Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Басты мақсат – тұрғындар сенімін ақтау

Басты мақсат – тұрғындар сенімін ақтау

«Білектінің заманы өтті, білімдінің заманы келді». Бұл хан Абылай­дың осыдан бірнеше ғасыр бұрын айтқан сүбелі сөзі. Расында да қа­зір біліммен, парасатпен, жаңаша ойлаумен ғана өзгеден көш іл­ге­рі озуға болады. Мемлекеттік қызметшінің бойында білім мен бі­ліктілік ұштасса, ел жарқын жетістіктерге жетіп, биік белес­терді ба­ғындырады. Сондықтан бұл салада тек білімі мен білігі ұштас­қан мамандар қызмет атқаруы қажет. Осы орайда «23 маусым – Мем­ле­кеттік қызметшілер күні» мерекесіне орай аудан әкімі аппара­ты­ның басшысы Рысбек Болатұлы Шайхиевпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Рысбек Болатұлы, Мемлекет басшы­сы соңғы үш жылда мемлекеттік бас­қаруға қатысты бірқатар саяси ре­фор­маны жария етті. Оның бәрі әрбір мемлекеттік қызметшіге, қала берді әр азаматқа жауапкершілік жүктейді. Сіздің пікіріңізше, Жаңа Қазақстандағы мем­лекеттік қызмет қалай ұйымдастырылуы керек? Бүгінгі сұхбатымызды мемлекеттік қыз­мет саласындағы жаңалықтар мен басым бағыттардан бастасақ.

– Байқасаңыз әр Жолдауда міндетті түрде мемлекеттік қызмет саласы туралы айтылады. Мемлекет басшысы өткен жолғы Жолдауында «Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру. Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі» деп атап өтті. Бұл қоғамдық санаға серпін беріп, елдің ертеңгі күнге сенімін арттыруда. Президент атап өткендей, біз мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа сая­­си мәдениетті қалыптастыруға міндеттіміз. Ал бұл мақсатқа жету үшін әрбір адам және бүкіл қоғам, құндылықтарымыз түбегейлі жаңаруға тиіс.

Президент «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деп үнемі айтып келеді. Осыған сәйкес, Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызмет бюрократияға жол бер­мейтін, сервистік сипатта ұйымдастырылуы керек. Бұл – халықтың талабына сай болу, ел­дің қажетінен шыға білу деген сөз. Бүгінде халық тарапынан мемлекеттік органдардың қызмет көрсетуіне қатысты кейбір көңіл тол­­маушылықтардың бары жасырын емес. Осы олқылықтардың орнын толтыру – біз­дің қызметіміздің басты бағдары. Ол үшін ашық, әділ, адал, адамға бағдарланған мем­ле­кет­тік аппарат қалыптастыруымыз қажет. Мақса­тымыз – ел игілігіне қызмет ету. Жа­ңа Қазақстандағы мемлекеттік қызметті ұйым­дастыру осы бағытта жүргізілуі тиіс деп есеп­теймін.

– Ауданда қанша мемлекеттік қызмет­ші бар? Олардың кәсіби білімі мен тәжі­рибесін арттыру мақсатында қандай жұ­мыстар жүргізілуде?

– Ауданда жергілікті бюджеттен қаржы­лан­дырылатын мемлекеттік әкімшілік қыз­мет­шілердің жалпыштаттық саны 128 бірлікті құрайды. Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы қазір 40 жас болса, орташа еңбек өтіл 10 жыл. Аудан әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасайтын мемлекеттік қызметшілердің 48-і әйел. Қазіргі уақытта 119 мемлекеттік қызметші нақты жұмыс жасауда. Ағымдағы жылы 12 мемлекеттік қызметшіні қайта даярлау, 37 мемлекеттік қызметшіні біліктілігін арттыру курстарынан өткізу жос­парланған, оқу семинарларына қатысу жос­парға сәйкес жүргізілуде. 2023 жылы 12 мемлекеттік қыз­метшіні тағылымдамадан өт­кізу жоспарланып, жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде, есепті кезеңде 6 мем­лекеттік қызметші та­ғы­лымдамадан өткен. 2023 жылдың есеп­ті кезеңінде бос мемлекеттік әкімшілік лауа­зымдарға барлығы 3 конкурс өткізіліп, нәти­жесінде 3 азамат қызметке қа­былданған, оның ішінде мемлекеттік қыз­метке алғаш рет орналасқандар 2 азамат бар.

