Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Талайдың өмірін тежеген

Талайдың өмірін тежеген

Талай тағдыр иесінің тажалына айналған нашақорлық бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды. Негізінен, өмірі үшін арпа­лысқан жандар қоғам індетінің құрсауынан шыға алмасы­ анық. Шын мәнінде, ересектермен қатар, жастар арасында нашақорлық фактілері өршіп келеді. Ресми дерек бойынша әрбір бесінші жас есірткіге тәуелді екенін біле тұра, қауіпті кеселдің тамырына балта шабу әсте мүмкін емес.

Еліміз бойынша есірткіге тәуелді жандарды оңалту тұрақты жүргізілгенімен, есірткі тектес заттар формасы түрленіп шығуда. Жылдар бойы есірткіні өңдейтін қаншама орталық, зертхана секілді арнайы орындар жойылғанымен, синте­тикалық есірткі пайданалатын жастар қатары жетерлік. Жалпы, зерттеулерге көз жүгіртсек, синтетикалық есірткіге интернет және электронды тапсырыс беру арқылы қол жеткізуге болатындығы дәлелденген. Мектеп жасындағы жеткін­шектер ауыз сала бастаған есірткі жарнамалайтын және тарататын Алматы қаласының өзінде 73 интернет-ресурс анықталған. Айта кетейік, егерде есірткіні жарнамалауға жол берген жандар анықталса, Қылмыстық кодекстің 299 бабының 1-1-бөлігімен жауапқа тартылады екен. Әрине, талай жанның тағдырымен ойнаған олардың тиісті жазасын алуы – құптарлық жағдай.

Жыл сайын маусым айының 26-шы жұлдызында халықаралық нашақорлыққа күрес күні аталып өтіледі. Өткен жылғы мәліметке зер салсақ, әлем бойынша соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адамдар саны 22 пайызға өскен. Яғни, дүниежүзінде 275 миллион нашақор адам бар. Қауіпті кеселдің салдарынан 500 мыңнан астам адам жыл сайын өмірімен қоштасады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің келтірген мәліметі бойынша елімізде өткен жылы 18,5 мыңнан астам адам нашақор ретінде тіркелген. Шындығында, 1,5 мың нәзік жанды мен 94 жасөспірім өз өмірлерін есірткіден қорғай алмағандар санатында. Әрине, санаға сілкініс жасайтындай көптеген іс-әрекет керек. Еріктілер мен қоғам белсенділері дәрменсіз жандарды есірткіден алшақтатқанымен, көп жағдайда нашақорлар әлсіздік танытуда.

Жалпы, еліміздегі ахуалды саралай келе, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударғанды жөн көрдік. Мәселен, аудандық емханаға қарасты наркология кабинетінің жұмысы арнайы нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске аудандық бағдарламасы шеңберінде іс-шаралар жүзеге асырылады. Сонымен қатар аудан әкімдігі жанынан құрылған нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрес комиссиясында тоқсан сайын атқарылған жұмыстар сараланып отырады. Өз кезегінде аудандық емхананың наркологы Қалдыбек Жұма­беков атқарылған жұмыстар жөнін­де мә­лі­мет берді.

– Сырдария аудандық емханасының наркология кабинетінде нашақорлықпен 42 науқас есепте тұрады. Оның ішінде, 16 науқас «Д» есепке алынған. Қазіргі уақытта 5 науқас есептен шығарылса, 2 науқас қайтыс болды. Жыл көлемінде жас­тар және білім саласы қызметкерлерімен бірлесіп, семинар, іс-шаралар өткізіп келеміз. Айта кетейік, Қызылорда облысы прокуратурасының арнайы хатына сәйкес, «Есірткісіз аймақ» жобасы шеңберінде кәмелетке толмағандар арасында ерте нашақорлықтың алдын алу және тиісті профилактикалық іс-шараларды атқару жұмыстары жасалуда. Біз қашанда жас­тар мен ересектердің есірткіден аулақ болуына барынша жұмыс жасай береміз. Мектеп оқушылары арасында сауалнама жүргізіліп, есірткіге тәуелділік ықти­малдылығы зерделенеді, – деді нарколог маман.

Әрқашан әлем елдері бойынша есірт­кімен күрес маңызды рөл ойнайды. Дү­ниежүзі болып, кеселмен арпалысқан қоғамда есірткісіз орта қалыптастыра білейік.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
13 маусым 2023 ж. 181 0