Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сахна жауһарына айналған жұп

Сахна жауһарына айналған жұп

Өмірде де, өнерде де есімі қатар аталатын Бақытбек Алпысбай пен Кәмила Әбжанованы Сыр елінде білмейтіндер кемде-кем. Екеуі де – Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының актерлары, сахна өнерінің сардарлары. Бірі Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, бірі – Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайраткері. Бұл – өнер адамына берілетін ең жоғарғы атақтар. Осының өзі-ақ біз айтқалы отырған сөздің тінін тарқатады.

Жетпіс деген жасты жартылап қал­са да Бақытбек аға мен Кәмила апаның сахнадағы образы ортайған жоқ, тіпті, екеуінсіз сахна сәнінен жаңылып қалғандай болар еді.

Әрине, мұндай бедел мен берекеге түп-түзу жолмен оп-оңай жету мүмкін емес. Сахнаға бауыр басу, өнерді сүю үшін дүние қызығын тәрк еткендей тағдыр кешу керек шығар, бәлкім. Бұлай дейтін себебіміз де бар. Егер Бақытбек аға мен Кәмила апа күллі өмірін сахнада өткізбесе тірлік рахатына кенеліп отырар еді. Бірақ, олардың таңдаған жолы өзі жанып, жарығын айналасына шашқан шамдай өзгеге рухани байлық сыйлауға арналды.

Сахнаға жүрегімен байланып қа­латындар – барар жер, басар тауы жоқтар емес, жанын өнерге пида еткендер. Әйтпесе, талайлар бағын сынап көріп, баспалдақтан жоғары көтеріле алмады. Баяғыда «Бажалар мен балдыздар» деген қойылымның басты ролін ойнайтын бір әріптесі Жетісайға гастрольмен барып, ертең спектакль болады деген күні бір жі­гітпен қол ұстасып қашып кеткен. Сөй­тіп, қойылым болмай қалды, билет алып шұбырып келген жұрт алдында театр ұжымы ұятты болды. Мұндай хикаяттың қайсысын айтар­сың.

Қанша оқиғаның ортасында жүр­се де, Бақытбек пен Кәмила сахна киесін бойтұмар қылып таққан жан­дар. Менің пайымымда, өнерде жолы болмайтындардың бойындағы ата тектен келетін талант деген тыл­­сымның қуаты кемшін. Таланты тегеурінді адам бекзат өнердің биі­гіне шығады. «Қап түбінде алмас кездік жатпайды» деген сөздің төр­кіні – сол.

Біз енді кімдер жайлы айтып отыр­ғанымызды нақтылай түсейік. Бақыт­бек Алпысбаев 1947 жылы 20 қыркүйекте бұрынғы Тереңөзек, қазіргі Сырдария ауданының Асқар Тоқмағанбетов ауылында, анығырақ айтсақ, осы маңдағы «Майлықұм» деген жерде туған. Қызылорда астана болып тұрған жылдары әкесі Қос­танай жақтан көшіп келген екен. Ол кісі ауыз әдебиетін жетік білетін, тілі өткір, ақиқатсүйгіш адам болыпты. Сірә, бала Бақытбектің бойында жас­тайынан байқалған өнер ұшқыны әкесінен дарыса керек. Бақыт­бек алтыншы класты ауылдан бітіріп, жетіншіде Қызылордадағы Ю.Гага­рин атындағы мектеп-интернатқа ауыс­ты. Мектеп сахнасында әртүрлі тақ­пақ­тарды жатқа оқып, конферан­сье болып жүрді, яғни, сахналық бағдарламалардың хабарлаушысы­ еді. Даусы ашық және жаңылмай анық сөй­лейтін Бақытбек осы кәсіпті орындай жүріп, қойылымдарға қа­тыса бастады. Мектеп мұғалімі Қыр­ғыз­бай Алпысбаев бір актілі пьессалар қоятын. Ондайда Бақытбек артист роліне енеді.

Бір күні Әбдіғұмар Кәнетов деген кісі интернатқа келіп, «Жалбыр» деген опера қойды. Әрине, артистері – оқушылар. Жеңіс Өтемісов деген ағай баянмен сүйемелдейді, опера мәтіні әнмен, ұйқасты сөздермен айтылады. Неге екенін қайдам, қоюшы режиссер Бақытбекті қорашсынып, сол операға қатыстырған жоқ. Бірде қойылымдағы үлкен рольді ойнайтын Құрманғали деген баланың шеше­сі қайтыс болып, алыс ауылдарға баратын гастрольге келе алмады. Бақытбек оның роліндегі сөз­дерді жатқа білетін, амалсыз Құрман­ғалидың орнына алынды. Сол кезде Киров, Амангелді ауылдарына барып, опера қойды. Содан бастап Бақыт­бексіз қойылым өтпейтін болды. Режиссердің көзі жетті, Бақытбек көп дайындықты қажет етпейтін және сөзден еш мүдірмейтін.

