Сыр елінде «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына құжат қабылдау басталды
15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Атаулы мерекенің мазмұндық мәнін жоғары деңгейде әрі кең көлемде өткізу үшін түрлі шаралар өткізу жоспарланған. Ұйымдастырылатын іс-шаралар 25 қоғамдық-бұқаралық, мәдени-көпшілік, ағартушылық-зияткерлік, ғылыми-танымдық және спорттық бағытта өткізіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов мәлімдеді.
«Біздің халқымыз үшін Отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Адам баласына берілетін тәрбиенің ең негізі жанұяда қалыптасады. Осы мереке аясында арнайы бекітілген іс-шаралардан бөлек, қала және аудандардағы үлгілі отбасы мүшелерімен мектеп пен колледждерде танымдық кездесулер өтеді. Сондай-ақ, Халықаралық отбасы күніне орай әлеуметтік желілерде отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында арнайы флешмоб басталды. Оған қатысу үшін кез келген жан әлеуметтік желіде «#Отбасым» хэштегін белгілей отырып, жанұя мүшелерімен түскен әдемі суреттерді, қызықты оқиғаларды, тіпті әрбір азамат өзінің үлгілі отбасын келешекте қалай көргісі келетіні туралы армандарымен бөлісуге болады. Өздеріңізге белгілі, елімізде отбасы институтына қамқорлық пен көмек үздіксіз беріліп келеді. Ана мен баланы қорғауға және оларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар көлемі жыл сайын көбейтілуде. Біздің өңірде 16 751 «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқасымен марапатталған көп балалы аналар мен 33 851 көп балалы отбасыларына мемлекеттік жәрдемақылар төленуде. Сонымен қатар аз қамтылған жанұяларда мемлекеттің қамқорлығынан тыс қалмай, қажетті көмектер беріліп жатыр», - деді Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Асқарұлы.
Сондай-ақ, отбасы құндылығын дәріптеу мақсатында 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына құжат қабылдау басталды. Ұлттық конкурстың негізгі мақсаты - Қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау, отбасы институтын, адамгершілікті, руханиятты нығайту, бала тәрбиелеудегі жауапкершілікті және ұлттық тәрбиені барынша дәріптеу.
Бұл байқау 3 кезеңнен тұрады. Конкурстың бірінші кезеңіне қатысу үшін керекті құжаттарды қалалық және аудандық қоғамдық даму бөлімдеріне тапсыру қажет. Аудандық және қалалық кезең жеңімпаздары облыстық кезеңге, облыста үздік деп танылған отбасы республикалық байқауға жолдама алады. Осы байқауға үміткер боламын деген жанұялардың құжаттары 15 мамыр мен 15 маусым аралығында қабылданады. Сонымен қатар, қатысушылар отбасылық дәстүрлерімен, тарихи сәттерімен, қызықты оқиғаларымен әлеуметтік желіде #Мерейліотбасы, #МерейліотбасыKZO2023 хэштегтерін пайдалана отырып бөлісе алады.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына Сыр өңірінен 1900-ге жуық жанұя қатысқан.
@Өңірлік коммуникациялар қызметі