Сүйіспеншілік кілті – сыйлықта
Тек қана мереке немесе атаулы күндерде ғана емес, былайғы уақытта жақын-жуыққа, туған-туыс пен әріптестерге сыйлық беріп, қуанту – сауапты іс. Сыйлық сыйлау және алу мәдениеті туралы ислам дінінде белгілі шарттар бар. Асыл дініміз сый беру адамдар арасын жақындатып, реніш пен өкпені сейілтіп, сыйластықты арттырады деп, мұсылмандарды бір-біріне мейірімді болуға бағыттайды. Сыйлық – ол ілтипат, бір адамның екінші бір адамға шынайы ықылас көпірі. Сыйлық берудің де, алудың да өзіндік мәдениеті бар.
Біреуді қуанту үшін сыйлаған затыңды шын ниетпен, адал көңілмен беру орынды. Сондай-ақ сыйлық бермек болған адамыңа қажетті немесе талғамына сай келетін зат таңдау – сауап. Ал жейтін нәрсе сыйлау – несібені арттырады. Сыйлық берудің астарында жылы шырай, құрмет, хал сұрау, көңіл аулау, қуанышты бөлісу секілді небір нығметті істер астасып жатыр.
Сонымен қатар сыйлықты қабылдай алудың да өзіндік мәдениеті бар. Кейбіреулер яки ұялғаннан болар, сыйлық берсең, шыр-пыр болып бас тартып жатады. Бұл – мұсылманшылыққа жат қылық. Сізге арнап көңілін білдіріп сыйлық берді ме, оны лайықты түрде қабылдай алу керек. Иә, қысылғаннан «несіне әуре болдыңды» бәріміз айтып қалып жатамыз. Десе де, алған затыңның жақсы дүние екенін яки ас болса, дәмді екенін айтып, сыйлық берушіге ілтипат білдіру қажет. Бұл да – мәдениеттілік белгісі. Сондай-ақ берген сыйды місе тұтпай, берушінің көзінше бір бұрышқа ысыра салу – тәрбиесіздікті көрсетеді. Бұлай сыйлық алмасу екі тарапты жақындатудың орнына, бет-бейнелерін ашып береді. Міндетті болмаса да, сізді қуанту үшін берілген кішкентай болса да сыйды үлкен ілтипатпен қабыл алу – көрегенділік белгісі. «Мені қойдың жамбас етін пісіріп шақырса да, сирағын асып шақырса да, жауап берер едім және сыйға тартылса, қабыл етер едім» деген екен Алла елшісі бір хадисінде.
Сондай-ақ сыйлықты сыйлықпен қайтару яки келесі жолы сол адамға сыйлық беруге тырысу да маңызды. Бұл да – мұсылманшылық белгісі деуге негіз бар. Себебі бір адамның өзіне жасаған ілтипатын ұмыту адами қасиетке жатпайды.
Қонақжай қазақ халқында сый алу, сый беру дәстүрі лайықты көрініс тапқан. Десек те, жоғарыда айтқанымыздай сыйлықты көңіл үшін емес, міндет үшін ғана беру жиі кездесетін секілді. Кей тойдағы қос тараптың бір-біріне беретін және еш пайдаланылмай құдалықтан-құдалыққа өтіп жүретін киттер еске түскенде, осыны айтуға болады. Өзбекстан мен Қытайдан келген, бағасы арзан, көзді алдайтын «Түркиялық өнім» деген жазуы бар дүние сататын дүкендер желісі – сөзімізге дәлел.
Кісі қай істі де асқан ықыласпен, ықтияттылықпен жасаса, сол ісі өнімді әрі берекелі болмақ. Адамның пейілі және ниеті – өзіне жасаған «инвестициясы» деуге негіз бар. Себебі кімге қандай ниетте іс қылсаң, әділетті Жаратушы дәл соны өз алдыңа еселеп қайтарады. Ендеше сыйлық сыйлап, жақындарыңызды қуантып әрі үлкен сауапқа кенеліңіз!
А.Мұханбетқали
Фото: ашық дереккөзден