Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызметтердің сапасына мән берілуі қажет

Қызметтердің сапасына мән берілуі қажет

Мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету – бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі екендігі белгілі.

Мемлекеттік органдардыңбасты мақсаттарының бірі азаматтарға сапалы қызмет көрсетіп, тиісті жағдай жасау.

Осы мақсатта, цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, халықтың компьютерлік сауаттылығын көтеру, мемлекеттік қызметтерді автоматтандырубойынша шаралар қабылдануда.Нәтижесінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, қызмет алу барысындағы сыбайлас жемқорлық көріністері мен әкімшілік кедергілерді жою көзделген.

Жылдан жылға электрондық түрде көрсетілетін қызметтер саны ұлғаюда. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында бүгінгі күні мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміндегі 690 қызметтің 653-і, яғниқызметтердің жалпы санының 94%-ы электрондық нысанға көшірілді.

Тізілімдегі мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрлері 31 саланы құжаттандыру, жеке және заңды тұлғаларды тіркеу, отбасы және балалар, денсаулық сақтау, білім, құрылыс, жер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және т.б. салаларды қамтиды.

Жыл басынан бері Қызылорда облысының қызмет беруші мекемелері тарапынан 381 мемлекеттік қызмет түрі бойынша 5,4 млн. астам қызмет көрсетілген.Көрсетілген қызметтердің 4 млн. сәл астамы немесе 88 пайызы электронды түрде алынған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11,7 пайызға артып отыр.

Қазіргі күні мемлекеттік көрсетілетін қызметтер қоғам өмірінде үлкен орын алады. Көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасының деңгейі еліміздің экономикалық және әлеуметтік көрсеткіші болып табылады.

Қызметтердің көрсетілу сапасын бақылау –Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және оның аумақтық департаменттерінің құзыретінде. Жүргізілген қоғамдық мониторинг нәтижесін қарасақ, әлі де болса халықтың мемлекеттік қызметтермен қанағатану деңгейін көтеру қажет екені айқын.

Мемлекеттік органдардың 2020 жылғы қызметін операциялық бағалаудың «Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы» бағыты бойынша бағалау нәтижелері орталық мемлекеттік органдар бойынша орташа бағаның 69,9 балға(2019жылы – 72,1балл) дейін нашарлауын және жергілікті атқарушы органдар бойынша 71,7 балға (2019 жылы – 60,3балл) дейін жақсаруын көрсетті.

Республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың рейтингінде Қызылорда облысының әкімдігінде айтарлықтай жақсару байқалды (+29 балл). Бұл ретте әкімдік «Ашық НҚА», «Ашық бюджеттер» порталдарын және ресми интернет-ресурсын толтыру бойынша максималды балл мөлшерін алды.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтерді көрсететін органдар қызметінің сапасын арттыруға басты назар аударылып келеді. Кез-келген қызмет беруші ұйымға мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтарының сақталуы басты қағида болуы тиіс. Осылайша, мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын жақсарту арқылы өзекті проблемаларды шеше отырып, азаматтардың сенім деңгейін айтарлықтай арттыруға ықпал етеді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

Үстіміздегі жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнаманың сақталуы бойынша 11 - профилактикалық бақылау, 8 - жоспардан тыс тексеру жүргізіп, 444 заңбұзушылық анықтады.

Мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында кездесетін заңбұзушылықтардың негізгі себептері - қызмет көрсету бизнес-процестерін бұзу және мерзімдерді сақтамау болып отыр. Заңбұзушылықтар бойынша Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 465-бабына сәйкес 12 әкімшілік хаттама толтырылып, 481 мың  теңге айыппұл өндірілді.

Бүгінгі таңда, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бастамасымен аумақтық департаменттер тарапынан қоғамдық ұйым белсенділері мен өкілдерін тарта отырып, мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына қоғамдық бақылау жұмыстары жүргізілуде. Қоғамдық бақылауға департамент жанындағы Ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері де тартылған. Жыл көлемінде облыстағы 35 мекеме бақылау шараларымен қамтылып, қызмет алушыларға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті ұсынымдар берілді.

Әрбір адам өмірге келгеннен бастап мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен тығыз байланыста болады. Сол себепті мемлекеттік қызметтерді көрсету - бұл мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының негізгі құрамдас бөліктерінің бірі болып қала бермек.

Берікбол БАЙХОЖАЕВ,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары
06 желтоқсан 2021 ж. 256 0