Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұғырлы тұлға

Тұғырлы тұлға

Ел егемендікке қол жеткіз­гелі өз халқына ерекше еңбегі сіңген азаматтарды дәріптеп, олардың өнегелі өмірі мен ұлағатты істерін насихаттап, жастарға үлгі-өнеге ету жақ­сы дәстүрге айналды. Бұл жолы Абызбай Маханбе­товтің өмір жолын, ол кісінің жақсы істерін дәріптеу мақ­сатында естелік жазып, қайтаркер тұлғаның адами қасиет­теріне тоқ­талуды жөн санадым.

Мен аудандық газет редакциясында 1977 жылдан 2019 жыл аралығында еңбек еттім. Осы жылдар ішінде көптеген тағдырлы адамдармен әріптес, тұздас-дәмдес болдым. Со­лар­­дың ішінде аудандық газетті ұзақ жыл бас­қарған Абызбай аға Маханбетовтің мен үшін орны ерекше.

Абызбай аға алғашқы еңбек жолын ұс­таз­дықтан бас­тап, абыройлы еңбек етті. Қо­ғам­дық жұмыстарды асқан жауапкер­ші­лік­­­­­­пен атқарып, 1963 жылы партиялық қыз­­мет­ке шақырыл­ды. Ол кісі 1965 жылға дейін Сырдария селолық өндірістік партия коми­теті идеология бөлімінің нұсқаушысы болып істеді. Аудандар қайта құрылғанда аудан­дық партия комитетінің насихат және үгіт бө­лімінің меңгерушісі, ұйымдастыру бөлі­мінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Одан кейін Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газе­тінің бас редакторы, халық депутат­тары аудандық кеңесінің ұйымдастыру – кеңес жұмыстары бөлімінің меңгерушісі болып, дербес зейнеткерлікке шықты. 1994-1997 жылдары аудандық мәслихат депутаттарымен және тұ­рақты комиссиялармен жұмыс бөлі­мінің меңгерушісі-тұрақ­ты комиссиясының төр­­а­ға­сы қызметін абыроймен атқарды.

Ағай ешнәрсені ұмытпайтын, жады өте мықты кісі болатын. Тіпті, қызмет істейтін кей­­бір кісілердің үй телефоны, мекен жайына дейін жатқа білетін. Ол кісіні жұрт «Тірі энциклопедия» немесе «Анықтама бюросы» деп әзілдеп жататын. Өз ісіне өте ұқыпты басшы ретінде аудандық газет редакциясын басқарған жылдары да облыс басылымдары ішінде де алдыңғы орында болды.

Абызбай аға жаратылысынан барынша шыншыл болды. Екінші жағынан ағамыз өте сауатты еді. Әр мәселені айту үшін, жазу үшін жан-жақты зерттеп, зерделеп, ойды әбден пісіріп барып шешім қабылдайтын. Адам­дардың тағдырына бей-жай қарамайтын. Осы өңірде туып-өскендіктен болар халық­тық мүд­деге келгенде талай игі істің басы-қасында өзі бастаушы бола білді.

Ағамыз өмірлік қосағы Күлжан апа екеуі саналы, сали­қалы, инабатты, ибалы ұрпақ өсірді. Бүгінде олардың әрқайсысы еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде.

Ағайдың тағы бір қасиеті – бала тәрбие­сінде аса ұқыпты еді. Дауыс көтермейтін, әлдебір жағдайлар болып жатса, оны балаға ұрыспай түсіндіріп, екінші қайталамайтындай көзін жеткізетін еді. Апайға да құрметі ерекше болып, «Біздің Күлекең» деп отыратын. Апай да, ағай да өте қонақжай еді.

Бірде қаңтар айының басында үйіне ша­қырғаны бар. Келген меймандарды өзі қарсы алып, балаша қуанып, дастархан басына отырғызды. Сонда Сұлтан аға Қожаниязов:

– Абызбайжан, бұл қай дастархан, ұжым­ға шай беру ме, әлде туған күн бе? – дегенде ағай саспастан:

– Ұжымға шай беру немесе жаңа жыл дас­тарханы десеңіз де болады. Туған күн тойлайтын жас бала емеспіз ғой, Сұлтеке, – деп әдемі жауап берген болатын.

Дастархан үстінде тілектер айтылып бол­­ған соң ағай қолы­на домбырасын алып, «Ерке сылқым», «Көңілашар», «Сары­­арқа» күйлерін орындады. Бұл жолы біз ағайды жаңа қыры­нан таныдық. Отырыс болса ағай­дан «күй тартыңыз» деп қол­қалайтын бол­дық.

Абызбай Маханбетовтің еліміздің әлеу­меттік-экономика­лық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі лайықты бағасын алды. Ол «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін», «Еңбек ардагері» және тағы басқа медальдармен, ҚР Президентінің «Алғыс хатымен» ма­рапатталған. Көптеген «Құрмет грамо­таларымен» марапатталып, Сырдария ауданының Құр­метті азаматы атанды.

Аспайтын, саспайтын сабырлы мінезімен Әбекең ұжым құрметіне бөленді. «Әр адам өзінше бір тұлға» деп есеп­тейтін ағамыз ұжымдастарының тағдырына бей-жай қара­ған жоқ. Тіпті, қыс айы жақындағанда «Кімнің үйіне қыстық отын түс­педі», «Кімге ағаш отын жетпеді» деп сұрастырып, көмектесуді өзі­не парыз санайтын.

Ағай аудандық партия комитетінің ұйым­дастыру, үгіт-насихат бөлімінде қызмет ет­кендіктен бе аса ұқыпты еді. Ешнәрсе ол кісінің назарынан тыс қалмайтын. Ол кісі үшін адам тағдырына қатысты дүниеде майда-шүйде деген болмайтын. Ол сонысымен де елге құрметті еді. Ұзақ жылғы еңбегі еленіп, бірнеше орден-медальмен марапатталғаны – ұзақ жылғы адал еңбегінің нәтижесі.

Бүгінгі естелікте ағамыздың адамгершілігі, білімділігі, сабырлы да салиқалы мінезі жайлы айтуға тырыстым. Бүгінде ағайдың өзі бол­­маса да артында ұрпақтары бар, Алла олар­ға ұзақ өмір беріп, ағайдың әруағы қол­дап жүрсін! 

Сәуле ЕРІМБЕТ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
28 наурыз 2023 ж. 276 0