Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Профессор Қазыбай Құдайбергенұлы атындағы дәрісхана ашылды

Профессор Қазыбай Құдайбергенұлы атындағы дәрісхана ашылды

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Қазыбай Құдайбергенұлының 80 жасқа толуына арналған салтанатты Ғылыми Кеңес өтті. Сондай-ақ, №408 дәрісханаға Қазыбай Құдайбергенұлының есімі берілді.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев, Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Алматы облысының және Жамбыл ауданының құрметті азаматы Әскербек Абаев, «Qyzylorda» телеарнасының директоры Жағыпар Қарабала, Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамдық бірлестігінің Қызылорда филиалының төрағасы, республикалық "Тіл сақшысы" газетінің бас редакторы Сәдуақас Аңсат және зиялы қауым өкілдері, университеттің ғылыми кеңес мүшелері қатысты.

Ғылыми кеңесте университеттің Басқарма Төрағасы-Ректоры Бейбіткүл Кәрімова профессордың білім саласына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Қазыбай Құдайбергенұлы – университеттің білім беру қызметін, ғылыми және кадрлық әлеуетін заман талабына сай нығайту ісіне елеулі еңбегін сіңірген қайраткер азамат. Профессор 200-ден аса ғылыми проблемалық мақаланың, бірнеше монография мен оқу құралдарының авторы. Сондай-ақ, 10-нан аса халықаралық, республикалық, облыстық ғылыми практикалық конференцияларда баяндамалар жасады. Университетте ашылған дәрісхана мемлекеттік қызметшілерді, еліміздің дамуына елеулі үлес қосатын экономистерді даярлайтын орталық болатынына сенімдімін. Арнайы кабинетте біздің білім алушыларымыз мемлекеттік қызметке қабылдау сынама-тесттерін тапсырып дайындалуына және практик-мамандардың дәріс және практикалық сабақтарды өткізуіне мүмкіндік бар, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Салтанатты шарада Қазыбай Құдайбергенұлына облыс және қала әкімінің Құрмет грамотасы табысталды. Сонымен қатар, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының шешімімен Қазақстанның білім және ғылым жүйесінің дамуына қосқан айрықша үлесі және білікті мамандарды дайындаудағы ерен еңбегі үшін А.Байтұрсынұлы атындағы орденімен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Үздік оқытушысы» медалімен, облыстық ардагерлер кеңесінің шешімімен «Облыстың құрметті ардагері» медалімен, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Қазыбай Құдайбергенұлы – экономика ғылымдарының кандидаты, профессор, Мәскеудегі Педагогикалық білім беру халықаралық ғылым академиясының корреспондент мүшесі.

Қазыбай Құдайбергенұлы ҚР Президентінің, ҚР кәсіподақтарының, облыстық және қалалық мәслихаттың, облыс әкімінің, университет ректорының алғыс хаттарымен, ҚР Конституциясының 10 жылдық мерекелік және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері әрі үздігі.

Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде кафедра меңгерушісі, факультет деканы, проректор, университет ректорының кеңесшісі қызметін атқарып, қоғамдық ұйымдарды басқарды. Сондай-ақ, университет жанындағы Тарих, филология және өнер ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарған. Профессор – қазіргі уақытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ардагерлер кеңесінің төрағасы.


Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
медиа орталығы


16 наурыз 2022 ж. 439 0