Қызметте қарапайымдылықты жоғары бағалаймын
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында жиналған қауым алдында сөз сөйлеп, ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын ой-толғамдары мен ұсыныстарын ортаға салған болатын.
Ұлттық құрылтайды Президент отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс екенін айтты. Осындай ізгі қасиеттер ең алдымен мемлекеттік қызметкердің бойында болуы тиіс, себебі адал азамат қана Әділетті Қазақстанды құра алады.
Адал азамат пен Әділетті Қазақстан ұғымын бір-бірімен тығыз екенін, сондықтан да әрбір қазақстандық адал еңбек етіп, адал табыс тапса жетістікке жететіні сөзсіз. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – соңғы 13 жылдан бері мемлекеттік қызметті абыроймен атқарып, ел Президенті айтқандай туған елге, Отанға адал, ел мүддесін бәрінен биік қоятын нағыз елжанды азамат. Бүгінде Іңкәрдария ауылдық округінде әкім қызметін атқарып келе жатқан Сәулет Есдәулетов – ауданда ауыл әкімдерінің арасында ең тәжірибесі мол әкімнің бірі.
– Осыдан 58 жыл бұрын қасиетті Қармақшы топырағында дүниеге келіп, оқушы кезімде отбасымызбен Қызылқұмдағы ауыл Іңкәрдарияға қоныс аудардық. Берекесі тасыған, ел мен жері ырысты мекенде мектеп бітіріп, арнаулы оқу орнын бітірдім. Алғашқы алған мамандығым – жөндеу технигі. Қатарластарым секілді Отан алдындағы борышымды Германияда екі жыл өтедім. Содан соң ауылдағы мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ бердім. Он бір жыл бойы білімнің ұстаханасында еңбек етіп, одан әрі жоғарғы оқу орнына түстім. Заңгер мамандығын алдым. Түрлі салада жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. 2010 жылы алғаш рет мемлекеттік қызметке келдім. Мемлекеттік қызметкер ретінде ауыл әкімі болып сайландым. Міне, 13 жылдан бері Іңкәрдария ауылында ел-халықпен бірге әрбір шаңырақтың түтіні түзу ұшуына қызмет етіп келемін, – дейді ауыл әкімі Сәулет Шәкібекұлы.
Ауыл әкімінің айтуынша, мемлекеттік қызметкердің бойында адамгершілік, қарапайымдылық, адамдармен тіл табыса білу, әдептілік секілді асыл қасиеттер болуы керек. Мемлекеттің сеніп тапсырған қызметін адал атқаруына қызметке деген ыждағаттылық та, мемлекеттің мүлкіне аса мұқият болу, жемқорлыққа жол бермеу, адалдық қасиеттері де аса қажет. Ауыл әкімі ер азаматқа тән мінезбен жеке өзі жайында емес, ауылдың тыныс-тіршілігі мен ел-халық үшін жасалған жұмыс туралы жазуды сұрағандықтан, біз де әдептен озбай, ауыл халқының бүгінгі тіршілігі жайын көбірек сөз етуді жөн көрдік.
Шалғайдағы ауылдың тыныс-тіршілігімен етене таныс азамат алғаш рет ауыл әкімі болып келгенде елді мекен халқымен бірге жұмыла қызмет атқаруға кіріседі. Әрбір бастаманы ақсақалдармен ақылдасып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, әлеуметтік-тұрмыстың жақсаруына жағдай жасайды. Ауылда көптеген әлеуметтік нысандардың салынуына қажетті қаржының бөлінуіне атсалысады. Нәтижесінде, ауылдағы бірнеше көшеге, атап айтқанда Әйтеке би, Қазыбек би, Қ.Сейдахметов, Ғ.Мұратбаев көшелеріне асфальт төселеді. «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы барлық тұрғын үйлерге ауыз су құбырлары кіргізіледі. Ауыл халқы соңғы он жылдан бері тәулік бойы таза ауыз суды тұтынуға мүмкіндік алды. Ауыл тұрғындарының көптен күткен ұсынысы – ауылдық фельдшерлік акушерлік бекетінің жаңадан салынуына қол жеткізілді. Ауылдың айнасы – кіріберістегі ауыл паспорты да жаңаланды. Ауыл әкімшілігінің ғимараты да жаңадан салынып, қолданысқа берілді. Елді мекен орталығынан балаларға арналған ойын алаңы, спорт алаңының құрылысы тұрғындардың қуанышын еселей түсті. Бұрын-соңды ертегі болып көрінген ауыл көшелері самаладай жарқырап, барлық көше жарықтанды. Ауылдың түлегі Мейрамбек Қонақбаев Алланың жердегі үйі мешіт құрылысын жүргізіп, ауыл тұрғындарының игілігіне берді. Әрине, осынау қыруар жұмыс ауыл әкімінің іскерлік және ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жүзеге асқанына ел-жұрт куә.
