Әрбір қылмыстың жазасы бар
Бүгінгі дамыған қоғамда Заңға құрметпен қарау маңызды. Адам бойында құқықтық сана қалыптастыру отбасында қалыптасады. «Ұрлық түбі қорлық», «Біреуге ор қазба, өзің түсесің», «Заңның құрығы бәрінен ұзын» секілді қиғада өмірден алынған.
Ата-бабамыздан келе жатқан «Өтірікшінің құрығы бір-ақ тұтам», «Қолыңмен істегенді, мойныңмен көтер», «Тек жүрсең, тоқ жүресің» деген тәмсілдің осы кезге дейін өзектілігін жойған емес. Сондықтан жас ұрпақты кісінің ала жібін аттамауға үйретудің түбінде адамгершілік, әділдік секілді адами қасиеттер жатыр.
«Бала – үйде, қылығы – түзде» дегендей өсіріп отырған ұрпағыңның қандай болуы отбасына, өскен ортасына байланысты. Кім баласын жаман болсын дейді. Алайда, жат жеткіншек еліктегіш келеді. «Жаман әдет жұқпалы» дегендей бір рет біреудің затына қол салып, оны ешкім байқамай қалса, ол бала екінші мәрте тағы сондай іске барып, ақырында алған тәрбиесін жаман жолға айырбастап жібереді. Ондай әдетті ата-ана дер кезінде байқап, оның соңы неге әкелетінін түсіндіріп, тыймаса баланың болашағына балта шабылатыны анық.
Негізінен ұрлық жасау – қылмыс. ҚР Қылмыстық Кодексінде «Ұрлық деп өз пайдасына асыру мақсатында бөтеннің мүлкін қайтарымсыз жасырын иемденіп алу» деп тайға таңба басқандай жазылған. Сондықтан бөтеннің мүлкін жасырын ұрлау, бөтеннің мүлкін ашықтан ашық ұрлау, алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен бөтеннің мүлкін иемдену қылмыстық жауапкершілікке апарады.
Соңғы жылдары елімізде ұрлықтың сан алуан түрі тіркелуде. Әсіресе, алаяқтардың құрығына ілініп, қарапайым халықтың қалтасына түсіп жатқандардың қатары қалың. Сондықтан негізгі ақпарат көздеріне ғана сүйеніп, өз қаражатыңызға мұқияттық таныту қажет. Бұрын үлкен қалаларда болатын пәтер ұрлығы қазір ауылдық жерлерге де жетті. Қайбір жылдары аудан орталығында үй ұрлығы көптеп тіркелді. «Әккі ұрылар үй-жайларды үптеп кетті» дегенді халық көп естіді. Ақырында құқық қорғау органдарының күшімен ұсталған ұрылар тиісті жазасын алып, материалдық шығынды орнына келтіріп, өздері темір торға тоғытылды.
Сондай-ақ, ел ішінде тыйылмай келе жатқан мал ұрлығына тосқауыл қоюға халық болып жұмылуымыз керек. Бұрынғыдай келісім арқылы арызды қайтып алу немесе кешірім берудің заманы өтті. Мұндай жауапкершілікті қазір заңмен қорғау міндеттелген. Қанша жерден кешірім берілсе де қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды және тиісті жазасын алады.
Нұрхан Әбдікәрім,
Сырдария аудандық
соты әкімшісінің басшысы