Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үлгілі мемлекеттік қызметші

Үлгілі мемлекеттік қызметші

Мемлекеттік қызметші – мемлекеттік саясатты жүргізудегі ең басты және қозғаушы күш. Сол себепті мемлекеттік қызметшілер өз елінің, Отанының шынайы патриоты, әділ әрі өз ісіне адал болуы қажет. Өз ісіне берілген, білімі мен біліктілігі жоғары, адамгершілігі мол, мінез-құлқы келіскен, отан­­сүйгіш азаматтардың мемлекеттік қызметте болуы кез келген сала жұ­мы­сына серпін берері сөзсіз. Міне, осындай қасиеттермен халыққа қалт­қы­сыз қызмет етіп келе жатқан Жеңісбек Үсенұлы Төрәлиевтің мемлекеттік қызметтегі орны бөлек және аудан мәдениетін дамытудағы еңбегі ерекше.

Мемлекеттік қызметтегі тәжірибелі маман­ның ауданның мәдениет саласындағы еңбек жолы қазақ елі өз Тәуелсіздігін жариялаған жылы басталған. Оған дейін қарапайым шаруа кісі болған Үсеннің шаңырағында тәрбиеленген жас бала орта мектепті бітіріп, өз болашағын өнер және мәдениет саласымен байланыстыруды қалайды. Сол арман жолында Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтына оқуға түскен. Мұнда ол «Мәдени-ағарту жұмыстарының әдіскері» мамандығы бойынша жоғары білім алады. Дипломы бар жас маман аудандық мәдениет үйіне жұмысқа келеді.

– Арайлы Азаттың таңы атқан жыл. Қан­шама ғасыр ата-баба аңсаған егемендікке қол жеткізу біз секілді жас буынның еншесіне бұйырды. Халықтың қуанышында шек болмады. Міне, сол жылы ауданның мәдениет саласына қызметке келдім. Алғашқыда аудандық мәдениет үйінің әкімшісі болып еңбек жолым басталды. Одан соң аудандық мәдениет бөлімінде аға инспектор, аудандық мәдениет үйінде аға әдіскер, мәдениет үйінің директоры қызметтерін атқардым. 1998 жылға дейін осы салада жүріп тәжірибе жинақтадым. Одан кейінгі уақытта мемлекеттік қызмет саласына ауыстым, – дейді Жеңісбек Үсенұлы.

Жаңа ғасырдың бастапқы кезеңінде елдегі ахуал, қызметтегі жағдай енді қалыптаса бастаған болатын. Яғни, енді ғана еңсе тіктеген елдің ішкі саяси ахуалы тұрақты болғанымен, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жылдам ретке келтіру міндеті тұрды. Міне, осындай сындарлы шақта ауданды дамыту Ж.Төрәлиев секілді жас мемлекеттік қызметшілерге жүк­телді. Ол Сырдария ауданы әкімі аппа­ратының ішкі саясат және әлеуметтік сала секторының аға маманы, сектор меңгерушісі, бөлім бастығы қызметтерін жауапкершілікпен, абыроймен ат­қарып, халыққа қызмет көрсетті.

Тәжірибесі толысқан мемлекеттік қызметші 2005-2006 жылдары аудан әкімі аппараты ұйымдастыру, бақылау және кадр бөлімінің бастығы, аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі қызметінде болды. Жұмыс жауапкершілігін білетін, соған орай талап та қоя алатын басшы ауданның ішкі саяси ахуалының тұрақты болуы­­на, мәдини-рухани саланың дамуына ең­бек ете білді.

– Мемлекеттік қызметте ел-халық үшін қыз­мет қылатын сарбаз боласың. Қай салаға жіберсе де жұмысты аса тиянақтылықпен, жа­уапкершілікпен атқаруға тиістісің. Осы бағытта мен 2006-2012 жылдары аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы қызметін атқардым. Біле білгенге, түсіне білгенге ауданның ішкі саясат саласы – өте ауқымды және қиындығы мол сала. Бірақ мемлекеттік қызмет жұмыстың оңай, қиындығымен өлшенбейді, тек нәтижелі жұмыс қана мерейіңді өсіреді. Сондықтан қай кезде де жұмыстың нәтижелі болуына қызмет етіп келемін, – дейді тәжірибелі маман.

Жеңісбек Үсенұлы одан кейінгі кезеңдерде басшылық лауазымдарды абыроймен атқарды. 2012-2015 жылдар аралығында аудан әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бө­лімінің, 2015-2017 жылдары аудан әкімі ап­паратының, 2017-2023 жылдары аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметінде сала жұмыстарына серпін берді. Бүгінде аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарып, биылдан бастап қосылған қос сала жұмысын жан­дандыруға қызмет атқаруда.

Мемлекеттік қызметтегі 25 жыл ішінде марапат мінберінен талай рет көрініп, қызметі көпке үлгі етілген. Мәселен, өзінің лауазымдық міндеттерін үлгілі және тиісті тапсырмаларды мүлтіксіз орындап жүргені үшін облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алғыс хатымен, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Құрмет грамотасымен, облыс, аудан әкімінің және «Аманат» партиясының Алғыс хатымен марапатталған. Ерекше атап өтерлігі, Ж.Төрәлиев – ҚР Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігінің «Үздік мемлекеттік қыз­меткер» төсбелгісімен марапатталған ау­дандағы жалғыз мемлекеттік қызметші. Оған қоса, биыл қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісін де омырауына тақты. Бұл мемлекеттік қызмет саласында еңбек өтілі көп, білікті, тәжірибелі маманның қызметіне деген лайықты құрмет екені сөзсіз.

Аудан дамуына еңбек сіңірген Ж.Төр­әлиевтің өмірлік серігі Гаухар Сәрсенбаева да мәдениет саласын дамытуға еңбек етіп жүр. Сахна саңлағы «ҚР Мәдениет саласының үзідігі» атанған. Ерлі-зайыпты бір ұл, бір қызды жетілдіріп, бүгінде олардан немере қызығын көруде. Ұлы Сұлтан – аудандық білім бөлімінде әдіскер, қызы Жібек Алматыдағы С.Асфендияров университетін биыл бітереді.

– Аудан әкімі болған А.Божанованың ке­зінде жұмысқа қабылданып, содан бергі бар­лық әкіммен қызмет жасап келемін. Бастапқы кездегі жұмыстың тәртібі сол шақтағы жағ­дайға байланысты ерекше болды. Түске дейін кеңседе қағазбен жұмыс істесек, түстен кейін бекітілген елді мекен мен кент орталығындағы көшелердің ауыз су, аяқ су мәселесін, салыққа берешегі, жарық, судың төлемі, халықтың несиесін өндіру секілді жұмыстарды атқардық. Егін жинау науқанында күні-түні қырман басында болдық. Осы жұмыстарды іске асырып, күнделікті таңертең атқарған жұмыстар туралы есеп беріп оты­ратынбыз. Сол шақтан бас­тап аудан дамуына үлес қосқан Ә.Хожбанов, Қ.Сәрсенбаев, Т.Татиханов, Ж.Та­ғыбаев, Ж.Айсин, С.Сәдуақасов секілді ағалардан тә­жірибе жинақтап, сала жұмысына төселдік. Бүгінде мемлекеттік қызмет саласында ме­рейіміз артып, жауапты жұмыстарды атқа­рып келемін, – дейді Жеңісбек Үсенұлы.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
20 маусым 2023 ж. 258 0