Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылы ардақтаған азамат

Ауылы ардақтаған азамат

Он алты жылдан бері аудан орталығына көршілес Асқар Тоқмағамбетов атындағы ауылдық округті басқарып, нәтижелі еңбек үлгісін көрсетіп келе жатқан Ғабдолла Алданазаров ­туралы ауылдастары да, былайғы танитын кісілер де жақсы пікірде. Қай-қайссынан сұрасақ та, «Ғалекең деген адалынан­ еңбек етіп, ауыл­ды көркейтіп-көгалдандыруға үлес қосып ке­ле жатқан жан. Еңбекқорлығы мен айналасын нұрландырып жүретіндігі және бар. Ауылдың жан-жақты дамуына көп ­көмегі тиюде» деп мақтай жөнеледі.

Иә, басшымын деп бұйрық беріп қана оты­руды білмейтін Ғабдолла ағаның еңбекқор­лығын сұхбат құруға барғанда ауланың тазалық жұмыстарына белсене кірісіп кетке­нінен-ақ аңғардық. Үлкеннің де, кішінің де көңілін тауып, мемлекеттік қызметкердің на­ғыз үлгісін көрсетіп жүрген ауыл әкімі туралы жылы лебізді еңбек ардагері Манат Есенбаева білдірді.

– Ғабдолла – осы ауылда туып, ауыл мекте­бін бітіріп, кейін Алматы ауыл шаруашылығы институтының ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетін бітірген инженер-механик. Институтты бітірісімен туған жерге келіп бригада механигі болып жұмысқа араласып кетті. Кейін шеберхана меңгерушісі, бас инженер-механик қызметтерін абыроймен атқарды. Аудандық мәслихат депутаты болған жылдары да ауыл мәселесін жоғары жаққа жеткізе алды. Яғни, ауылдың жай-күйімен бала күннен таныс, осы ауылдың сайы мен ойын түгел білетін адам. Көпбалалы отбасынан шыққан. Әкесі Рүстем Алданазаров – өте білікті, білімді, бүкіл ғұмырын ауыл мектебіне арнаған азамат. Анасы Зейнеп – он бір баланы дүниеге әкелген алтын жұлдызды «Батыр ана». Осындай ұлағатты отбасынан тәрбие алған Ғабдолла өзінің бар күш-жігерін ауылға жұмсап келе жатыр. Ғабдоллаға қызмет бабында жоғарылауға көп мүмкіндік болды. Тіпті, ауданға жақсы қызметке ұсыныс болғанына өзім куәмін. Бірақ ол ауылдан кіндік үзгісі кел­меді. Бар еңбегін ауыл халқының жағдайын жақ­сартуға арнап келеді. Ауыл әкімі қызметіне сайланғалы бері де талай шешуі қиын шаруа өз жолын тауып жатты. Оның еңбегін ел-халық біліп отыр. Адам жасаған өмірінің ұзақ­тығымен емес, елге сіңірген еңбегімен ба­ғаланады, – дейді еңбек ардагері.

Өзі де кезінде ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқарған Манат Есенбаева ауыл әкіміне жүктелер міндет көп болғанымен, оны жүзеге асырудың толық мүмкіндіктері бо­ла бермейтінін және айтып өтті. Осы ретте, талай басшының ебін таппаған шаруаларын үйлесімді реттеп, ауылды көгалдандырған Ғабдолла Рүстемұлын «ауыл тарихында өзінің жақсы қолтаңбасын қалдырып үлгерген азамат» деп бағалайтынын айтты.

Көптің алғысы мен ризалығына ие болған Ғабдолла Алданазаров расында да ауылдық округтің жаңа заман талабына орай жаңаруы­на қолынан келгенше тиісті жұмыстарды жасап келеді. Сөзімізге дәлелді ақын атын иемденген ауылдың облыс бойынша ең бірінші болып ауыз суды әр үйге кіргізуге жағдай жасауы­­нан аңғарсақ болады.

