Құшағың қандай кең еді, Ару-Астана!
Биылғы еңбек демалысымның соңғы күндерін елордамыз Астана қаласында өткізу бұйырды. Бұған себеп денсаулықтың жағдайы. Отбасымызбен жүйіткіген пойызға отырып, Сарыарқаның сайын даласымен 32 сағатты артқа тастап Ару-Астанаға да келіп жеттік. Шіліңгір шілденің соңғы күнінде Астананың таза ауасымен тыныстап, Қызылорданың аптап ыстығынан соң мұндағы ыстықты да елеместен діттеген жерімізге аман есен жеткенімізге қуандық.
Негізгі мақсат осыдан тоғыз жыл бұрын Елордада жүрекке жасалған отадан кейінгі жағдайымды біліп, дәрігердің қабылдауында болып, кеңес алу болғандықтан, уақыт оздырмай Ұлттық кардиохирургия орталығына асықтық. Жанымда қамқор жандар отағасы мен әпкем бар. Алыстан еңсесі биік ғимарат кардиохирургия орталығын көргенде еріксіз өткен күндер еске оралды.
37 жасымда сыр берген жүрек қақпақшаларын ауыстыруға тура келді. Ол үшін еліміздің Елордасы Астана қаласындағы ең мықты деген дәрігерлерге квота арқылы келген болатынмын. Атақты дәрігер Юрий Пя басқаратын орталық дәрігерлері жан жақты тексеру кезінде нақты диагноз қойып, жүректің екі бірдей қақпашасын механикалық қақпашаға ауыстыру қажеттігін түсіндірген болатын. Ота сәтті өтетініне және отадан соң қалыпты өмірге оралуға болатынын айтқанымен, қан айналымын деңгейінде ұстау үшін өмір бойы дәрі-дәрмек қабылдайтынымды ескертті. Шын мәнінде сәтті өткен отадан кейін араға бірнеше ай салып, қалыпты өмірге қайта орала бастадым. Уақыт неткен жүйрік? Қазір арада тоғыз жыл өтіп кеткенін де байқамай қалыппын. Дегенмен соңғы кезде денсаулығыма байланысты шағым көбейген соң, отбасымызбен маған екінші өмір сыйлаған Ұлттық кардиохирургия орталығына барып, қаралуды, кеңес алуды жөн санадық.
Міне, араға жылдар салып мен үшін ерекше орталыққа келіп тұрмыз. Кіре берістегі кең фойеде дәрігерді күтіп отырмыз. Сол баяғы тыныштық пен әсем әуен құлаққа жағымды әсер етеді. Тек бұл жолы әуенді шет жақта тұрған аппақ пианинода музыкант орындап отыр. Жан жағымыздағы адамдармен де әңгімелесіп үлгердік. Көпшілік отырған фойеге бір кезде орталықтың басшысы шығып келді. Оны бірі таныса, бірі танымайды. Дегенмен өзіме жақын, әрі өмірімді сақтап қалуға септігін тигізген дәрігерді көргенімде ерекше әсер алып, сәлем беруге асықтым. Қарапайым әрі сыпайы қасиеті адамды сүйкімді етеді емес пе? Әдеттегідей жылы шырай танытып, естелікке фотоға да түстік. Дәрігер бұл сапарымыздың дұрыс әрі пайдалы болатынына тілектестігін білдірді.
Кезегім келіп, дәрігерге дейінгі бөлмеден тексеруден өттім. Онда өзіміздің жерлесіміз қызылордалық Гүлнәр есімді медбике қызметін көрсетті. Бой-салмақ, қан қысымын өлшеп, ЭКГ-ге түсірді. Әрі қарай ЭХО-ның кезегіне отырдым. Орталық дәрігерлері бар жылы сөздерін айтып, тексеруге кірісіп кетті. Жарты сағатқа созылған тексеруден кейін әріптесімен ақылдаса келе, тағы да рентгенскопия аппаратына түсу қажеттігін, сонан соң ғана жүректің қақпашаларының ақаусыз жұмысына көз жеткізуге болатынын түсіндірді. Жаныма медбикені ерітіп, төртінші қабаттағы арнайы бөлмеге апарып, тағы да тексеруден өткізді. Оның нәтижесін күтіп отырғанда сағат та кешкі жетіге таяу қалды. Орталықтың жұмыс уақыты бесте аяқталғанымен, дәрігерлердің қамқорлығының арқасында кардиохирург уақытпен санаспай өз қабылдауын жасады. Сонау алыстан келген науқас ретінде бар ынтасымен зерттеу нәтижелерін бақылап, кеңесін берді. Жаңа тағайындауларын беріп, жүректі үнемі бақылауда ұстауым керектігін ескертті.
Шүкір, бар қиыншылық, уайым артта қалды, көңілді бір демдеп, орталық мамандарына алғысымызды жаудырып, кешқұрым орталықтан пәтерге оралдық.
Негізгі жұмысымыз біткен соң Астананың көрікті жерлерін тамашалауға уақыт бұйырды. Алдымен еліміздің жүрегінде орналасқан Астананың символы Бәйтерекке барып, оның шыңына шығып, арман-тілегімізді айттық. Сонан соң Ханшатыр, «Экспо» көрмесі, «Айлэнд» отбасылық демалыс орталығы, «Мега» ойын сауық орталығы, Абу Даби плаза секілді көптеген керемет орындарды аралап, ғажайып көріністерді тамашаладық.
2017 жылы күллі әлем тамашалаған «Экспо»-ның қазақстандық «Нұр Әлем» көрмесіне барып, сегіз қабаттан тұратын алып шардың әр қабатынан Болашақ Қазақстанды көруге мүмкіндік туды. Әсіресе Күн, жел, су, жел энергиясы мен адамзат бағындырған ғарыштың ғажайыптары т.б. көрмеде көрініс тапқан.
Ал Азияда теңдесі жоқ республикалық Бас мешіттің құрылысы тым ерекше екен, мешітке кірген бойда кеудеңді ерекше сезім билеп, жанын жадырай түседі. Имамның оқыған құранына қол жайып, садақамызды беріп, сапарымызды жақсылыққа ниет еттік.
Шын мәнінде күн сайын көріктене түскен Астананың ортасында қайнаған тіршіліктің куәсі болдық. Жан жақтан ағылған туристер мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтар Елорданың келбетін тамсана тамашалайды. Биік-биік ғимараттардың сан алуан түрінде есеп жоқ. Жаңа қоныс аймақтары мен тұрғын үй кешендері елордалықтардың саны күн сайын артып келе жатқандығын аңғартады. Барша Қазақ елінің мақтанышына айналған Ару-Астана, өсе бер, өркендей бер!
P.S. Адам жанының арашашысы болған ақ халатты абзал жандарға, Ұлттық кардиохирургия орталығының кардиохирургы Иманбек Лаискановқа, жерлесіміз, кардиохирург Әнуар Әбсадыковқа, жоғары санатты гинеколог Рамиль Мустафинге алғыс білдіремін!
Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: ашық дереккөзден