездесіп отырғаны көңілді күпті етіп тұр. Цифрлы заман ұрпақтарының көру қабілеті нашарлап бара жатқанын мамандар да бір ауыздан растауда. 2022 жылғы есеп бойынша көзі нашар көретін оқушылардың саны 2020 жылғы есеппен салыстырғанда үш есеге артқан. Бұл дегеніңіз дабыл қағарлық жағдай. Сондықтан да Үкімет Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктеріне оқу үрдісінде денсаулыққа зияны аз технологияларды іріктеп, енгізу туралы тапсырма берді. Балалардың телефонға телміруінен жүйке жүйесі зақымдалып, омыртқасы қисаю жағдайы да жиі кездеседі екен. Бұл тұста ата-аналарға баланың ұялы телефонды қолдану уақытын шектеп, әрбір жарты сағат сайын дене жаттығуын жасауын қадағалау ұсынылады.
«Ауру – астан» дегенді халық даналығы дөп басып айтқан. Қазіргі таңда жеп отырған өнімнің көзге де әсері зор. Иммунитеттің түсуі, зиянды және ащы тағамдар көз көруін нашарлата түседі. Есесіне, дәруменге бай өнімдер мен балық және құс еті көздің көруін жақсартады. Өкініштісі, ата-аналар баланың көзі нашар көретінін дер уақытында анықтамайды екен. Бала көзінің дұрыс көрмейтінін уақытылы байқамайды, ал бұл жағдайдан ата-ана мерзімді тексеріс кезінде ғана хабардар болуы мүмкін.
АУЫРЫП ЕМ ІЗДЕГЕНШЕ...
Бір қалыпта қозғалмастан әрі ұзақ уақыт бойы отыру әр минут сайын өсіп келе жатқан жас ағза үшін өте қауіпті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратынша, әлемде көзі нашар көретін 284 миллион адам болса, оның 19 миллионын балалар құрайды.
Қазіргі таңда кең қолданыстағы гаджеттердің экранынан жарық, жылу, электромагниттік толқындар бөлінеді. Бұлар өз кезегінде көздің беткі қабатын кептіріп, содан қызару пайда болады.
Көздің нашар көруін емдеу ұзақ процестен тұрады. Оның үстіне, дәрімен бұл мәселені түбегейлі шешу әсте мүмкін емес. Линза яки көзілдірік тағу да мәселенің түпкі себебімен күреспейді. Осы ретте, сынған, қисайған көзілдірік көру қабілетін мүлде нашарлататынын ескерте кеткен жөн. Ал жұқа пленка секілді линзаны ұзақ пайдалану өте зиян.
Көздің нашарлауын емдеудің бірден-бір жолы – лазерлік коррекция жасату. Бірақ қазіргі таңда көп тараған бұл отаның да өз алдына тиімді жағымен қоса назарға алуды қажет ететін жақтары бар. Ең алдымен, лазерлі коррекция тек 20 жастан асқан адамдарға ғана жасалады. Дәрігерлердің айтуынша, адам көзінің қарашығы осы жаста толықтай өсуін тоқтатады екен. Лазерлі коррекция офтальмологияда 30 жылдан бері ұтымды әдіс ретінде қолданылып келеді. Бұл әдіс арқылы әлемде 28 миллион адам көз жанарының жүз пайыздық көру қабілетін «қайтарған». Айтпақшы, лазерлі коррекцияның құны көпшіліктің қалтасына оңтайлы келе бермейді. Сондай-ақ, көз ауруының түріне қарай коррекция жасатуға болмайтын жағдайлар да кездеседі.
ТҮЙІН
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Көз дәрігеріне алты айда бір, қалыпты жағдайда кемінде жылына бір мәрте тексеріліп тұру керек. Сондай-ақ, дәрумендер қабылдау да маңызды. Адам ақпараттың тоқсан пайызын көз арқылы қабылдайды. Сондықтан көз жанарының саулығы үшін өз денсаулығымызды ұдайы бақылауда ұстау қажет. Көзімізге «оң көзбен» қарап, күтім жасау маңызды. Сонымен қоса, күнделікті жаттығулар жасау да ұсынылады.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