Келешекке – кемел біліммен
5 қазан – ұстаздардың кәсіби мерекесі. Мереке қарсаңында аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібековпен сұхбаттасып, білім саласында атқарылған жұмыстар, жеткен жетістіктер мен оқу жылының басты ерекшеліктері туралы әңгімелескен едік. Оқырмандар назарына сол сұхбатты ұсынамыз.
– Берік Съездұлы, Мемлекет басшысы жақында халыққа Жолдауын жариялады. Осы ретте білім саласына қойылатын талаптың да жүгі жеңіл емес екені белгілі. Жолдауда сапалы білім беру мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау міндеті жүктелді. Сұхбатымызды осыдан бастасақ.
– Білім саласын дамытудың негізгі бағыттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауларында, мемлекеттік бағдарламаларда, бағдарламалық мақалаларында атап көрсетіліп, алдымызға үлкен міндеттер қойды. Биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты дәстүрлі Жолдауында «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасатынын, жас ұрпақтың қауіпсіз, әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз ету қажеттігіне» ерекше тоқталды.
Білім беру жүйесін дамытудағы біздің негізгі бағытымыз – балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамту, білім беру сапасын арттыру, қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын қалыптастыру, ұлттық, адами құндылықтарға негізделген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында жүйелі жұмыстар жүргізу. Осы орайда аудандағы әрбір білім беру ұйымында ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға бағдарланған, функционалдық сауаттылық дағдылары бар, бәсекеге қабілетті, қолайлы, сапалы білім беру ортасы қалыптасқан.
Балаларды білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық мектептер ішкі және сыртқы бейнекамералармен толықтай қамтылды. Мамандандырылған күзет қызметімен қамтамасыз етілді. Аймақта 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту үлесі 100 пайызға, ал 2-6 жастағылардың қамтылуы 86,1 пайызға жетті.
Балалардың заманауи технологиямен жабдықталған жаңа ғимаратта білім алуына жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024 жылдан бастап №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектеп құрылысы салынатын болды.
Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтар мен әлеуметтік мәселелер баланың сапалы білім алуына, психологиясына, қоғамда тұлға болып қалыптасуына кері әсерін тигізетіні белгілі. Әсіресе, балалар отбасындағы өгей әкелер және т.б. жақын туыстар тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырауда. Бұл қоғамдағы үлкен мәселе болып тұр. «Зорлық-зомбылықтың алдын алу» бағытында мектептерде кешенді іс-шаралар жоспары жасалынып, жүйелі жұмыстар атқарылуда. Балаларға төнуі мүмкін қатерлерден сақтану жайлы кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізуді ауыл әкімдіктері, ауыл ақсақалдары, әжелер мен аналар кеңесі, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар болып бірлесіп, балаларға бақытты балалық шақ сыйлауымыз қажет.
– Бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілетіні белгілі. Жалпы ата-аналардың көкейіндегі сұрақ – ас мәзірі республика бойынша бірдей жасалған ба әлде әрбір мектептің өзіндік ерекшелігі бола ма? Бұл бағытта қанша қаржы бөлінді және онымен кім қамтамасыз етеді?
– Мектептердегі ыстық тамақ беруді ұйымдастыру ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген Қағида талаптарымен реттеледі. Аудан бойынша 17 мектептің 16-да типтік, 1-де ыңғайластырылған асхана бар. 2023-2024 оқу жылында аз қамтамасыз етілген 1756 балаға, сондай-ақ, 1-4 сыныптағы барлық 2571 оқушыға бір мезгіл ыстық тамақ беріледі. Бұл мақсатта бюджеттен 419,3 млн. теңге қаржы қаралды. Ыстық тамақтың берілуін мектептерде құрылған бракераждық комиссия бақылайды. Комиссия төрағасы болып мектеп директорлары тағайындалды. Комиссия дайындалған тағамдардың сапасын, технологиялық жабдықтардың болуын және жарамдылығын, азық-түліктерді, дайын тағамдарды сақтау, жеткізу мерзімдері мен шарттарының сақталуын, балалардың нақты тамақтану рационының күнделікті, перспективалық ас мәзіріне сәйкестігін, асхананың санитарлық жағдайын тексереді. Кемшілік анықталған жағдайда акт толтырылып, кәсіпкерге жазбаша ескерту беріледі. Егер кемшілік жойылмаса және бірнеше рет қайталанса кәсіпкермен келісім-шартты бұзуға заңды негіз бар.