– Ауыл тұрғындары ауыз суды орталықтан тасып ішетін еді. Бұл шет жақтарда тұратын тұрғындар үшін қиындық туғызатын. Жақын жердегілерге де, әрине, оңай емес. Осы мә­селені көтеріп облысқа жеті рет барыппын. Ешқайссы өнімсіз болды. Сол кезде Алмагүл Божанова апайымыз облыстық мәслихат депутаты еді. Ниетің түзу болса, Жаратқан да жақсы адамдарды жолықтырып қояды ғой. Алмагүл апайдың көмегімен мәселе оңтайлы шешім тауып, елді мекен облыс бойынша ауыз суы әр үйге жеткізілген бірінші ауыл болған, – дей­ді өткен кезеңге оралған Ғабдолла аға.

Одан бөлек қазір ауылдық округте интернет желісі де орнатылған. Көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін де тиісті жұмыстар жасалуда. Ауылдық амбулаторияның жаңа заман талабына сай жөндеуден өтіп жатқаны да үлкен жұмыстың нәтижесі деп білеміз. Мем­лекеттік қызметкердің Әдеп Кодексін қызмет барысында қатаң ұстанатын білікті басшы мемлекеттік қызметтің оңай сала емес екенін айтады.

– Оңай жұмыс емес. Мемлекеттік қызметшіге ең алдымен мәдениеттілік, сыпайылық керек. Жауапкершілік пен ерік-жігердің мықтылығы да қатар жүруі тиіс қасиеттер. Тілектес адамдармен қатар сыншылар да жиі ұшырасып жатады. Жан-жақты болып, барлығына үл­геріп отыру қажет. Кейінгі буынға айтарым, жұмыстан, қиыншылықтан, жауапкершіліктен қашпау керек, – дейді тәжірибелі маман.

Көпбалалы өнегелі отбасынан тәлім мен тәрбие алып өскен Ғабдолла Алданазаров – қарапайым жан. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, әке мен ананың үлгісін көріп өскен азамат бүгінде өзі құрған отбасын да айрандай ұйытып, ұл-қызы мен немерелерінің қызығын көріп отырған жайы бар. Жұбайы Кенжегүл апамыз – жоғары санатты ұстаз, бүгінде білім саласының ардагері. Екеуі екі ұл мен екі қызды тәрбиелеп өсірген. Ұлдың үлкені әке жолын қуып мемлекеттік қызмет саласында абыройлы еңбек етуде. Екінші ұл – әскери қызметкер. Қыздар анасына қарап бой түзеген. Екеуі де ұстаздық ұлы жолды өмірлік мамандық етіп таңдаған. Көпбалалы ұлағатты жанұяны ұл мен қыздан тараған он немере мен жиеннің күлкісі қуанышқа бөлейді.

Қызметтен бөлек ұсталық өнері бар Ғаб­долла аға құрылыс жұмыстарына да епті еке­нін айтып қалды. Одан бөлек ауласындағы төрт түлік пен бау-бақшаны баптауға да уақыт табады. Ауылды көркейту жолындағы еңбегі басшылық тараптан еленіп, «Сырдария ау­данының 90 жылдығы» төсбелгісімен, облыс, аудан әкімдерінің арнайы марапаттарына ие болған. Сондай-ақ 2010 жылы «Сырдария ауданының үздік ауыл әкімі» атағын алуы да лайықты марапат деп білеміз.

Өмірі, отбасы, қызметтегі адалдығы, еңбек­сүйгіштігі мен жауапкершілігі кейінгі буын жастарға үлгі болған азаматты мемлекеттік қыз­метшілердің кәсіби мерекесіне орай көпке өнеге етуді жөн санадық. Адал еңбегімен ауыл тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырып үл­гірген Ғабдолла Рүстемұлының алдағы жос­парларына сәттілік тілей отырып, кәсіби мерекемен құттықтаймыз!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
24 маусым 2023 ж. 209 0