– Сізге Әдеп жөніндегі уәкіл қызметі де қатар жүктелген. Осы туралы айтып өтсеңіз?

– Соңғы жылдары Әдеп жөніндегі уәкіл қыз­меті қолданысқа енді. Бұл қызмет заң­намалық тұрғыдан да реттелді. Сырдария ауданы бойынша Әдеп жөніндегі уәкіл қызметі аудан әкімі аппаратының басшысы ретінде маған жүктелген. Әдеп жөніндегі уәкілдер институтын нығайту, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімінің артуына, мемлекеттік қызметте өзара қатынастар мәдениетінің қалыптасуына, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң­наманың және қызметтік әдеп нормаларын бұзудың алдын алуға мүмкіндік береді. Жалпы Әдеп жөнiндегi уәкiл қызметтiк әдеп нормаларының сақталуын қадағалайтын және мемлекеттiк қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметшiлерiнiң Әдеп кодексi талаптары бұзылуының алдын алуды назарда ұстайды. Сондай-ақ өз функциялары шегiнде мемлекеттiк қызметшiлер мен азаматтарға кеңес беретiн мемлекеттiк қызметшi болып табылады. Биыл мемлекеттік қызмет саласы бойынша Әдеп жөніндегі уә­кілдің қатысуымен дербес бөлімдер мен ауыл әкімі аппараттарында кездесулер, семинарлар, тақырыптық талқылаулар ұйымдастырылуда. Аудан әкімдігінің ресми интернет ресурсында, барлық мекемелерде Әдеп жөніндегі уә­кілдің байланыс нөмерлері, электронды пош­тасы, қабылдау күндері орналастырылған. Мем­лекеттік қызмет департаментімен бірлесіп 6 құқықтық оқыту семинары өткізілді. Сондай-ақ 12 мемлекеттік қызметшіге және 4 азаматқа жеке консультативтік көмек көрсетілді. Бұ­дан бөлек, түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша де­партаментімен бірлесіп құқықтық оқу се­ми­­нарлар ұйымдастырылуда. Мемлекеттік ор­ганның оң имиджін және ұжымда жағымды ахуалды қалыптастыруға елеулі үлес қосқан тұлғаларды көтермелеу туралы мемлекеттік орган басшыларына ұсыныстар енгізіліп қазіргі таңда 50-ге жуық мемлекеттік қызметші марапатталды.

– Мемлекет басшысының басшылық штатты азайту бойынша тапсырмасы бар.­ Бұл тапсырма ауданда қалай орындалуда?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік аппаратты оңтай­лан­дыруға қатысты тапсырмасына және «Қы­зылорда облысының мемлекеттік органдарын басқару схемасының» жаңа жобасы аясында ағымдығы жылы Сырдария ауданында әкімшілік шығындарды азайтып, басшылық құрамды оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Осы орайда, Сырдария ауданы әкімдігіне қарасты 12 аудандық дербес бөлім 8 бөлімге дейін азайды. Яғни, 12 бөлім басшысы 8-ге дейін қысқарды. Бұл шешім мемлекеттік қыз­меттердің сапасы мен ұтқырлығына оң әсер етіп, жұмыс сапасын бұрынғыдан төмендетпей, жоғарылату бағытында өз нәтижесін беруде. Осы ретте тоқсан сайын жергілікті атқарушы орган­дардағы моральдық-психологиялық ахуал­­­­­ды анықтау мақсатында мемлекеттік қыз­мет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бекіткен нұсқада ано­нимдік сауалнама жүргізілуде. Есепті ке­зең­де аудан әкімдігіне қарасты барлық мем­лекеттік органдардың мемлекеттік қыз­метшілері қамтылды. Оның қорытындысы бар­лық атқарушы органдарда өткізілген се­ми­нар-кеңестерде қаралып, ұжымдарда ал­да­ғы уақытта жүргізілуге тиісті жұмыстар нақтыланды.