Сондай-ақ, жоғарыда аталған бұйрыққа сәйкес білім бөлімі жанынан сараптамалық топ құрылған. Сараптамалық топ тоқсанына 1 рет мектептерді зерделейді және тиісті шаралар қабылдайды. Топ құрамына үкіметтік емес ұйымның, ата-аналар комитетінің өкілдері, әлеуметтік педагогтер, мектеп медбикелері кіреді. Қазіргі таңдағы 4 апталық ас мәзірі облыс көлемінде жасалды.
Мектептердің интернет ресурстарында «Мектептік тамақтандыру» айдары ашылып, тамақтандыруды ұйымдастыру жөніндегі ақпараттар салынып, ас мәзірі, бракераждық комиссия отырысының хаттамалары, актілері жарияланып отырады.
– Сапалы білім беру қызметінде мұғалімдердің кәсіптік деңгейі маңызды рөл атқарады. Сіздің пікіріңізше ұстаз қандай болуы керек және ұстаздардың біліктілігін арттыруда қаншалықты жұмыстар жасалуда?
– Ұстаз сапалы болмай, білім сапалы болмайды. Бүгінде жаңашыл, озық педагогикалық тәжірибесімен ғылым жетістіктерін қолдана білетін педагогке деген сұраныс артып отыр. Жиырмасыншы ғасыр басында Алаш зиялысы М.Жұмабаев «Баланы тәрбиелеу – тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін адам шығару. Түйінді мәселелерді тез шешетін, тұрмыстың тұңғиық теңізін қайратпен кеше білетін, адалдық жолында құрбан болатын, төрт жағы түгел кісі қылып шығару. Баланы мұндай адам қылу үшін тәрбиеші бар күшін, білімін жұмсап, жалықпай үйрете білу керек» – деп түйіндеген болатын. Мұғалімнің мәртебесін көтеретін мұғалімнің өзінің адал еңбегі, оқушыларға берген сапалы білімі. Үнемі біліктілігін арттырып отырған ұстаз, жаңа технологияларды меңгеріп, заманнан қалмай бірге дамып отырған ұстаз, өз мамандығын сүйетін ұстаз, ата-аналармен жүйелі жұмыс жасап отырған ұстаз әрқашан сұранысқа ие мұғалім. Әрбір педагог алдымен бәсекеге қабілетті болу үшін білімді, заманауи өзгерістерге бейім болып, жаңа білімдерді игеруге дайын болуы қажет. Және бір айтарым, мұндай мұғалімдер біліктілік аттестаттаудан тез өтіп, жоғары шебер деңгейіне жетіп, жалақысы да өте жоғары болады. Себебі, білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Бұл – жаһандық тренд. Жаңа идеяларды жүзеге асырып, өміршең істердің бастауында жүрген ұстаздарымыз баршылық. Олармен әрқашан мақтанамын.
Мектептегі оқушының сапалы білім мен саналы тәрбие алуына басты себепші – мұғалім. Осыған орай, пән мұғалімдерінің сандық-сапалық құрамына талдау жасап отырамыз. Мектептерде жұмыс жасайтын 1309 педагогтің 76 пайызы жаңа форматтағы аттестациядан өткен. Олардың 95,5 пайызы, яғни 1251-і жоғары білімді мамандар. Біліктілігіне байланысты 207-і педагог-зертеуші, 490-ы педагог-сарапшы, 300-і педагог-модератор.
