Қыстың қамын жаз ойла
«Қыстың қамын жаз ойла» деп бекер айтылмаған. Бұл даналық сөз қыс мезгіліне дайындықты ерте бастан жасау қажеттігі жайында айтылса керек. Адамның, малдың жағдайын, ішіп-жемін ерте бастан қамданып алу ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүр.
Үш ай жаз мезгілі де өтіп, берекелі күз де келіп жетті. Бұл мезгіл шаруа адамдарынан бастап, әйел адамдары үшін де қауырт тіршілік ететін уақыт. Күздің өнімінен қыстың азығын жасауға кірісіп, жүздеген банканы жауып алу – келіншектердің шеберлігін көрсетеді. Жаздың басынан бастап жеміс-жидектер пісіп, аз ғана уақыттың ішінде қазан болатын жаздың керемет сыйынан небір тосаптарды банкаға жауып алатын қыз-келіншектер бар. Ерте бастан банка басуға кірісіп кететін тереңөзектік Ақтолқын Алмаханова осы күні тосап пен көкөністі 300-ге жуық банкаға жауып алған.
Бесаспап келіншек өзінің банка басу құпиясымен бөлісіп, қыз-келіншектерге кеңес ретінде банка басуға қалай машықтанғанын айтып берді.
– Негізінен Байқоңырдың тумасымын. Отбасымызда анам ұлдардан бөлек 3 қызды үйдің тіршілігіне үйретті. Оқушы кезімізден бастап анамыздың жанында жүріп банка басуды үйрендім. Кейін Тереңөзекке келін болып түскен соң, қол қусырып отыруды жөн көрмедім. Алғашқы кезде 30 банкаға дейін ғана жаптым. Түрлі салаттар мен тұздалған қияр мен қызанақты қысқа қамдадым. Уақыт өте банкаға неше түрлі көкөністерді жабатын болдым. Күзде басып алған банка қыз-келіншектерге, әсіресе, жұмысбастыларға өте ыңғайлы. Яғни түскі асқа келгенде банкаға жабылған тауық етін немесе бұқтырылған ішек-қарынды ашып, салаттармен дастарханға қойсаңыз уақытыңызды үнемдейсіз, әрі тойымды ас. Қазір мектепте жұмыс істесем де бос уақытымның бәрін банка басуға жұмсаймын, – дейді банка басудың шебері Ақтолқын Табынбайқызы.
Ақтолқынды оны танитындар Аня дейді. Бұл бала кезінен есімін қысқартып, өзіне ыңғайлы етіп мектептегі ұстазының қойған есімі болса керек. Сол уақыттан бері оны барлығы осылай атап кеткен. Тіпті келіншек болып түскен жері де қазақ қызын Аня деп атап кеткені бәріне ыңғайлы көрінеді. Дегенмен «өз Отаныңда өз атыңмен қазақшалап атаған жөн» деген пікірімізді қабыл алған Ақтолқын бұдан былай шын есімге көшетінін айтқаны көңілімізге қуаныш сыйлады.
Қимылы шапшаң, пысық келіншектің айтуынша өз отбасына арналып жабылған банкаларды бір жыл ішінде тұтынып үлгермейтіндіктен, туған-туысқандарға таратып береді екен. Сыйлық ретінде ұсынылатын көкөністерден жасалған небір салаттың түрлерінен сұранысқа ие баялды салатын молырақ басатын көрінеді. Ол үшін Ақтолқын ешқашан ақы сұрамаған, ал кейбір банка басудың шеберлері секілді босаған банкасын да қайта сұрамау оның әдептілігін көрсетсе керек. Себебі банканың да қолдану мерзімі бар, небәрі 3 жылға ғана жарамды банканың сапасы жыл өткен сайын төмендеп, жұқарады немесе жарықтар пайда болып өнімнің бұзылуына әкеледі. Сондықтан банка басардың алдында міндетті түрде шыны ыдыстың сапасына аса көңіл бөлуі оның нағыз шебер екендігін көрсетсе керек.