Мектептен соң Бақытбек ауылын­да екі жыл қара жұмыс істеді. Әке­сі ертерек қайтыс болған, анасына қол­ғабысын тигізді. Ақыры, Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының студиясына оқуға түсті. Студияны бітіргесін түлек­тердің арасынан ерекше көзге түсіп үлгерген оған «театр анасы» атанған Сәбира Майқанова мен қазақ театры мен киносының хас шебері Асанәлі Әшімов Алматыда қал деп қолқа салған. Бірақ, шешесі мен жасы кіші інілеріне қамқор болып жүрген жас түлектің елге оралуына тура келді. Өзіміздің де театрымыз бар ғой, қаражаяу қалмаспын деген.

Қызылордаға табаны тиісімен тіке театрға келді. Жас түлекті Асанәлі секілді майталмандардың бағала­ғанын олар да біледі, жұмысқа да тез қабылданды. Сол кезде үш күн­нен соң театр ұжымы «Айман-Шолпан» спектаклімен гастрольге шы­­ғатын. Осындағы Арыстан батыр­дың ролін ойнайтын актердің бір жағдайы болып қалған екен. «Бұл ролді сен аласың», – деді қойылым режиссері, мүмкін сынағысы келген шығар. Бақытбектің жад қасиеті дәл осы кезде тағы көрінді. Екі-үш ай дайын­дықты қажет ететін рольге ол үш-ақ күнде дайын болып шықты. Қолбасындай бала сөйтіп аяқастынан Арыстан батырға айналып шыға келген. Мұнан кейін Бақытбек «Бажалар мен балдыздар» деген комедиядағы жасы алпысқа таяп қалған адамның ролін сомдады. Сонда өзі жиырма үш жаста екен.

Бақытбек сахнада шал болып, ал, әйелінің ролін Қазақстанның ха­лық артисі Шолпан Бәкірова ойнады. Екеуінің шынайы өмірдегі айырмасы – қырық жас. Актерға өзінің жас деңгейіндегі рольді орындау қиын соға қоймас, егер солай есепте­сек. Ал, енді шал болу, оның үстіне әлгін­дей жағдайда ойнап шығу жас актер Бақытбектің бағын байлаған жоқ. Сол қойылымды көрерменнің тік тұрып қошеметтеп, мамандардың жоғары бағалағаны бар.

Өнер мамандықтары негізі оқумен келмейді, оған қанмен дарып, сүт­пен сіңген қасиет керек. Дегенмен, жоғары мектепте оқудың әсері әр жерде тиіп тұрады. Бақытбек сөйтіп, толысқан актерға айналып үл­герсе де 1994-1996 жылдары Т.Жүр­ге­нов атындағы кино және театр институтының театр факультетін сырттай оқып, үздік дипломмен бі­тірді. Бақытбек Алпысбай Сыр сахнасында комедия, трагедия, драма жанрында алуан түрлі образдарды ойнап, 250-ден астам роль сомдады. Оның бір ерекшелігі роль таңдамайды. Әртүрлі жанрда ойнай алатын кең тынысты актер. Сөзін жаттауға қиналмайды. Ал, образды ашуға келгендегі еңбектенуі нағыз азап. Күндіз бен түннің айырмасын ұмытады, демалыс күні болмайды. Кейде жас актерлер берілген тексті жатқа айтып, рольді ойнап шықтым деп ойлайды. Бақытбек оларға об­раздың тек текстпен ашылмайтынын үйретіп отырады. Өзінің кейбір об­раздарды шынайы шығару үшін небір кітаптарды ақтарып тауысып, кейіпкерін іздеп, ауыл аралап кететін кездері де көп.

Театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Актер өнері – екінің біріне қонбай­тын ерекше бақыт. Ол өзгенің өмірін жаңғырту жолында жүріп, өз өміріне тауқымет тауып алатын күрделі кәсіп. Әрбір сахналық бейне – актердің перзенті. Сол перзентті бағып-қағып, сахнаға шығарғанша актер «ата-ананың» ролінде. Өнер адамының көңілі қай кезде болмасын, көктем күніне өте-мөте ұқсас келеді. Көктем бірде шуақты, бірде жауынды, бірде дауылды. Артист – кейде сыршыл, кейде жыршыл, кейде жарқын, кейде тұйық, кейде мұңды», – деген екен.