2022-2023 оқу жылында барлығы 304 мұғалім біліктілік арттыру курстарынан өткізілсе, ағымдағы жылға «Өрлеу» біліктікті арттыру ұлттық орталығы» және «Педагогикалық шеберлік орталығынан» 277 мұғалімді білім сатысы курстарынан өткізуді жоспарлап отырмыз. Ұстаздардың кәсіби біліктігін арттыруының екінші жолы әдіскерлердің көмегімен жүреді. Аудандық әдістемелік кабинеттің ұйымдастырумен ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған пәндік семинарлар, тренингтер, шебер сыныптар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
– Ата-аналардың білім беру ісіне белсенділігі қандай дәрежеде? Ата-аналармен бірге қандай жұмыстар атқарылуда?
– Отбасы мен мектеп бір-бірінен бөлінбейтін одақтас, тәрбиенің екі алып күші. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. «Егер артыңда мейірімді, қайырымды, ізгілікті, бауырмал бала қалдырғың келсе, қартайғанда ол баладан қайыр күтем десең, онда тәрбие арқауын шират» – деген екен Ахмет Байтұрсынұлы.
Бала тәрбиесі – басты байлық, ал ең асыл құндылық – оның тәрбиесі. Мектептерде отбасылық құндылықтарды дәріптеу және ата-аналарды білім беру ұйымының оқу-тәрбие процесіне тарту мақсатында «Ата-аналар академиясы» құрылып, жоспар бойынша ата-аналармен бірлесе жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
«Әкелер мектебі», «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі» мүшелерінің қатысуымен «Ананың бала тәрбиесіндегі рөлі», «Әке – отбасының діңгегі», Әке – бәйтерегім, ұлым – мұрагерім» тақырыптарында тәрбие сағаттары, оқу үлгерімі бойынша тоқсан сайын ата-аналар жиналысы, «Бір отбасы – бір кітап» тақырыбында оқушылар мен ата-аналарды кітапханаға тарту, көркем әдебиет оқуға деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында іс-шаралар тұрақты түрде өткізілуде. Оқушылардың тәрбиесі мен оқу үлгерімі мәселесінде ата-аналардың белсенділігі жоғары. Қараша айында «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігімен бірлесе «Отбасы, мектеп, қоғам – игілікті болашақ кепілі» тақырыбында ата-аналар форумын өткізуді жоспарлап отырмыз.
Қазіргі таңда өзекті мәселердің бірі – қыздар тәрбиесі. Соңғы уақытта мектеп жасындағы қыз балалар арасында келеңсіз жағдайлардың жиі орын алуы бізді алаңдатады. Бұл бағытта аудан әкімдігі, полиция бөлімі, денсаулық сақтау салаларымен бірлескен күшейтілген кешенді іс-шаралар қабылданды. Балаларға «Ұстаз – екінші анаң» деп ақыл айтатынымыз рас. Алайда бала үшін ата-ана – бірінші ұстаз екенін естен шығарып алмауымыз керек. Әрине, жас өренді білімді, тәрбиелі етіп қалыптастыру барысында жауапкершілік жүгі ұстаздарға артылатыны түсінікті. Осы тұста ешбір мұғалім алдындағы балаға теріс әрекет үйретпейтінін, жаман әдетті жанына серік ет демейтінін қаперде ұстау керек. Сапалы білім, саналы тәрбие білім беру ұйымдарының негізгі міндеті болғандықтан, оны үнемі өз деңгейінде жүргізу, жетілдіру ұстаздардан ұдайы талап етіледі, жауапкершілігі сұралып отырылады.
– Ел Президенті «Ашықтық қағидаты» жайында айтады. Бұл білім саласына да тікелей қатысты. Осы ретте «Ашықтық қағидаты» шеңберінде қандай жұмыстар атқарылуда?
