Сыйлық таңдау – талғамыңыздың айнасы
Әдетте адамдар белгілі себеппен ғана жақындарына немесе таныстарына сыйлық беріп жатады. Дегенмен сыйлықты тек мейрам, туған күн, мерейтой кезінде емес күнделікті тұрмыста да ұсынуға болады. Бастысы, сізде адамның көңілін көтеру, қуаныш сезімін сыйлау ниеті болса болғаны.
Адамның өмірінде қуанышты жағдайлар жиі кездеседі. Мұндайда адам қуанышын жақын адамдарымен бөлісуді жөн көреді. Халқымызда осындай сәтте жарасымды дәстүр сақталған, яғни сыйлық ұсынып, сол адамға деген сүйіспеншілігіңді, құрметіңді көрсету. Сыйлық алған адам сіздің ілтипаңыз арқылы қамқорлығыңызды сезініп, рухани шабыттанып, көңіл-күйі көтеріледі. Сондықтан әрбір адам өзі қадір тұтатын адамына арнайы күнді күтпей, сыйлық ұсына білуді үйренсе адамгершілік қасиетіңіз де арта түседі.
Негізінен, сыйлықты ұсынуда қай кезде, кімге және қандай затты сыйлау керектігін білудің маңызы зор. Сондықтан ең алдымен сыйлықты қай кезде берген жөн деген сауалға жауап іздеп көрелік.
Ең алдымен көз қуанышыңыз балаларға және жас адамдарға сыйлықты жақын адамдары туған күніне, мектепті аяқтағанда, аттестат, диплом алғанда, жаңа жылда ұсынған жөн. Ал ересек адамдарға туған күнінде, үйлену тойында, жаңа жылда, үйленген күннің мерейтойларында, яғни 25 жылдық күміс той, 50 жылдық алтын той, 75 жылдық бриллиант тойда ұсынған дұрыс. Әйел адамға сыйлықты 8 наурызда берген жөн. Негізінен, іс-сапардан немесе саяхаттан оралғанда базарлық әкелу сыйлық ұсынудың бірден-бір дәстүрі. Туысқан адамдар басқа ауылдан, қаладан қыдырып келгенде бала-шағаға арнап тәттілер, ойыншықтар, үй иесіне қандай да бір сыйлық зат, мәселен гүл шоғын ұсынғаны артық етпейді.
Ал енді кімге қандай сыйлық ұсыну керек дегенді талдап көрелік. Сыйлық аты айтып тұрғандай сый ретінде ұсынылатын зат. Оның бағасы, қымбат немесе арзан болуы, пайдалы аса қажетті дүние болуы міндетті емес. Алайда сіздің сыйлығыңыз адамның талғамына, қалауына сай келуі керек. Сыйлықты таңдағанда одан өз талғамың мен қарым-қатынасың көрініс беруі тиіс. Сыйлықтың құны әркімнің мүмкіншілігіне байланысты. Қымбат сыйлықты бірнеше адам бірігіп алса жақсы. Мәселен, теледидар, тоңазытқыш, кілем т.б. Мұндай бағалы затты ұжым болып бірігіп сатып алып, жаңа қонысқа көшкенде, үйлену тойына, мерейтойға, зейнетке шығарып салу рәсімінде ұсынған абзал. Кейде адамдар тек қымбат заттарды ғана жақсы, әрі әдемі деп санайды. Бұл есеппен жүретін, түйсігі таяз, адамгершіктен жұрдай адамның ойы. Ал дұрысында ешбір жерден сатып алуға болмайтын сыйлықтар – арнау өлең, әдейі салынған картина, шығарылған ән, қолданбалы өнердің кез келген заты ең қымбат сыйлық екені рас. Осы ретте, сыйлықты талғаммен таңдай білу қажет дегенді ұмытпау керек. Яғни, сыйлық беруші мен сыйлық алушының талғамы сәйкес келсе тіптен жақсы.
Негізінен отбасы мүшелеріне сыйлық ұсыну оңай. Өйткені сіз оларды немен қуантатыңызды жақсы білесіз. Сыйлықтың түрі де әралуан болуы мүмкін. Ол отбасының барлық мүшелері пайдаланатын шаруашылық заттарынан басқа, гүлден басталып, киім-кишекпен аяқталады. Бірақ сыйлықтың түрі оның қандай мерекеге орай ұсынылатынына байланысты. Мәселен, ер адам анасына немесе әйеліне 8-наурызға ас үйге қажетті нәрселер ұсынса, ол үйдегі әйелзатының міндетін ескерткендей болады. Мұндай қажетті дүниені жаңа үйге көшкенде сыйласа, нәзік жандылар сыйлықты қуанышпен қабылдайды. Себебі, шаңсорғыш, ыдыс-аяқ т.б секілді тұрмыстық заттар жаңа үйдегі жаңа өмірдің бастамасы секілді болып көрінеді.
Көбіне ер азаматтар өздерінің сүйіктісіне туған күніне сыйлық іздеп жүреді. Сондықтан олардың әйеліне ең қажетті көз тартатын затты сыйлауға кеңес берер едік. Жалпы, зергерлік әшекейлер, әтірдің жаңа түрі, әдемі сырт киім т.б.
Келесі кезекте балаларға қандай сыйлық ұсынуға болатынына тоқталсақ. Балаларға сыйлық ұсынарда олардың жас ерекшелігі маңызды. Ойыншықтарды таңдағанда ерекше мән берген дұрыс. Себебі, ойыншық баланың рухани дамуына ықпал етеді. Сәбилерге ойыншық аларда түсіне, кескініне қарау керек және кірлегенде оңай жуылатынын ескерген жөн. Сурет салатын қарындаш, түрлі түсті бор, ермексаз, мектепте оқитын балаларға кітап, оқу құралдары жақсы сыйлық болады. Балаларға сыйлық ұсынғанда сыртқы қорабы сәнді болуына мән беру керек. Баланың қуанышын еселей түскіңіз келсе, арманындағы велосипедті алып берсеңіз болады.
Сыйлық ұсыну – әдептіліктің, сыйластықтың белгісі. Әсем гүлді сыйлыққа алғанда қуанбайтын жан жоқ. Әрбір гүл өзінше әдемі. Қандай оқиға болмасын адаммен бірге гүл жүреді. Кейбір дәстүр, әдет-ғұрыптар гүлмен байланысты. Үйлену тойында тазалық пен адалдықтың бейнесі ретінде ақ түсті гүл ұсынылады.
Жалпы, салтанатты жағдайда және әдеттегі отбасылық мейрамда, дағдылы күндері өздеріңіздің достарыңызға барғанда қолыңызда гүл болғаны дұрыс. Тоқсан ауыз сөздің қорытындысы сыйлықты ұсынғанда қысқаша тілек айтып ұсынған ерекше әсерлі болады. Бірақ бұл айтылған сөз сыйлықтың құндылығы жайында болмауы тиіс. Бастысы – шын ниетпен қуанту – ең бағалы сыйлық.
Бибісара ЖАНӘЛІ