– Саладағы әкімшілік құқық бұзушы­лықты алдын алу және болдырмау бо­йынша қандай жұмыстар жүргізілуде? Сон­дай-ақ Әдеп кодексінің нормаларын сақтау бойынша қандай шаралар атқа­рылды?

– Сұрағыңыз өте орынды. Бұл – облыс әкім­дігінің және прокуратураның қатаң бақы­лауында тұрған мәселе. ҚР Бас прокура­ту­­ра­­сының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің базасында қалыптастырылатын әкімшілік жазалар банкіне тоқсан сайын мониторинг жүргізілуде. Әкімшілік құқық бұзушылық жа­саған мем­лекеттік қызметшілерге қа­тысты тиісті шаралар қабылдау бойынша тиісті мемлекеттік органдар басшыларына ұсыныстар енгізілуде. Аудан әкімі аппараты тарапынан мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің нормаларын сақтауы бо­йынша әлеуметтік желілерге күнделікті мониторинг жасалуда. Нақты ке­зең­де аудан әкімі аппараттары мен жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдары мемлекеттік қызметшілерінің әлеу­меттік желілерлегі парақшаларына жүргізілген мониторингтің нәтижесінің бірқатар қыз­метшілердің «facebook», «vk», «instagram» әлеу­меттік желілеріндегі парақшаларында Әдеп кодексінің нормаларын сақтамау дерек­тері анықталған жоқ.

ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқ­сандағы №153 Жарлығымен бекітілген Қа­зақстан Республикасы мемлекеттік қызмет­шілерінің Әдеп Кодексінің 5-тармағының талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылған сынға себепкер болмауға тиіс екендігі көрсетілді. Қазіргі таңда аталған мәселе Әдеп жөніндегі уәкілдің тікелей бақылауында және үнемі қатаң қадағалануда. Осыған орай, барлық мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыру жүктелді. Сондай-ақ мемлекеттік қыз­метке алғаш қабылданған Әдеп кодексінің мә­тінімен және мемлекеттік қызметтегі шектеу­лермен формальды түрде танысып қана қоймай, оларды толыққанды ұғыну үшін мекеме басшыларына және тәлімгерлерге мемлкеттік қызметке алғаш қабылданған тұлғаларға Әдеп кодексін және шектеулерді егжей-тегжей түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылған.

– Кейде мемлекеттік қызметшілер жұмыстан тыс уақытта да жұмыс істейді деген ақпарат айтылып жатады. Бұның алдын алу үшін ауданда қандай шаралар қабылданған?

– Мемлекеттік қызметшілердің артық жұ­мыс істеуінің және қызметтік автокөліктерді мақсаттан тыс пайдалану фактілерінің алдын алу мақсатында рейд жұмыстарын жүргізу үшін жұмысшы топ құрылған. Топ мүшелері тұрақты түрде рейд жүргізуде. Сырдария ауданы әкім­дігінің мемлекеттік мекемелерінде жұмыс уа­қыты аяқталғанда компьютерлерді автоматты түрде өшіру бағдарламасы орнатылған. Ау­дан әкімі аппаратының ғимаратында және аудандық бюджеттен қаржыландырылатын мем­лекеттік органдар орналасқан мекемелер үйі ғимараттарында мемлекеттік қызмет­шілердің жұмысқа кіріп-шығуін бақылайтын СКУД жүйесі жұмыс жасауда.

– Сұхбатыңызға рақмет. Қызметтері­ңіз­ге табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан
Ақтөре Ибрагимұлы

20 маусым 2023 ж. 182 0