– Қандай жағдай болсын, жұмысымда ашықтық пен жариялылық принциптеріне басымдық беремін. «Ашықтық қағидаты» негізінде тәрбиешілердің, мұғалімдердің, оқушылардың, ата-аналар қауымының білім саласын дамытуға қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдап, кәсіби талқылау жүргізу үшін ашық диалог өткізіп отырамын.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында балабақшаға баланы тіркеуден бастап, мұғалімдерді аттестациялау, мектептерге кадр қабылдау, директорларды тағайындау, пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар ұйымдастыру, білім беру қызметін көрсету, балалардың құқықтарын қорғау мен білім сапасын арттыру бағытындағы өте маңызды процестерді ашық түрде өткізуге ден қойып келемін. Бұл бағытта біраз жұмыстар атқарылды. Әлі де алда мақсат көп, оны жүзеге асыратын жұмыс та көп. Атқарылған жұмыстар туралы әлеуметтік желілерде жарияланып отырады.
– Жаңа оқу жылында оқулық мәселесі қалай шешілді? Оқушылар қосымша оқулық сатып ала ма?
– Барлық мектептер жаңа оқу жылында оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендермен, көркем әдебиеттермен толық қамтамасыз етілді. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 76,5 млн теңге қаржы бөлініп, 10 баспамен келісім шарт жасалды. Бүгінгі күнге барлық мектепке қажетті кітаптар толығымен жеткізілді.
– Өткен оқу жылындағы мектеп бітірушілердің мемлекеттік грантқа оқуға түсу деңгейі жаман емес, жылдан жылға оқу гранттарының да саны көбейген. Бітірушілердің ата-аналары балаларын ақылы курстарға беру арқылы грантқа қол жеткізуге болады деген пікірде. Сіздің пікіріңіз қандай. Мектептерде мұғалімдерге оқушыларды қосымша сабақтарға шақыру үшін жағдай жасалған ба?
– Өткен оқу жылы білім саласы үшін табысты жыл болды деуге негіз бар. Ауданда 29 оқушы «Алтын белгі», 52 оқушы «Үздік аттестатқа» ие болды. Талапкерлердің 90 пайызы мемлекеттік грант иегері атанды. Облыс бойынша ҰБТ қорытындысымен мемлекеттік грант көрсеткіші бойынша үздік үштіктер қатарынан көрінді. Республикалық, облыстық сайыстарда жүлдегер атанып, марапат төрінен көрінген ұстаздарымыз бен дарынды оқушылар қатары көбейді.
Осы орайда, мектептің жүрегі саналатын ұстаздар қауымының тынымсыз, әрі жемісті еңбегін ерекше атап өткім келеді. Жаңа оқу жылы да табысты болады деп сенемін.
Ұлылық пен дархандықтан тамыр тартқан дана халқымыз «білімдінің мыңды жығатынын» ескертіп, «Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы» деген тағылымға толы өсиет қалдырған. Сондықтан да ата-аналардың көпшілігі өз балаларының мектепте мүмкіндігінше көп оқып, толыққанды білім алуын қалайды. Мектептерде қосымша сабақтар өткізу кестесі жасалған. Жалпы сыныпта оқушының қосымша білім алуына еш кедергі жоқ. Тіпті арнайы қосымша сабақтар қойылған. Бірақ оқушылардың кейбірінің уақыты келмейді немесе құлшынысы жоқ деп айтар едім.
Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша оқушыларды олимпиадаға дайындау мақсатында «Жарқын болашақ» олимпиадалық резерв орталығы ашылып, жүйелі жұмыс жасауда. Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерден қосымша жылына 1500 сағат бөлініп, Қызылорда университетінің оқытушылары сабақ жүргізеді.
Балаларын ақылы курстарға беру арқылы баланың білімін одан әрі тереңдетуге әрбір ата-ана құқылы. Білім сапасын жақсарту үшін жеке жұмыс істеудің әсері мол. Бірақ үнемі ақылы курстарға сенген оқушының өз бетінше сабақ оқу дағдысы төмендейді. Үйге берілген тапсырманы өз бетінше орындаса да, күмәнданып тұрады.
– Аудандағы аз қамтылған отбасы немесе көп балалы отбасы балаларына тегін тамақ беруден басқа қандай жеңілдіктер қарастырылған? Биылғы «Мектепке жол» акциясы қалай қорытындыланды?
