Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Саясат Нұрбек «Болашақ» бағдарламасындағы үш өзгерісті атады

Саясат Нұрбек «Болашақ» бағдарламасындағы үш өзгерісті атады

Халықаралық олимпиада жүлдегерлері автоматты түрде «Болашақ» стипендиясын алады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек кезекті берген сұхбаттарының бірінде «Болашақ» бағдарламасына қатысты үш негізгі өзгерісті атап өтті. 

Бірінші кезекте, Қазақстан «Болашақ» бағдарламасымен қайтадан бакалавр мамандарын дайындайды. «Болашақ» бағдарламасынан бұл функция 12 жыл бұрын алынып тасталған еді. Қазір тек магистрлер дайындалады.

«Қазір «Назарбаев мектебінің түлегі әлемнің 26 жоғары оқу орнына түсті» не «Білім-Инновация мектебінің түлегі 17 оқу орнынан шақыру алды» дегендей жаңалықтарды жиі естиміз. Әлемде дарынды балаларды тартуда бәсеке басталды. Біздің мұндай таланттарымызды шетел алып кетіп жатыр. Мұны болдырмас үшін халықаралық олимпиада, сайыстардың жүлделі орын иелеріне «Болашақ» стипендиясын автоматты түрде беруді көздеп отырмыз. Алсын, оқып қайтсын. Есесіне, оларда елге келіп, алған білімін жұмыспен өтеу жөнінде міндеттеме болады», деді министр.

Екінші өзгеріс – «Болашақ» бағдарламасы жұмыс берушілермен тікелей ұштастырылады. Жұмыс беруші компания қажет кадрларды дайындауға тапсырыс береді, сәйкесінше кейін оларға жауапкершілік те жұмыс берушіге жүктеледі.

«Бұрын бағдарламаға кез-келген үміткер қатыса алатын болса, енді тапсырысты компаниялар береді. Айталық, «Қазатомөнеркәсіп» ядролық энергетика бойынша өзіне қажет мамандар тізімін береді. Біз тапсырысты қабылдап, оларды оқытуға лайық әлемдегі үздік оқу орындарын, зертханаларын тауып, оқытамыз да «Қазатомөнеркәсіпке» қайтарып береміз. Сол мамандарға жауапты «Қазатомөнеркәсіп» болады», деді Саясат Нұрбек.

Үшінші өзгеріс – алдағы уақытта жалпы грант санының 60 пайызы техникалық мамандықтарға беріледі.
«Медицина, техника және тағы басқа ең қажет деген салаларға маман дайындауға мән береміз. Бізде «Болашақпен» білім алып, оның әлеуетін дұрыс пайдаланбай жүргендер негізінен гуманитарлық сала мамандары. Олардың саны шектеледі», деп түйіндеді ол.

Сондай-ақ министр енді грант саны шектеліп, сапаға мән берілетінін атап өтті.
24 сәуір 2023 ж. 123 0