Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық 8 ғалымға жалпы қоры 10 млн теңгенің грант сертификаты табысталды

Қызылордалық 8 ғалымға жалпы қоры 10 млн теңгенің грант сертификаты табысталды

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі күніне арналған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, профессор-оқытушылар, білім алушылар қатысты, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz. 

Конференцияда ел тарихындағы айтулы оқиғалар мен осы кезге дейінгі жеткен жетістіктер туралы кеңінен айтылды.

«Тәуелсіздік – дәуір мен уақыттың бізге берген үлкен сыйы, халқымыздың мәңгілік құндылығы.  Жер бетіндегі қай халық үшін де тәуелсіздіктен биік ұлы мұрат жоқ. Еліміздің тәуелсіздігі – ұлтымыздың ежелден еркіндік аңсаған асқақ рухының және ұлт тарихындағы барлық азаттық үшін болған күрестердің көк байрақты жеңісі», – деді университеттің Басқарма төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова.

Жиында университеттегі «Тарих және археология» білім беру бағдарламасының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тастанбек Сәтбай, «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» білім беру бағдарламасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, желтоқсан оқиғасының куәгері Гүлмира Баялиева, «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі Серікхан Жүзеев баяндама жасады.

Конференция барысында «AMANAT» партиясы «Тұран» бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіз елім – Қазақстан» атты эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды.

2022-2023 оқу жылында Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының республикалық конкурсының ІІ кезеңінде 10 білім беру бағдарламасы бойынша университетіміздің 15 студенті жүлделі орындарға ие болды. Жиын барысында жеңімпаз білім алушылар дипломмен марапатталды.

Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-Ректорының гранты аясында өткізілген жас ғалымдардың ғылыми зерттеулері конкурсында жеңімпаз атанған 8 ғалымға жалпы қоры 10 млн теңге грант сертификаты табысталды.
15 желтоқсан 2023 ж. 211 0