Сүйекке кіру сүннет пе?
Сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанған халқымыздың салт-дәстүрлерінің ішінде мүлтіксіз орындалуға тиіс міндеттер бар. Сол міндеттердің қатарына мәйітті ақтық сапарға дұрыстап шығарып салу, яғни жуындыру да кіреді. «Әр елдің салты басқа» десек те бұл парыздың жауапкершілігі баршаға ортақ.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары марқұм болған адамды жуындырудан қашатындар көбейді және олар түрлі сылтау айтады. Бірі денсаулығының нашарлығын алға тартса, енді бірі жұмысбастылығына сүйенеді. Ал келесі бір топ қолы бос, мүмкіндігі жете тұра қорқасоқтап немесе өзін әлі жас сезініп, бұл міндетті орындамау үшін түрлі амал-әрекет жасайды. Салдарынан ағайын-туыс арасындағы жақындық алшақтап, құндылықтарымыз да құлдырап бара жатқандай... Мұны ҚМДБ қарасты аудандық мұсылмандар мешітінің өкілдері де растайды. Бұл, әрине дұрыс емес. Өйткені әрбір мұсылман адамның келесі бір мұсылманның, оның ішінде жақын туысының алдында міндетті парыздары бар. Бұл шариғат талаптарында анық та айқын жазылған.
– Парыз амалдар «парыз айын» және «парыз кифая» болып екіге бөлінеді. Әрбір мұсылманның өзінің орындауы міндетті амалдар «парыз айын» деп аталады. Ал парыз кифаяға келер болсақ, әр мұсылманға жеке-жеке міндеттелмеген, мұсылмандардың арасынан бір топ атқарса басқалары жауапкершіліктен босатылатын амалдар «парыз кифая» деп аталады. Парыз кифая амалдарды ешкім орындамаса, онда бүкіл қоғам жауапты әрі күнәһар болады. Марқұмның артындағы жақындарына мәйітті жуу – парыз кифая. Бұған ерекше мән бергеніміз дұрыс, – дейді аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Нұрсұлтан Болатбеков.
Әрбір тірі жан иесіне өлім хақ екені анық. Дәлелдеуді қажет етпейтін бұл аксиомаға ертелі-кеш әрбір адам бойұсынады. Ал өмірге келу мен өмірден өтудің аражігін әркім әрқалай түсініп, бағамдайды. Сондықтан да көнекөз қариялар қандай да бір зираттың жанынан өткенде «Сіздер де біздей болғансыздар, біз де сіздердей болармыз» деп іштей дұға етіп, бет сипайды. Осы ретте «өлген адамнан емес, тірі адамнан қорқу керек» деген сөздің де астары бар. Кейбіреулер мәйітті жуындыруды қорқыныш санағанымен, ерте ме, кеш пе өзгелердің де өзін жуындырып, ақтық сапарға аттандыратынын ойлауы қажет.
Тереңөзектік ағайын-туыстың құдайы-асы мен тойында әркез бірлікті, ынтымақты насихаттап жүретін Аябек Ордабеков ағамыздың есімі аудан халқына белгілі. Алпысты алқымдаған азамат соңғы жылдары мәйітті жуындыруға кіретін адам табудың қиындығымен бетпе-бет келіп жүр.
– Бүгінде алпыс жастан астық. Ептілігімізді білетін үлкен-кіші қиналғанда хабарласып, көмек сұрап жатады. Өзім ешкімді бөліп-жармаймын. Мүмкіндігіме қарай ағайын-туысқа қызмет етіп келемін. Осы ретте көп марқұмның өмірден өткенін жақындарына естіртуден бастап, оны ақтық сапарға абыроймен шығарып салу жұмысына талай рет атсалыстым. Соңғы кездері әсіресе әйел кісілер өмірден өткенде сүйекке кіретін адам таппай қиналамыз. Кей азаматтардың үйіндегі әйеліне сөзі өтпей ме, әлде өзі де селқос қарай ма, түсініксіз жағдайлар орын алады. Осындайды көріп-білгенде қазақтығымыз, мұсылманшылығымыз туралы тереңірек ойланамын, – дейді Аябек аға бізбен әңгімесінде.
Расында да бұл жағдайдың қоғамдағы өзекті мәселелердің қатарына енгеніне көп болды. Бірақ жұртшылық ұятты деп ашық айтудан да жасқанады. Ал «Айтылмаса сөздің атасы өледі» дегенге сүйенсек, қазір айтылмаса, бүгін жазылмаса, онда бүгін мәйітті жуындырудан негізді-негізсіз қашып жүргендер ертең жаназаның не екенін білмей, мәнісін түсінбей қалуы да мүмкін. Сондықтан оқырманға ой салу мақсатында қолға қалам алдық. Қалғаны әркімнің ой-таразысы мен таным-түсінігіне байланысты және уақыттың еншісіндегі іс. Бір анығы, қасиетті Құран-Кәрімде жазылғандай әрбір жан иесі өлімнің дәмін татады. Ал оған біздің дайындығымыз және өзгелердің бізге деген іс-әрекеті дұрыс болуы үшін өзіміз де жеке жауапкершілік танытқанымыз жөн.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
Фото: ашық дереккөзден