– «Мектепке жол – жақсылықты жаса» ұранымен оқушылардың мектепке толық баруын қамтамасыз ету мақсатында 1 тамыздан бастап «Мектепке жол» республикалық акциясы өткізілді. Акция барысында көмек алатын балалардың базасы жасақталды. Оның ішінде, 1759 оқушы міндетті оқу қоры есебін бір жолғы көмек (40587 тг), 404 бала кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының демеушігі есебінен, 177 бала «Самұрық-Қазына» компаниясы есебінен, 64 бала «Аманат» партиясының жарнапұлы есебінен қайырымдылық көмек алды. Сонымен қатар, білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің демеушілігімен тұрмысы төмен отбасыларының 70 оқушысына мектеп сөмкесі мен оқу құралдары таратылып берілді. Шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлердің демеушілігімен жалпы сомасы 4 млн 700 мың теңгенің көмегі көрсетілді. Көмек көрсетуге ынта білдірген кәсіпкерлер саны да артып келеді. Жомарт жандар балаларымыздың алаңсыз білім алуына барынша жағдай жасауға талпынуда. Көңіл марқаяды.
Ауданда жалпы саны 6647 бала сауықтырумен, мектепішілік, мектептен тыс лагерлермен, үйірмелермен, экскурсиялар және көгалдандыру жұмысымен қамтылды. Оның ішінде, 880 бала Түркістан, Қызылорда қаласына және Қорқыт ата кесенесіне экскурсияғы шықты. 17 мектеп жанынан ашылатын күндізгі тынығу лагеріне бастауыш сыныптың 4665 оқушысы қамтылды. Кент сыртындағы «Жалын» сауықтыру лагері 6 ауысым бойынша жұмыс жасап, онда 681 бала, демеушілер есебінен «Қамбаш» лагеріне 100 бала, 114 оқушы Қонаев, Щучинск және Түркістан қалаларындағы республикалық лагерлерде демалып келді. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен Алматы қаласындағы «Спутник» лагерінде 20 бала, Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» лагерінде 20 бала, «ПетроКазахстан Кумколь Резорсис» АҚ-ның демеушілігімен 16 бала демалды. Жазғы демалыспен 6647 баланың 6381-і, яғни 96 пайызы қамтылды.
– Өткен оқу жылын үздіктердің қатарында қорытындылаған аудан ұстаздары биылғы оқу жылын қандай ерекшеліктермен бастады?
– 2023-2024 оқу жылында тәрбиелеу мен оқыту Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 726 қаулысымен бекітілген «Білімді ұлт» сапалы білім беру» Ұлттық жобасына сәйкес тұлғаны ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде жүзеге асырады.
Білім беру ұйымдарындағы тәрбие мен оқытуда жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде білім алушылардың бойында адами қасиеттерді қалыптастыруға басымдық беріліп «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» іске асады. Сонымен қатар жаңа оқу жылынан бастап педагогика және оқу әдістемесі бойынша тестілеу болмайды. Мұғалім тек өзі беретін пәні бойынша ғана тестілеуден өтеді. Болашақта педагог зерттеушіге педагог санатын беру тәртібі де қайта пысықталады. Оқу жылы қайтадан 34 аптада, яғни 25 мамырда аяқталады. оқушылар бес күндік оқу жүйесіне көшіріліп, соңғы қоңырау қайтадан 25 мамырға ауысады. Биылдан бастап 30 жылдан астам еңбек еткен мұғалімдер марапатталады. Сондай-ақ, балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 30 пайызға өсетіні оқу жылының жақсы жаңалықтары. Ең бастысы, сапалы білімнің рөлін арттырып, ұрпақ тәрбиесін жетілдіру мақсатында атқарылған жұмыстардың барлығы білім бөлімінің және мектептердің, балабақшалардың әлеуметтік желідегі парақшаларында күнделікті жарияланып отыратын болады.
– Саналы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы жарқын бастамаларыңызға сәттілік тілейміз, сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ
Пікір 2