Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауызашар берді

Ауызашар берді

Айлардың сұлтаны – Рамазан айында ауызашар беру үлкен сауапты іс саналады. Жолда кетіп бара жатып, кез келген аузы берік адамға бір дана құрма немесе сумен болса да ауызашар беру – сауапқа кенелетін жақсы амал.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім бұл айда аузы берік бір адамға ауыз­ашар берсе күнәлары кешіріле­ді. Сол аузы берік адамның сауабындай сауап оған да беріледі» дегенде сахабалардың кейбірі аузы берік бір адамға да ауызашар беретіндей жағдайы жоқ екендіктерін айтты. Оларға Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бір дана құрмамен де ауызашар бергенге де, тек сумен ғана оразасын аш­тырғанға да, кішкене сүт берген­ге де осы сауап жазылады» деген. Міне, осындай мол сауапқа ке­нелуді қалайтындар қасиетті айда ауыз­ашар ұйымдастырып, игілікті іс істеуде.

Аудан орталығындағы мешіт ас­ханасында марқұм меценат Расул Есеновтың ағайын-туысы мен ұр­пақ­тары жұртшылыққа ауызашар берді. Игі іске қариялар, ауыз бе­кіткен жан­­дар мен тұрғындар қа­тысып, әр­кез елге жанашыр болып жүретін аза­­матты еске алды.

Ауызашарда мәдениет саласының ардагері Жантемір Айсин сөз сөйлеп, қасиетті айдағы оразаның қабыл болуын тіледі. Одан соң ауданның ты­­ныс-тіршілігімен біте қайнасып жүр­ген ардақты азамат Р.Есеновтің қай кезде халыққа көмек қолын созып, жақсылық жасауға атсалысып жүретінін тілге тиек етті. Орны ойсырап қалғанын айтқан сала ардагері артындағы ұрпағы әке ісін жалғап, жергілікті тұрғындарға септігін тигі­зе­ті­ніне сенім білдірді.

Мұнан соң әріптес достарынан Ержан Әжікенов пен Жұмабек Ембергенов сөз сөйлеп, Расул Әбу­тәліп­ұлының аудандық, облыс­тық мәслихат депутаты болған шақ­­та ауданның игілігі үшін біраз жұ­мыс­тар атқарғанын еске алды. Ау­дан­­ның дамуына ерекше еңбек сі­ңір­­геніне тоқталып, ер есімі ұмы­тылмай­тынын, оны ұмыттыр­майтын ұрпақ бар екенін жеткізді. Әкенің өне­ге­лі ісін ұлы Фархад жал­ғап келе жат­қанын айтты.

«Он бір айым бір төбе, бұл бір айым бір төбе» дегендей, ауыз бекі­тудің адам денсаулығы мен жан дү­ниесінің жаңаруына пайдасы зор екендігін айтқан аудандық мешіт­тің бас имамы Асхат Асқарұлы қасиетті айда ауыз­­­­­­­­­­ашар ұйымдастырған жан­дарға риза­шылығын білдірді. Ауызашар соңында Құран оқылып, дұға жасалды.

Е.БЕРКІНБАЕВ
04 сәуір 2023 ж. 261 0