Тәжірибелі банка басушы банкада сақталатын қыс азығын, денсаулыққа пайдалы болатын тосаптың, компоттың да түр түрін басады. Соның ішінде көп сұранысқа ие С дәруменіне бай тосап. Келіншектерге керек кеңес ретінде оның да құрамын да айтып берген Ақтолқын: «Дәрумен тосабы небәрі үш түрлі көкөністен жасалады. Ол үшін әрқайсысы 3 данадан алма, сәбіз және лимон керек. Көкөністерді еттартқыштан өткізіп, 3 келі шекерге 800 грамм су құйып, одан сироп дайындап барлығын араластырып, қайнатса, денсаулыққа пайдалы. Қыстыгүні тұмаудың кезінде, суық тигенде шәйға қосып ішсеңіз, тез айығып кетесіз. Әрі қант диабетімен ауыратындарға жақсы, қан қысымының қалыпты болуына әсері күшті. Ал осы тосапқа апельсин қосып жіберсеңіз, дәмі де керемет болады, бұл өз талғамыңызға байланысты» дейді.
Қолынан келетін істі кәсіп көзіне айналдыруды мақсат ететін Ақтолқын бірнеше жылдан бері таныстарына өз қызметін ұсынып келеді. Қажетті көкөністерді алдын ала дайындап аспазға әкеліп беретіндердің де қатары қалың. Аспазшы банканың түріне байланысты жылдың барлық мезгілінде банка жабуға болатынын айтады. Тосаптар мен салаттарға қажетті көкөністер мен жемістердің мол уақыты жаз бен күз айларында жұмыс өнімдірек болады. Әйткенмен қыс мезгілінде соғым кезінде малдың ішек қарнынан дайындалатын ас мәзірі де банкаға жабылады. Ал тауықтың еті кім кімге де сүйікті ас екені белгілі. Тауық етін дәмді етіп банкаға басу мезгіл таңдамайды. Мұндай асқа тапсырысты сыртта студенттері бар ата-аналар көбірек береді.
– Көбіне банка басатындар оның өзіндік ерекшелігі болатындықтан, баялдыдан салат басуға қорқа соқтайды. Банка басудың сырын білмесеңіз, оны өз маманына жасатқаныңыз жөн. Қазір әлеуметтік желіде банка жабудың неше түрін көріп, оны одан әрі түрлендіруді үйреніп жүрмін. Соңғы кезде күрішті де қызанақ томатымен араластырып, неше түрлі көкөністерді қосып, дайын тамақты банкаға басуды бастадым. Дәмі де тамаша болып шықты. Негізінен барлық азық-түлікті банкаға жабуға болады. Тек оған шыдам мен уақыт керек, – дейді аспаз келіншек.
Ақтолқын осы күні аудан орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінде қызмет етеді. Сондықтан оны өз ісінің шебері ретінде алғашқы танып білген де, оның шеберлігін бағалап, қызметіне құрметпен қарайтын ұжымдағы әріптестері. Мектеп-лицейдің мұғалімдері мен қызметкерлері Ақтолқынның тұрақты тұтынушылары мен тапсырыс берушілері.
Ақтолқын Алмаханова отбасында жолдасы Әйбекпен ұл мен қыз өсіріп отыр. Енесі Роза Мәмішқызы келінінің кәсібіне қолдау білдіреді. Ақтолқынның дайындаған банкалары осы күні қайынінісі Нұрбек пен келіні Ансаяға, тұрмыстағы қайынсіңлісі Жазираға да ел асып кетеді. Сонымен қатар Ақтөбе, Алматы, Қызылорда қаласындағы туысқандар да жыл сайын Ақтолқынның қолынан шыққан банкадағы астан дәм татып, алғыстарын жаудырады.
Ақтолқын осы күні банкаға жабатын көкөністің бірнеше түрін есік алдындағы аз ғана жерге егіп, алады. Ұсақ қияр мен қызылша, тәтті бұрыш өнімін беріп тұр. Ал негізінен базардан сатып алынатын көкөністен де құнарлы, табиғи өнім дайындап алуға болады.
Қыстың қамына жаздан бастап кірісіп, көршілерге, таныстарға, туысқандарға көмектесетін Ақтолқынның шеберлігіне риза болдық. Қолыңыз дерт көрмесін, шебер аспаз!
Бибісара ЖАНӘЛІ