Ауыл халқы тасаттық берді
Соңғы күндері күре жолдың бойында жол апаты жиілеп, көпшілік қайғылы қазаға ұшырап жатқаны анық. Осы мәселеге байланысты басылымның №101 санында «Жол мұраты – жету» тақырыбында мақала жарияланған болатын. Бұл ретте, әркез ұйымшылдық үлгісін көрсете білетін Асқар Тоқмағамбетов ауылының жұртшылығы соңғы жағдайлардың алдын алу мақсатында құрбандыққа ірі қара мал шалып, тасаттық берді.
Асқар Тоқмағамбетов ауылдық мешітінде жүзеге асқан тасаттық беру рәсімінде ауыл әкімі Ғабдолла Алданазаров, қоғамдастық жиынының мүшелері, еңбек ардагерлері қатысып, қайғылы оқиғаларға қатысты тілеулестік білдірді. Сонымен бірге жол апатынан жапа шеккен жандардың рухына арналып ас берілді. Ауылдық мешіттің бас имамы Дархан Бодықов Құран бағыштап, сауапты іс жөнінде жиналған көпшілікке мол мағлұмат берді.
– Ауылымызға қарасты жолдың бойында бірнеше жол апаты тіркелді. Адам шығыны орын алғаны жанымызға аяздай батты. Шын мәнінде, тасаттық беріп, құрбандыққа мал шалу – ежелден келе жатқан дәстүр. Жергілікті халықпен бірге көршілес Тереңөзек кенті мен Сәкен Сейфуллин ауылынан арнайы қонақтар шақырылыпты. Өзім ауруханада жатсам да, ел азаматтарының, замандастарымның игілікті ісіне риза болдым. Ауылдық мешіт асханасының меңгерушісі Мақпал қызымыз сауапты істің басы-қасынан табылыпты. Әрқашан жұдырықтай жұмыла білетін ауыл халқының ауызбіршілігі мол болсын, – дейді бізге хабарласқан Пауедин Сақыбеков.
Ынтымақа ұйысқан ауыл халқының ниеті қабыл болсын дегіміз келеді. Айта кетейік, тасаттық берген көпшілік 11 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетті.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