Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әділдік – ізгіліктің іргетасы

Әділдік – ізгіліктің іргетасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес отырысында «Шын мәнінде, сот жүйесі тиімді болса, қоғамда заң үстемдігі берік орнығады. Реформалар да табысты жүзеге асырылады. Түптеп келгенде, бұл азаматтарымыздың тұрмыс сапасы мен қауіпсіздігіне оң әсер етеді. Сондықтан сот жүйесін жаңғырту ісі жалғасын табады. Алдағы кезеңде реформаға қатысты маңызды міндеттерді шешуіміз керек. Бүкіл қоғам сот саласынан түбегейлі әрі жағымды өзгерістер күтіп отыр. Осы сенімді ақтау қажет» деген болатын. Әрине сот саласындағы әрбір тың бастама мен жаңа реформаның өзіндік атқаратын қызметі зор. Заң үстемдігіне иек артып, тағдыршешті мәселені назардан тыс қалдырмайтын жоғарғы органның тарихы тереңде жатқанын жақсы білеміз. Реформаларды, байыпты бастамаларды жүзеге асырып келе жатқан Сырдария аудандық сотының да ғасырға жуық қалыптасқан тарихы бар екендігін жақсы білеміз.

Қоғам өмірінен бір сәтке тысқары қалмайтын сот саласының қызметі Сырдария ауданында өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары бастау алған. Дегенмен, Қызылорда облыстық сотының құрылғанына биыл 85 жыл толып отыр. Жалпы, облыс, аудан соттары еліміздің өсіп-өркендеуіне  әркез зор үлес қосып келеді. Әр жылдары аудандық соттың тарихы жаңарып, жаңғыру сатысынан өтіп отырған. Жергілікті халықтың сан алуан мәселесімен тікелей айналысатын сот саласында елеулі оқиғалар мен айтулы жетістіктер алтын әріптермен жазылған. Сырдария ауданының тарихымен біте қайнасып келе жатқан аудандық халық сотының алғашқы төрағасы қызметін Әбіш Мейірманов атқарған деген тың дерек бар. Жалпы, әрбір кезеңде Өмірзақ Қиязов, Қыршақбай Асауов, Баян Рысмендиев, Қазыбек Өтемұратов, Өтеген Жарықбаев, Жұмабек Усенов, Жарқынбек Ержанов, Тұрмат Баймағанбетов сынды басшылар  сот саласын жетілдіруге үлес қосып, ел-халықтың игілігі үшін ұжыммен жұмыла жұмыс жасай білді.

Бір айта кетерлігі, 1996-2002 жылдары аудандық сотты Молдабек Ахметов басқарған сәтте жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Негізінен, 1997 жылдың 1 қыркүйегінен бастап сот қызметі  жаңа нысанда жүргізіле бастады. Бірнеше айдан кейін сол кездегі ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы, заң ғылымдарының докторы Мақсұт Нәрікбаев Сырдария ауданына іс-сапармен келген болатын. «Аудандық соттың судьялары мен  аппарат қызметкерлеріне  адам баласына қажетті жақсылықтың бәрін тілей отырып,  қара қылды қақ жарған әділ шешімдеріңізбен халық көңілінен шыға берсеңіздер деймін» деп ақжарма тілегін жеткізген Жоғарғы сот төрағасы ұжымның жұмысын жоғары бағалаған. Сонымен қатар араға бірнеше жыл салып, сол кездегі ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми де ауданға келіп, іргелі ұжыммен  кездеседі. Салалық жұмыстарды саралап, сан алуан өзгерістерді мамандармен талқылайды.  

Әрине әрбір басшы өз жаңалығымен, өзіндік жұмыс жасау үлгісімен келеді. Тәжірибелі басшы Молдабек Ахметовтен кейін Қайыргелді Темірбаев аудандық соттың төрағасы атанады. Осы күні зейнет демалысына шығып, ізінен ерген шәкірттеріне бағыт-бағдар беріп отырған ақылман аға өзі басшылық жасаған жылдары орын алған елеулі өзгерістерді еске алды.

– Осыдан 21 жыл бұрын сол кездегі облыстық соттың төрағасы Мұхтар Есжановтың бұйрығымен төраға қызметіне тағайындалған болатынмын. Қызмет бабымен берекесі тасыған аудан топырағына табаным тигенде сот ісін жүргізудің өзіндік қағидасына сүйендік. Сот пен судья жұмысын ілгерілетіп, қоғам тарапынан бізге деген сенімділікті нығайтуға күш салдық. Қаншама әкімшілік, қылмыстық, азаматтық істерді қарап, адам өміріне тікелей байланысты шешімдер шығардық. Сол уақытта білікті маман Ермек Тұрбаев  судья қызметін лайықты түрде атқара білді. Ал кеңсе меңгерушісі қызметіндеҚайратбек Бержанов болып, бірнеше жыл қатарынан «Үздік сот кеңсесі» байқауында топ жаруға ықпал жасады. Біз ғимараттың заманауи үлгіде жасақталып, күрделі жөндеуден өтуіне жағдай жасадық. Ғимаратқа арнайы сот залын қосып, қатты отыннан дизельмен жылытуға көшірдік, – дейді Қайыргелді Темірбаев.
  
Егемендігі нығайған еліміздегі соттарда құнды дерек, мол мағлұмат қоры жасақталған. Әрбір кезеңде Абдуллажан Сайдуллаев, Гахарман Дүйсенбаев, Абдрахман Абдулла секілді тәжірибелі басшының сот саласындағы айқын қолтаңбасы қалды. Бүгінде Сырдария аудандық сотының төрағасы қызметін Руслан Алдамбергенов атқаруда.

– Сырдария аудандық сотында 9 адам жұмыс жасайды. Біз аға буын өкілдерінің қалыптастырған дара жолын жалғастыруға мүдделіміз. Бүгінде сот саласының жүйесі түбегейлі өзгерген. ІТ қызметін қолдана отырып, барлық істі тереңнен зерделейміз. Билер институтын қалыптастырып, «Медиация туралы» заңынан туындайтын басым бағыттарды ұстанамыз. Барынша  екі тарапты татуластырып, әділдікті ту етеміз. Мамандарымыз  «Үздік сот кеңсесі», «Үздік сот хатшысы», «Үздік сот» номинацияларының иегері атанған. Іргелі ұжымда Мейрамбек Ибрашев, Жарас Жолдасов, Асылхан Мизанбаев  судья лауазымын, Сәрсенкүл Сейіл, Димаш Байдушев, Роза Сүлейменова кеңсе меңгерушісі қызметін абыроймен атқарған. Қазіргі уақытта судья Дәурен Ералиев  сот істерін ашықтық қағидатын ұстана отырып жүргізсе, Нұрхан Әбдікәрім  Сырдария аудандық соты әкімшісінің басшысы қызметіне жан бітірді. Әрбір маманның біліктілігін арттырып, аудандық сот тарихындағы есімі мәңгі сақталатын үздіктерді шығару –  тікелей міндетіміз, – дейді Руслан Алдамбергенов.

Өз кезегінде тарихы тереңде жатқан аудандық соттың ұжымының жұмысына сәттілік тілейміз! 

Балтабай ОРДАБЕКОВ
25 қараша 2023 ж. 352 0