Тіл үйірер ауылдың дәмі
Сырдария ауданының аумағында орналасқан әрбір ауылдың ел ауызында жүретін өзіндік бренді қалыптасқан. Анығын айтқанда, Айдарлының тарысы секілді іңкәрдариялықтардың қауын құрты мен қауын ішегі әлі күнге сұранысқа ие. Қыз бұрымы секілді қаз-қатар өрілген ерекше дәмді дайындайтын Сәрсенкүл Салықбаева ел алғысын арқалаған жан.
Биыл 71 жасқа келетін ардақты ана қауын құрт пен қауын ішекті 25 жылдан бері жасап келеді. Дәмі тіл үйіретін айрықша өнімді дайындаудың әдіс-тәсілі бар. Бізбен әңгімелесу барысында Сәрсенкүл апа қауын құрттың жасалуын жан-жақты айтып берген еді.
– Қазақ қоғамында ысырапшылдыққа еш уақытта жол берілмеген. Ауыл адамы қашанда қолда барды жаратып, қамбаға түскен өнімді кәдеге жаратуға тырысады. Бұл ретте, іңкәрдариялықтар жаз бойы егістік басынан табылып, қауын-қарбыз егуді әдетке айналдырған. Диқаншылық кәсіппен айналысатын балаларымның еңбегін еш кетірмеу мақсатында сатылымнан артылған өнімнен қауын құрт пен қауын ішек жасағанды жөн көремін. Ең алдымен, қауын құрттың әзірленуін айта кетейін. Шырыны жақсы қауыннан, яғни әңгелек немесе әміреден қауынқұрт дайындалады. Қауынды арнайы тіліктеп, үлкен қазанға салып қайнатамыз. Оның қайнатылуына бір күн уақыт кетеді. Үнемі қазанды араластырып отырмаса, түбі жабысып қалуы мүмкін. Оттың қызуына мән берілмесе қауын қарайып кетуі ықтимал. Суы тартылып, қоюланған тұста қазанға талқан салынады. Талқанды былғап отырып, түйір болмас үшін қауынның бойына сіңіреміз. Түнде қазаннан түскен шырышты өнімге таңертеңгілік суы сарқылған құртты қосамыз. Қоңыр түске енген қауынға құрт араласқан сәтте бозарады, сосын сары түске айналады. Негізінен, 3-4 күн кептірілген қауын құрт дайын ас болып шыға келеді, – дейді аяулы ана.
Бүгінде 4 ұл, 1 қыздан 16 немере сүйіп отырған ақылман әже қауын құртты дәмді етудің жолын анасынан үйренген екен. Өзі шаруа отбасынан шыққан. Осыдан 16 жыл бұрын бақилыққа аттанған Құдай қосқан жолдасы Мергенбай балалардың ала жаздай еккен өнімін үйлестіру үшін үнемі жарына қолғабыс ететін. Қазіргі уақытта бар білгенін қызы мен келіндеріне үйрететін Сәрсен апаның қолынан шыққан қауын ішектің дайындалуы мүлдем ерекше.
– Жұмсақ қауыннан біз жасайтын өнім шықпайды. Оған қатты болып пісетін торлама қауын керек. Торлама қауынды екі жағынан кесіп алған ыңғайлы. Дөңгелектеп кесілген қауын дәнінен ажыратылады. Қабығынан аршылған қауын қаз-қатар бақанға кигізіле береді. 3-4 күнде кепкен қауын ішекті қарбыздың суымен жуамыз. Суы сарқылып, шірештеген қауын ішекті қыз бұрымындай өреміз. Әбден кеуіп, бабына келген оны арнайы ыдыста сақтаймыз, – дейді ақылман ана.
Расында, ауыл адамының татқан бейнеті қашанда өлшеусіз. Жылдар зымырап өтсе де, күнделікті тіршіліктен айнымайтын олардың қазаны оттан түспеген. Сәрсен апаның қауын құрты мен қауын ішегі жұртшылық арасында өтімді. Қос өнімнің нарықтағы бағасы 3500 теңгені құрайды. Аттай қалап алдыртатын ағайынның арасында қос өнімнің бағасы құнды. Шыбын-шіркейге қалдырмай, жаз бойы қауын-қарбыздан дайын өнімді жасап шығаратын әзиз жанның бойына Алла Тағала қуат берсін демекпіз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