Құралайдың салқыны
Бірнеше күннен бері ауа райы күрт өзгеріп, құбылмалы күй туғызып тұр. Бұл туралы «Қазгидромет» алдын ала хабар таратып, тұрғындарға смс-хабарлама арқылы үздіксіз ақпар таратуда.
Ерте гүлдеген өрік пен жидені жапырып, шаруа адамына жайсыздық туғызатын бұндай ауа райы жыл сайын қайталанады. Яғни көктемнің соңғы айының орта тұсына сәйкес келетін желді, жаңбырлы күндерді халқымыз «Құралайдың салқыны» деп атаған. Бұл кез киіктің жаппай төлдеп, төлін аяқтандыруына сәйкес келеді.
Құралайдың салқыны амалында күн күрт бұзылып, таулы, шоқылы жерге қарай бұлт төнеді. Бұл жағдай бір апта немесе он күнге созылуы ықтимал. Осы уақытта төлдеуі жақын киік, елік, ақбөкен сияқты аңдар бұлт төнген жерлерге қарай топтасатын көрінеді. Аңшылар бұл құбылысты аталған аңдардың күннің көзінен таса жерде төлдеуге ұмтылатынымен байланысты түсіндіреді. Соған байланысты ел арасында киік лақтаған жерде найзағай ойнайды деген таным бар. Құралайдың салқыны аталатын бұл уақытта бұлтпен бірге жел тұрып, аздап жаңбыр да жауады. Жаппай төлдеген киіктердің лақтары желге қарсы жүгірсе, тынысы ашылып, тез аяқтанатын көрінеді.
Халық арасында көнеден қалған ескі аңыздардағы қос мезгілдің таласына ұқсайтын аралық бұл кезеңнің киіктің төлдеу уақытына тура келетіні ғылыми тұрғыда дәлелденген.
«Азайды соңғы кезде байғұс бөкен» деп Сәкен Сейфулиннің «Ақсақ киікті» жазып, «аяныш сезімі жоқ аңшыға» деген ашуын ашына жазғанына да жүз жылдай уақыт өтті. Содан бері қазақ танымында киелі саналатын жануардың бұл түрі азаймақ тұрмақ, жойылудың нақ қаупін де бастан өткерген.
«Киікті қазақ және дейді бөкен»... Киік, ақбөкен деп аталатын жануар қазақ танымында киелі саналады. «Киіктің киесі ұрады» деп табиғаттың тамашасына тың қасиет таққан халық тұрмысында ақбөкенмен байланысты ән мен күй, этнографиялық түсінік толып жатыр. «Ақбөкенді ату бақытсыздыққа апарады» деген түсінік те бар. Сұлу көрсе «құралайдай», «киіктің лағындай» деп түз жануарының төліне теңеп, таңдай қағатыны да бұл жануардың қазақ танымындағы алар орнымен тікелей байланысты. Қазақ ақынының «Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім... Көздері мөлдір қара ақбөкенді, Адамның баласынан кем көрмедім» деуі сөзімізге дәлел.
Ақбөкен – тұлғасы ірі, тұрқы қойға ұқсас, дөңес тұмсықты, күйіс қайыратын түз жануары. 10-12 жыл өмір сүретін аң көктемнің кеш туатынын, қыстың қарлы, боранды болатынын алдын ала болжап, біле алатын көрінеді. Зерттеулерге сүйенсек, киіктер осыдан 50-60 мың жыл бұрын мамонттардың дәуірінде пайда болған. Табиғатқа бейім, тіршілік үшін күресте құлшынысы жоғары жануар бүгінгі күні Қазақстан, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Түркіменстан аумағында ғана кездеседі.
Ақбөкендер жалғыз емес, топ болып жүреді. Табындары мыңдаған, жүздеген бастан тұрады. Олардың бір ерекшелігі, табынды текелер емес, ұрғашы киік бастайды. Ақбөкен атаулы мамыр айының басында жаппай, әдетте егізден төлдейді екен. Жаңа туған лақтар жарты сағаттан кейін енесін еміп, екі-үш сағаттан соң аяқтанып кетеді. Бұл да табиғаттың төл тумасына еншілеген ерекше қасиеті болса керек. Және бір ғажабы, ен далада енесіз қалған киік төлін кездестіре алмайсыз. Себебі ақбөкендер бір-бірінің төлін бауырына басып, аяқтандырып жіберіп отырады.
Киіктің киелі екенін дәлелдей түсетін табиғат тылсымдары жетерлік. «Құралайдың салқыны» аталатын мезгілде қатты жел тұрады дедік. Зерттеулерге сүйенсек, осындай желді жайсыз күндері қасқыр атаулы апанынан ұзап шықпайды екен. Бұл да киіктің тез төлдеп, еркін аяқтанып кетуіне септігін тигізеді. Сондай-ақ түйетабан деп аталатын өсімдікті естуіңіз бар шығар. Ғажабы сол, түйетабан мамыр айының соңғы он күндігінде ғана жапырақ жаяды да, келесі көктемге дейін тіршілігін тоқтатады. Үлкен жасыл-қызғылт түсті жапырақтардың арасына жасырынған киіктерді қырағы көз қыран да аңдамай қалады екен. Міне, бұның бәрі қазақ халқы киелі деп таныған түз жануарының ерекшелігін айқындап тұрғандай.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