Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Таласқа түссе жан мен ту...

Таласқа түссе жан мен ту...

Ақын Қайырбек Асанов ағамыздың қазақтың дара данасы Абай атамызға арналған керемет өлеңі бар.

Сол жырда ақын жү­регі:
«Өлең – Айдың сәулесі,
Өлең – Күннің жарығы.
Абай – жырдың әулиесі,
Абай – сөздің алыбы» дей келіп:
«Мойындайтын жер үсті,
Ұлы ұлағат бар мұнда.
Халық әркез борышты,
Ұлылардың алдында» деп толғайды. Иә, біз қай істе де, қайбір мәселеде де Абайға, Абайдың ой-пікірлеріне сүйеніп, қазаққа айттым дей тұрып, адамзатқа сөз айтқан тұлғаны темірқазық ретінде қарастырамыз.

Тектіліктен нәр алып, тәрбие мен ізгілікке білте суарған қа­зақтың дара данасы Абай атамыздың жұрт жақсы білетін отыз тоғызыншы қарасөзі бар. Сонда былай делінген екен. «Бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болса да, артық екі мінезі бар. Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болған. Көш қоңды болса, дау жанжалды болса, билік соларда болады. Екінші мінезі – намысқорлық екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе-араздыққа қарамай, жанын салысады». Алыстан сермеген ақын ойы осылайша сәу­лелі сөздің түбіне көңіл шамшырағын түсіреді. Бүгін осы сөзді те­реңірек тарқатып, талдап, таразылап көрсек.

Абыз ақын бұл жерде елдіктің белгісін, бірліктің үлгісін, та­тулықтың түпкі мәнін айтып, жұртқа ауызбіршіліктен асқан ба­қыттың жоқ екенін жеткізіп отыр. Өз ырқы өзінен кетіп, ел­дігінен ажыраған кей ағайынның бар екенін және ат құйрығын кесіскендей бөлініп, аярлық ақпарға қанығып жүрген заманда ынтымақ пен ымыраға қазық байлау керектігін қаперге салуда. Расында да бес жасар баласынан жер бесікке таяп қалған қартына дейін адалдықты дәріптей білген халықтың ең басты ұстанымы ауызбіршілік емес пе еді. Кешегі баһадүр батыр бабаларымыз да ерлік пен елдік дәстүріне сызат түсірмей, жүректің түбіне тұмар етіп тағуды тұспалдауының түпкі мәні Абай атамыз айтқандай намысқа келіп тіреледі. Сондықтан отыз тоғызыншы қарасөздегі ақынның ойы, бұл – ақылманның халық ғұмырына мәңгілік азық болар парасатты толғамы.

Қай кезеңде болмасын елдің берекелі бірлігін бекемдеу абыздар мен алыптардың ең басты парызы саналған. Сондықтан сонау Күлтегін жазбаларында, Білге қаған өсиетінде бекті-хал­қының жауласқаны, ағалы-інінің дауласқаны салдарынан ел­дігінен айырылған қағанаттың қайғылы тарихы баяндалады. Ел екіге айырылған тұста Сыпыра жырау, Асан қайғы секілді алыптарымыз аталы сөздің ардасы, арлы мәтелдің жорғасы болып, барлық береке бір болудан, татулық пен тектіліктен тамыр жаятынын нұсқады. Би бабалардың түбін тауып шегелеп, шешендіктің шеңберін кеңейткен, атадан балаға мирас болып бізге жеткен бірлік хақында ойлы да зілді өсиетнамалары көп. Бұл біздің бір тудың астына жиналып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығаруымызға да өз септігін тигізді. Сын сағатта жұмылып жұдырық болуымызға негіз болды.

Қос ғасыр тоғысқан, жаһандануда қарусыз соғысқан қоғамда асыл іске қол созу, мәйекті сөздердің нәрлі сөлімен ауыздану Абайдай текті туған азаматқа парыз болса керек. Таным мен түсінудің аражігін ажырата айтсақ, барына малданған, дүниеге алданған ұрпақтың өсіп келе жатқанын аңдаған данышпан ақын, халықтың бірлікті бесігінде тербетер табанды тау тұлғалардың бекзат болмысына зәру екенін сезді. Сондықтан оның әр сөзінде тау мүжіліп тас болмасына, жақсының елге қас болмасына сенер жұрттың сәулесі жарқырап тұр. Абайдың сөзі ғасырдың суық желі ессе де, дауыл борап, бұрқасын булығып жетсе де өшпек емес. Себебі онда көкіректің көзі болып саналар жұдырықтай етке бекініп, бекем бірлікке шақырған, Ұлы далаға жарық шашқан рухани шам бар. Сол шамды жаққан, ұлттың жаңа болмысын түзуде аянбай еңбек еткен Алаштың арыстары еді. Сайын сахарада жанартаудай жарылған жалын жүректі Алаш арыстарының аңсары ел көсегесін көгертумен астасты. «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп, мұнармен бүркелген қараңғы қоғамды қысастық пен құсалықтан құтқаруды армандаған арыстар бір тудың астынан табылып, халықтың намысын қайрап, бірлікке шақырды. Одан кейін сол арыстардың жалғасы болған ақындар «Таласқа түссе жан мен ту, жан емес маған керегі» деп жұртты елітті. Біз бұдан бірліктің, бір болудың берекеге бастайтынын, қай кезде де ұлт үшін ұлы ұғымдардың санатында ту, елтаңба және ортақ ұран бар болғанын анық аңғарамыз. Сондықтан да ежелден ұлысты ұйыстырып, нар намысын оятқан, елдік бірлік пен мемлекет тұтастығының бас рәмізі тұғырлы ту, желкілдеген айдынды байрақ деп нық сеніммен айта аламыз.

Ел басына екіталай күн туса, ардан да биік тұратын тұғырлы тудың жығылмауы – «жаным – арымның садағасы» деп білетін халықтың ең ұлы ерлігі. Бүгінде ел азаматтарының әлеуметтік желілерде, қоғамдық орындарда «Мен туымды мақтан етемін» деп лебіз білдіруі – сол аспан түстес көк байрағына деген пер­зенттік сезімінің ұшқыны іспетті. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Twitter желісінде жастарға үн қосып, азаттығымыздың айғағы, тәуелсіздігіміздің тұмары болған көк байрағымызды патриотизмнің көрінісі ретінде еркін қолдануға, мақтан етіп әр үйдің төріне ілуге мүмкіндік беру туралы толғана айтуы қоғам тарапынан қызу қолдау тапты. Өйткені Алаштың абыройын асқақтатқан аспан түсті көк байрағы – ұлттық тұтастығымыз бен елдік бірлігіміздің мызғымас айбары, рухымыздың асқақ айбыны, абыз Абай айтқан ауызбіршілік пен намысымыздың асыл қайрағы. Сол себепті де ол әрбір үйдің шаңырағында, әрбір мекеменің төрінде, әр қаланың ең көрнекті жерінде желбіреп тұрса, ұлттық рухымыздың да асқақтай түсері анық.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
03 маусым 2023 ж. 117 0