Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада ХХV дәстүрлі студенттік ғылыми конференция өтті

Қызылордада ХХV дәстүрлі студенттік ғылыми конференция өтті

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Ғылым мен білімнің цифрлық трансформациясы тұрақты және инновациялық даму жолында» атты ХХV дәстүрлі студенттік  ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.

Конференцияға Басқарма мүшесі – Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Майнұр Бөрібаева қатысып, жас ғалымдарға қолдау қарқынды екенін атап өтті.

Университетте студенттерді ғылымға тарту жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп келеді. Оларды сан-салалы инновациялық жобалар мен технологияларды игеруге, жаңа білім мен идеяларды жүзеге асыруға бейімдеу – басты мақсатымыз. 
Жыл сайын аймақ экономикасының өзекті проблемаларына арналған жастардың ғылыми ізденістеріне қолдау көрсетілуде. Өткен жылы университеттің жас ғалымдарына арнайы 6 грант (10 млн теңге) тағайындалды. Биыл осы гранттар игерілген соң, жас ғалымдарға арналған жаңа конкурс  жарияланбақ, – деді Майнұр Әбілтайқызы.

Шарада студенттердің шығармашылығы мен жетістіктер көрмесі таныстырылды. Ал, пленарлық мәжілісте білім алушылар ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысын баяндады.

Айталық, студент Әбекен Айбек «Dark Maze атты қазақша компьютерлік ойын түрін ойлап тапса, Айсағали Әмірғалиұлы жұмыссыздық мәселесінің шешімін ұсынды. Ал, студент Оңғар Қарақат дәрумендермен байытылған емдік «Сарысу» сусынының адам ағзасына пайдасы туралы баяндады.

Сондай-ақ, білім алушылар Алмас Мирланұлы «Тригонометриялық теңдеулер мен теңсіздіктерді шешудің тиімді әдістерін интерактивті бағдарламалар арқылы үйрету», Бақытәлі Жамбыл «Қазақ тілді әдеби сайттар мен порталдар: тақырып және  проблема» тақырыбында баяндама оқыды. 

Айта кету керек, университетте студенттерінің ғылыми-зерттеу жұмысын үйлестіру мақсатында «Зерде» студенттер ғылыми қоғамы жұмыс істейді.

Өткен жылы білім алушылардың қатысуымен ҚР БжҒМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы негізінде 9 жоба, халықаралық бағдарламалар бойынша 3  жоба, облыстық бюджеттен 3 жоба орындалды. Ірі бизнес-құрылымдармен өзара тиімді ынтымақтастықтың нәтижесінде «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» және «ҚОР» компаниялары ғылыми-зерттеу және тәжірибелік – конструкторлық жұмыстары (НИОКР) орындалды. 

Конференция соңында Басқарма мүшесі – Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Майнұр Бөрібаева ғылыми жетістікке жеткен білім алушыларға Басқарма Төрағасы – Ректордың марапаттарын тапсырды.
26 сәуір 2023 ж. 234 0