Ұлттық бірыңғай тестілеу: алда негізгі тест сынағы
Жыл сайын мектеп бітірушілер мемлекеттік оқу грантына оқуға түсу үшін ұлттық бірыңғай тест тапсыратыны белгілі. Биылғы жылғы талапкерлерге негізгі тест тапсыру уақыты басталды. Сәуір айының 28-нен бастап грант негізінде оқуға түсу үшін талапкерлерден ҰБТ-ға өтініш қабылдау жүзеге асуда.
Жалпы талапкерлерге биыл да ұлттық бірыңғай тестті бес рет тапсыру мүмкіндігі берілуде. Оның үшеуі ақылы негізде оқуға түсу үшін болса, екеуі грантпен оқуға түсуге тапсырылады.
Осы уақытқа дейін оқушылар екі рет ақылы негізге оқуға талаптанды, алда негізгі тест сынағы тұр. Мамыр-маусым айында мектеп бітірушілер бақ сынап, ең жоғарғы нәтижеге қол жеткізуге тырысады. Себебі осы жолғы ҰБТ-дан жинаған ұпаймен грант конкурсына қатысып, қалаған жоғарғы оқу орнына түсуге мүмкіндік алады.
ҚР Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтың айтуынша, «ҰБТ-2023» форматында айтарлықтай өзгерістер жоқ. Дегенмен міндетті пәндер қатарындағы «Қазақстан тарихы» мен «Оқу сауаттылығы» бойынша тапсырмалар саны өзгерген. Яғни, Қазақстан тарихынан – 20, оқу сауаттылығынан – 15, математикалық сауаттылықтан – 15 және екі бейіндік пәндер бойынша 35 сұрақ ұсынылады. Талапкер барлығы 120 сұрақтан ең жоғарғы ұпай – 140 балды жинауына болады. Тестілеуге 4 сағат уақыт берілсе, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қосымша 40 минут қарастырылған.
Тағы бір ескеретін жайт – жауап нұсқаларының санының азайғанында. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азайған.
Белгілі болғандай биылғы жылдың ең басты жаңалығы «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» мамандығын таңдаған талапкерлер тестті математика және информатика пәндерінен тапсырады.
«Бұған дейін IT саласына түсушілер «Математика-физика» пәндерін таңдайтын. Тестілеуге дайындықты жақсарту үшін оқу жылының басында информатика бойынша ҰБТ-да кездесетін терминдер тізімін жарияладық. Қазақ тілінде тапсырушылар үшін терминдердің орысша және ағылшынша, орыс тілінде тапсырушыларға – қазақша және ағылшынша, ағылшынша тапсырушыларға – қазақша-орысша аудармасы ұсынылады. Сондай-ақ барлық талапкерге компьютер экрандарында калькулятор, Менделеев және ерігіштік кестесі қолжетімді. Тестілеу орталығы кестелерді қағаз түрінде де таратады, оқушылардың өздеріне әкелуге рұқсат жоқ» деп түсіндірді орталық директоры.
2022-2023 оқу жылынан бастап ІТ-мамандықтарға түсуші талапкерлер қажетті пәндердің бірі ретінде информатикадан тест тапсыратыны туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин пікір білдірген.
– Бүгінгі таңда ҰБТ-ға дайындық – бұл жоғары сынып оқушыларын алаңдататын басты мәселе. Информатиканы қажетті пәндердің тізбесіне кіргізу арқылы пәнді оқуға қызығушылық танытқан оқушылар санын ұлғайтуға мүмкіндік болады. Бұл өз кезегінде информатика мұғалімдері кәсібінің беделі мен мәртебесін арттырады, – дейді министр.
Министр болашақта барлық мамандық ІТ саласымен байланысты болады дейді. Соған орай әрбір адам математиканы білгені сияқты бағдарламалау негіздерін де білуі керек.
– Адам бағдарламауды білсе, бұл оның логикалық ойлауды жетік меңгергенін білдіреді. Осы ретте ол бәсекеге қабілетті бола алады. Өйткені ол информатика біліміне негізделген идеялар мен түрлі гипотезаларды іс жүзінде жүзеге асыра алады. ІТ саласының негіздерін үйрену – бұл тек мамандықты меңгеруде ғана емес, өмірде де пайдалы болары анық, – деді Бағдат Мусин.
Жалпы талапкерлер үшін ҰБТ-ға дайындықты жақсарту мақсатында Ұлттық тестілеу орталығы өз сайтында және әлеуметтік желілерінде тест жоспарын, ҰБТ-да кездесетін Қазақстан тарихы мен дүниежүзі тарихынан 100 тарихи датаны, информатика пәнінен терминдер тізімін, қазақ әдебиеті және орыс әдебиеті пәндерінен сұрақтар келетін шығармалар тізімін жариялаған.
2022-2023 оқу жылында ауданда 471 мектеп бітіруші бар. Оның 345-і осы уақытқа дейінгі ҰБТ-ға қатысты. Қаңтар айында орташа балл – 81,8 болса, наурыз айында – 78 балды көрсетті. 100 және одан жоғары балл жинаған талапкерлердің саны – 54, шекті балдан өтпегендер – 21. Ауданда ең жоғарғы 128 балды №44 орта мектептің оқушысы Мерей Жалғас жинаса, одан кейін 127 балды №37 мектептен Айжан Рамазан алды. Биыл ауданда 28 «Алтын белгіге» және 35 «Үздік аттестатқа» үміткер бар.
Айта кетейік, ҰБТ-ға биылғы мектеп түлектері, өткен жылғы түлектер, колледж бітірушілері, қандастар, шартты түрде оқып жатқан студенттер, басқа білім беру бағдарламаларына ауысуға ниетті шығармашылық мамандықтардың студенттері, ақылы негізде «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласына ауысуға ниетті студенттер қатыса алады.
Б.ЖАНӘЛІ
Фото: ашық дереккөзден