Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұз – ас, тұз – ем

Тұз – ас, тұз – ем

Емхананың жертөлесіндегі бір бөлмені жалға алып «Тұзды ем» бөлмесін ашқан Гүлнәр Маханғалиевамен әңгімелесіп, адам денсаулығын жақсартуға ар­налған арнайы бөлменің сырын білдік. Мамандығы бойынша тағам даярлау технологы болып бұрнағы жылдары еңбек еткен епті жан ұзақ жыл ревматоидты артритпен науқастанған екен.

Негізінен күш-жігері мықты адам өмір бойы дертіне шипа іздеуге бар. Міне, біздің кейіпкеріміз дертіне шипа іздеп, талай елден ем іздеп, дертімен күрескен адам. Мүмкіндігі шектеулі жан әр жылдары еліміздің түкпір-түкпіріндегі шипажайларға барып, дертіне шипа болар емнің барлық түрін алады. Сондағы көзі жеткені науқасқа шипа болатын нәрсе ол кәдімгі тұз екендігі. Тұзды ем талай ауруға ем болып, сауығып кеткен адамдармен тілдеседі. Көңіліне жаққан емнің тарихын зерттей келе денсаулыққа қажетті осындай бөлмені аудан тұрғындары үшін ашуға кіріседі.

– Менің жасым 58-де. Ширек ғасырдан бері ревматоидты артритпен алысып келемін. Мен секілді науқас адамдарға шипа болған емнің осы түрін адамдарға пайдасы болатындықтан арнайы бөлме ашуды жөн көрдім, – деген шипагерге тұздың адам ағзасына зияны туралы көп еститінімізді айтқанымызда, тұздың пайдасы туралы қызықты әңгімесін айтып берді.

– Қытайда қылмыс­керлерді жаза­лаудың дәстүрлі түрі бар екен. Үнемі тәртіп бұзатын қылмыскерге арнайы ас мәзірі бойынша тамақ береді. Яғни 15 күн бойы тұзсыз тамақ бергенде кез келген атпал азаматтың қуаты кеміп қалады. Егер тұзсыз тамақты 1 ай берсе, адам орнынан тұра алмай қалуы мүмкін екен. Ежелгі Майя аңызында қарт кісілерді емдеу үшін тұзды үңгірге белгілі бір уақытқа жіберген. Сонда сол уақыт аралығында қарт кісілердің күш-қуаты артып, жасарып қалатын болған. Негізінен тұзбен емдеу 1990 жылы кеңінен етек ала бастады. Бір қызығы тұзды шахтада жұмыс істейтіндер ешқашан тыныс алу жүйесінің дертіне шалдықпайды екен. Міне, сондықтан жерлестеріме арнап осындай керемет тұз­ды ем бөлмесін ашуды жөн көрдім. Қазір келу­шілердің саны да артты. Күні бойы 30 минуттан ем алатындардың қатарында баладан бас­тап, жасы ұлғайған кісі­­лер де бар. Барлығы алғыс айтып, батасын беруде, – дейді Гүлнәр Серікбайқызы бізбен әңгімесінде.

Арнайы бөлменің қабырғасы мен төбесі тұзбен қапталған, еденге де тұздың көп мөлшері  төселген. Шипа­гердің айтуынша бөлмедегі тұз Каспий теңізінен алынған арнайы тұз. Бөлмені жабдықтау үшін 1200 келі тұз пайдаланылған. Ем бөлмесінің негізін қабырғаға қондырылған құрылғы құрайды. Құрылғы ішіне салынған ұсақталған тұзды ауаға үрлегенде ем-шара жүреді. Қазіргі кезде көп кездесетін созылмалы бронхит, тұмау, жөтел, астма, гайморит, тонзилит, шаршау, ашушаңдық, тері аурулары, аллергия, құлақ, әлсіз иммунитет т.б. ауруға ем болатын тұзды ем бөлмесіне дені сау адамдар да денсаулығын нығайту үшін келуіне болады.

Тұзды ем бөлмесіне келіп ем алу­шы­лардың бірі – Жалғас Сейітов.

– Емхана жанынан ашылған тұзды ем бөлмесіне анам келіп ем алып жүр. Тұзбен емдеу қасиеті қашаннан бар. Ауданнан ашылғанына қуандым. Ұзақ жылдан бері бронхитпен ауырамын. Қазір күн салқындағанда тұмау қосылды. Жөтелім де бар. Дәрігер ем тағайындады. Қосымша осы тұзбен емдеу бөлмесіне келуге кеңес берді. Үш күн болды. Өзгеріс бар. Бөлменің ішінде керемет жайлы жағдай жасалған, – дейді емделуші.

Науқастың дертінен айығып кетуіне жағдай жасап, ем-шараның дұрыс, әрі уақытылы жүруіне аса мән беретін Гүлнәр Серікбайқызы демалыссыз жұмыс жасайды. Себебі дертіне шипа іздеген жан үзіліссіз ем алғанда ғана нәтижесін көретініне сенеді.

Бибісара ЖАНӘЛІ
09 желтоқсан 2023 ж. 196 0