Осы бір білікті сөзді Бақытбек Алпысбайға қатысты ойға алмай кетуге әсте болмайды. Өйткені, мұн­дағы айтылған сөз оның кәсіби болмыс кенін қазып алғандай көз алдыңа алып келеді.

Қалтай Мұхамеджановтың «Біз періштеміз бе?» атты пьесасын көр­ген­деріңіз бар шығар. Осындағы Табан есімді тергеушіні Бақытбек Алпысбай ойнайды. Сол Табан Сәкен Сейфуллинді «халық жауы» деп оққа байлаған. 1953 жылы Сталин қайтыс болып, Сәкен ақталған кезде Табан өзін-өзі атып өлтіреді. Осындай образды тамаша сомдап шыққан Бақытбек кейіпкерінің бейнесін жасау үшін апталап кітап ақтарып отырыпты. Расында, жазушы Табанның бар болмысын жазып көрсетіп беріп тұр. Бірақ, ол орындаушының бойына көшкенде қалай түрленеді? Міне, осы екі аралықты актердің өзі жасауы тиіс. Бақытбек соны біледі, білгесін іздейді. Табады және көрерменнің көңілінде қалады.

Сахна саңлағы Қазақстанның ең­бек сіңірген артистері – Оралбек Әб­дімо­мынов, Тұрысжан Айнақұлов, Қазақстанның халық артистері Шолпан Бәкірова, Серік Шотықов, Жібек Бағысова секілді майталмандардан­ көп нәрсе үйрендім дейді. Олардан бөлек, Есмұхан Обаев, Төреш Тұңғышбаев, Тастан Өтебаев, Павел Ширшов, Жақып Әбілтаев, Жақып Омаров, Мұрат Ахманов, Тұңғыш­бай Жаманқұлов, Маман Байсерке­новпен қызметтес болған. Актер ретінде өсіп-жетілуіне, әсіресе, Қа­зақ­станның халық артисі, марқұм Ерғали Оразымбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, талантты режиссер Хұсейн Әмір-Темір се­кілді аға буынның үлес қосқанын айтып отырады. Бақытбек аға сахнада – Кәмила Әбжанова, Үмігүлсім Бегі­мова, Алмагүл Артықбаева, Зә­ли­па Төлепова, Бақытбек Темір­бе­ков, Арай Көшімбаев, Ұғым Баймаханов секілді әріптестерімен бірге ойнағанда өзін еркін сезінетінін мақ­тан етеді.

«Адам баласы өмірде екі нәрседен қателеспеу керек: бірі – жар, екіншісі – мамандық таңдаудан», – деген сөз бар. Осы бір тәмсіл есіне түссе, Бақыт­бек өзін бақытты сезінеді. Өйтке­ні, мамандығы арқылы өмір­дің бір кетігіне кірпіш болып қалан­ды, өмірлік серігін тапты. Осы тұста Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері, талантты театр артисі Кәмила Әбжанова жайында сөз қозғаудың реті келді.

Н.Бекежанов атындағы драма теат­рының тарихында Кәмила Әб­жа­но­ваның есімі ерекше аталады. Қай­та­ланбас рольдерімен көрермен жүрегін жаулаған сахнагердің бойын­дағы табиғи талант жүре үйренген өнер емес, қанмен сіңген қасиет.

Кәмиланың әкесі Әбдіғалиды ба­ла кезінде өз әкесі Дайрабай дәу­лес­­кер күйші Дина Нұрпейісоваға алып барыпты. Жас баланың домбы­ра қағысына риза болған Дина менің қасымда бір-екі ай бол десе ке­рек. Бірақ, бала әкесінен қал­мап­ты. Дәулескер күйшінің ықы­ласы бе­кер аумаған екен, кейін ол бел­­гілі күйшілігімен танылып, Ро­за Бағла­нова ән салғанда оның сүйе­мел­деушісі болыпты. Міне, Кәмилаға қонған өнер тұма бастауының қайдан құйы­­латынын осыдан болжай беруге болады.

Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының студиясында Қазалыдан барған жас талап Кәмила да оқыған. Бірақ, ол кезде Бақытбек студияны бітіріп кетіпті. Сол студияда дәріс беретін өнер педагогі Алексей Лакшин са­бақ үстінде «Қызылордада менің Бақытбек Алпысбаев деген шәкіртім бар» деген сөзді жиі айтады екен. Соны естіген жас Кәмила ол кім екен деп ойлап қояды. Сөйтіп, студияны бітіріп, Орал қаласына барады. Дәл осы жерде Қызылордадан гастрольдеп келген Бақытбекпен танысады. Естіп жүрген адамын көр­генде қуанып кетеді, екеуінің сол қуаныштары жарты ғасырдан астам уақыт бойы әлі жалғасып келе жатыр. Кейде Кәмиланың «Менің бақытымның аты Бақытбек екенін Лакшин деген көреген шал айтқан» деп әзілдейтіні бар. Бірақ, ол – шыны.

Кәмила Әбжанова өте талантты артис, ол ойнаған рольге көрермен елікпей отыра алмайды. Бірге жылайды, бірге күледі. Бұл – біріншіден, өнер құдіреті, екіншіден, артистің таланты. 1972 жылдан Қызылорда театрында еңбек етіп келе жатқан Кәмила Әбжанова қасиетті өнер ша­ңы­рағында жүзден аса кейіпкердің кейпіне еніп, асқан шеберлігімен көрермен көзайымына айналды. Р.Отар­баевтың «Қандыөзек» спек­так­лінде Жалқытайдың анасын, Е.Төлеу­байдың «Жеңгетай» комедиясында Толымды, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» поэтикалық драмасында Баронессаны, М.Ф.Ахунд-заденің «Кетпейсің! Болды, кетпейсің!» комедиясында Ханперіні, Ә.Тәжібаевтің «Екі дәурен, бір ғұмырында» Ділдәні, Иран-Ғайыптың «Желжуанындағы» Бәйекті, Л.Егембердиеваның «Көресі­ні көрмей» драмасында Ақдидардың бейнесін кемеліне келтіріп ойнады. Осы «Көресіні көрмей» қойылымын автор Кәмила Әбжанованың алпыс жылдық мерейтойына арнап жаз­ған екен. Демек, Лидия Егембердиева сынды дарынды драматург Кәмиланың талантын терең тани алған және құрмет тұтқан. К.Әб­жанова фильмге де түсті. «Қозы-Көрпеш» фильміндегі Кәмила ойнаған Мақпал ролі ұлы дала анасының ұлттық болмысын паш етеді. Осы образы үшін оған Асқар Тоқпанов, Ақселеу Сейдімбеков секілді қазақ өнерінің марқасқалары жоғары баға беріпті. Кәмила Әбжанова өзінің кәсіби саласында – Шолпан Бәкірова, Әбдіғұмар Қанетов, Қыдырма және Кәшима Көпбаева, Айнатай Манасбаева, Шәріп Марденов секілді сахна шеберлерінен тәлім алған. Ал, театр тарландары – Жібек Бағысованы, Серік Шотықовты, Пахраддин Қуа­нышовты, Ізбасқан Шәкіровті, Ұлба­тай Баяділованы, Әлия Арысбаеваны, Яһуда Халықұлын, Асқарбек Сейілхановты «кеудемдегі көрігіме от жаққан» жандар деп мақтаныш тұтады.

Сыр сахнасының кемелдене түсуі­не, театр өнерінің биіктерге жетуі­не көп үлес қосқан Кәмила Әбжа­нова­ның еңбегі әркез лайықты бағаланды. «Еңбек ардагері» меда­­лін, «Қызылорда облысының құр­мет­ті қайраткері» атағын, Қазақ­стан Республикасының «Мәде­ниет қай­раткері» төсбелгісін, «Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері» ата­ғын иеленді. «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атанған талант иесі театрда белгіленген Ш.Бәкірова атындағы ауыспалы жүлдені жеңіп алды.

Сахна саңлағы өмір мен өнердегі айнымас серігі Бақытбек Алпысбаевпен елу жылдан аса уақыттан бері жұп жазған жоқ. Оларды қосқан театр­дың киелі қарашаңырағы.

«Бәкең – менің алғашқы сыншым, әріптесім әрі кәсіби кеңесшім. Берілген рольдің мән-маңызын да, отбасындағы мәселелерді де біз бірге талқылаймыз. Оның пікірі мен үшін маңызды» дейді Кәмила.

Бұл кіршіксіз сөзге ешкім де қызықпай тұра алмайды. Сахнаның қос жауһарына айналған жұптың бүгінгі бақыты мен базары біздің төрт-бес парақ сөзімізге сыймайды, әрине. Қос жауһардың жүрекке түскен сәулесін көргісі келген кісі болса, театрға барсын. Сонда ол менің бұл әңгімемнің өте қарабайыр жазылғанын түсінер еді.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ
23 мамыр 2023 ж. 194 0