Қызмет алушылардың құқықтары қалпына келтірілуде
Мемлекеттік қызметтерді көрсету – мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының құрамдас бөліктерінің бірі.
2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы Заңына сәйкес кез-келген тұлға нормативтік құқықтық актілерге сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуғажәне көрсетілетін қызметті берушінің шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.
Мемлекеттік қызметтерді көрсететін органдар қызметінің сапасын арттыруға басты назар аударып, қызметтерді көрсету кезінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтарының сақталуы басты қағида болуы тиіс. Дегенмен, кейбір мемлекеттік мекемелер тарапынан мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнаманың бұзылуына жол беретіндігі жасырын емес.
Биыл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен мемлекеттік қызметтердің сапасына қатысты 12 шағым қаралды. Шағымдар бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, нәтижесінде 2 азаматтың уәжі өз дәлелін тауып, құқықтары қалпына келтірілді.
Шағымдардың басым бөлігі жер учаскелерінің табысталуы және әлеуметтік қамсыздандыру саласына қатысты болып отыр.
Мәселен, осы жылғы 31 мамырда Департаментке Қызылорда қаласының тұрғынынан «Елді мекендер шегінде объекті салу үшін жер учаскелерін беру» мемлекеттік қызметін көрсету бойынша шағымы келіп түсті.
Аталған шағым бойынша Департамент тарапынан Қызылорда қаласы әкімі аппаратына, Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы бөліміне, Қызылорда қаласының ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөліміне жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Тексеру барысында қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі келісуші органдарға қызмет алушының құжаттарын 22 күнге кешіктіріп жолдап, мемлекеттік қызметті көрсету тәртібінің бұзылғандығы анықталса, қалалық жер қатынастары бөлімі тиісті шешім жобасынқала әкімі аппаратына жолдамағаны белгілі болды. Яғни, қызмет көрсетуші мемлекеттік органдар «Елді мекендер шегінде объекті салу үшін жер учаскелерін беру» мемлекеттік қызметін көрсету мерзімін сақтамай, қызмет алушының құқықтарын бұзған.
Аталған факті бойынша қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің жауапты маманына тәртіптік жаза қолданылса,қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тексеру нәтижесімен, Департамент тарапынан енгізілген ұсыным негізінде қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді.
Мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі мерзімінде көрсету және оларды көрсету нәтижесімен қызмет алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы – мемлекеттік аппараттың тиімділігін бағалаудың негізгі көрсеткіштерінің бірі болып қала бермек. Мемлекеттік қызметтерді көрсету барысындағы жеке және заңды тұлғалардың құқықтарының сақталуы алдағы уақытта да Департаменттің жіті бақылауында болады.
Фото: ашық дереккөзден