– Іңкәрдария – аудандағы ең шағын ауылдардың бірі болғанымен, елді мекен іргесінде республикалық маңызы бар тарихи ескерткіш орналасқан. «Мүлкілан баба» кесенесіне келушілердің қатары көп. Биыл ескерткішке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар ауылға халықтың игілігі үшін ауыз суға жаңадан су мұнарасы орнатылды. Биыл ауылдағы А.Құнанбайұлы, Ж.Жабаев, Қ.Сейдахметов көшелеріне асфальт төсеу, фельдшерлік акушерлік бекетке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы жылдың келесі жартыжылдығында қатты қалдық тастайтын қоқыс алаңы салынады. Ауылішілік көшелерінің ой-шұқырын жамау жұмыстары жүргізіледі, – дейді ауыл әкімі.
Халқы небәрі 815-ті құрайтын ауылда 160 отбасы бар. Ауылдың берекесі – қазыналы қарттардың қатарында 4 тыл ардагері, 61 зейнеткер бар. 34 мүмкіндігі шектеулі жан, 11 «Алтын алқа» және 10 «Күміс алқа» иегері – ауыл халықының бір бөлігі.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдаудың ұлттық жобасы» аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант бойынша ауылдық округтен 6 адам грант алып, жұмыс істеуде. Олардың дені мал шаруашылығымен айналысады және бір кәсіпкер желімдеу орталығын ашып, кәсібін дөңгелетуде.
– Сәулет Шәкібекұлы 2010 жылдан бастап ауыл әкімі болып қызмет атқарып келеді. Әкімнің іскерлігін айтатын болсақ, ауылдың ауыз су жүйесі жаңартылып, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, электр жарығы толығымен ауысып, халық игілігін көруде. Ауыл халқының егін, мал шаруашылығымен айналысуына байланысты ұзындығы 14 шақырым «Ақтам-1» каналын қаздырып, көшелерге жаңадан асфальт төселді. Ауылдағы аз қамтылған отбасыларға қол ұшын беру, қайырымдылық жасауда қосқан үлесі зор деп есептеймін. Мемлекеттік қызметкерге қажетті барлық қасиет бойында бар, әдепті, ешкімнің бетіне келмейтін қарапайым азамат. Ел Президенті айтқандай, Әділетті Қазақстан құру үшін мемлекеттік қызметкер адал әрі әділетті болуы керек. Осындай әкіммен біздің ауылда әлі талай жақсы бастамалар болатынына сенімдіміз, – дейді ауыл ардагері Алпысбай Жүгінісов.
Ардақты азамат – мемлекеттік қызметте адал азамат болса, отбасында да арқасүйер отағасы, 3 ұлдың әкесі, 5 немеренің атасы. Жұбайымен бірге балаларына жақсы білім мен тәрбие берді. Үлкен ұлы Айбек – жеке кәсіпкер, ортаншы ұл Нұрбек ауылдағы су жүйесінде оператор болып қызмет атқарады. Үшінші ұлы Жеңісбек те қызмет бабымен Қызылорда қаласында тұрады.
Мемлекеттік қызметте қарапайым болу ұстанымын биік қоятын ауыл әкімі қызметіндегі ел ағасына абырой тілейміз.
Бибісара ЖАНӘЛІ