Адам әдетті қалай қалыптастырады?
Тұрақты түрде «Мен оқыған бір кітап» айдары аясында оқырман қауымға сан түрлі бағытта жазылған кітап жөнінде кеңінен ақпарат беріп келе жатқандығымыз баршаға аян. Көзі қарақты оқырманның талғамына сай, рухани құндылыққа толы кітаптың мазмұның барынша насихаттау құзіретімізде. Бұл жолы – адами болмысты қалыптастырудың негізгі қағидатын суреттей білген америкалық жазушы Джеймс Клирдің «Атом әдеттер» атты кітабын көпшілікке таныстыруды жөн көрдік.
Кітаптың мұқабасында «Жақсы әдетті үйрен, жаман әдеттен жирен» деген қанатты сөз жазылған екен. Расында, адамның бойындағы кез келген әдетті қалыптастыруды көздейтін жазушы әрбір еңбегін оқырманға түсінікті тілде жазып шыққан. Осы күні 1 миллионнан аса данасын әлем халқы сатып алған кітап басты ұстаным тізбегі мен 4 ереже аясында жазылған. Алғаш қаламгердің адам болмысындағы әдетті толық зерттеуіне өзінің денсаулық жағдайы әсер еткен. Мектеп қабырғасында оқып жүріп бейсбол таяқшасынан жарақат алады. Басынан ісік табылып, төсекке таңылған ол – өмір сүруге деген құлшынысын арттыра түседі. Осылайша, қаламгер жаман әдеттен арылып, жақсы әдетке бейімделу жолына қадам жасайды. Бойындағы дертті жеңіп шығады. Әдетті қалыптастырудың формуласы мен моделін ойластырған қаламгер әрбір адам стимул, қалау, реакция, марапат арқылы қарым-қабілетін, жүріс-тұрысын дамыту керектігін алға тартады.
Негізінен, данқты қаламгер ұсақ-түйек әдеттің көмегіменкеремет нәтижеге қол жеткізуге болатындығын дәлелдеген. Күнделікті адам 1 пайызға өзін жетілдіре отырып, жыл аяғында 37 пайызға бұрынғысынан жақсаруға ұмтылады екен.
– Жетістіктер – уақыт өте қалыптасқан әдеттердің көрінісі. Сіздің қаржылық жағдайыңыз – ақша жұмсау әдетіңіздің нәтижесі. Дене салмағыңыз – тамақ жеу әдетіңіздің нәтижесі. Біліміңіз – оқуға құштарлық туғызған әдетіңіздің нәтижесі. Үйіңіздің үнемі шашылыпжатуы – үй жинауға әдеттенбегеніңіздің нәтижесі. Нені үнемі қайталасаңыз, соның нәтижесін аласыз. Өмір соңында қандай адам болатыныңызды болжау үшін кішкентай жетістіктер мен байқамай жіберген аз-маз қателіктерден түзелген траекторияға көз жүгірту жеткілікті. Сонда бойдағы әдеттердің он, жиырма жылдан кейін қандай нәтижеге жеткізетінін түсінесіз. Табыс пен сәтсіздік арасын уақыт алшақтата түседі. Сіз осылардың қайсысына көбірек күш салсаңыз, уақыт соның нәтижесін арттырады, – дейді қаламгер.
Шындығында, қаламгер әдетті қылыштың екі жүзіне ұқсатады. Жақсы әдет өрге жетелейтіндігін, жаман әдет орға жығатындығын нақты фактор ретінде алған. Арнайы кесте арқылы әдеттің оң және кері әсерін тізбектеген зерттеуші жұмыстың өнімділігін, білім артатындығын, күйзелістің көбейетіндігін, жаман ойлар жиілейтіндігін, қарым-қатынас дамып, агрессия күшейетіндігін мысал ретінде келтірген.
– Адамның өз болмысы туралы пайымы санасына мықтап орныққан сайын оны өзгерту айтарлықтай қиындай береді. Өйткені оған қаншалықты қате екенін біліп тұрса да, өзінің ішкі ұйғарымына сеніп, өзі туралы пайымына сәйкес әрекет еткен әлдеқайда ыңғайлы. Жақсы әдеттерді саналы көзқараспен қабылдағанда ғанабелгілі мәнге ие болады, бірақ болмысыңызға қайшы келсе, оларды оларды орындату қиынға түседі. Шын мәнінде, қандай да бір әдетті қалыптастырып, оны болашақта ұзақ уақыт бойы ұстануға кедергі – өзіңіз туралы пайымыңыздың сол әдеттермен сәйкеспеуі. Сондықтан сіз өзіңізді болмысы өзге тұлға ретінде елестете алмайсыз, – дейді зерттеуші.
Иә, кітапты оқу барысында адамның мінез-құлқына байланысты бірнеше тұжырымдарды кезіктірдік. Бойдағы таптаурын болып қатып қалған әдеттер өзгеріске ұмтылуға қиындық соқтырады. Жылдар бойы желімдей жабысқан жаман әдеттің болмысты жақсы жағынан дамытуға кедергі келтіреді. Демек, жазушының тағы бір тұжырымына сүйенсек, басқа адамға айналудың қарапайым ғана жолы – мінез-құлықты өзгерту болып табылады. Әрбір адам жаңа болмыс жаңа асуларды бағындыруды талап ететіндігін білген абзал.
Өз кезегінде Джеймс Клир әдеттердің есеп картасын жасап шығарады. Күнделікті қарапайым адамның жасауға тиісті іс-әрекетін тізбектеп, әдетті қалыптастыру жолдарын айшықтап берген. Таңда оянғаннан бастап, ұйқаға кетерге дейін уақытты жоспарлау арқылы жақсы әдет пен жаман әдетті бақылауда ұстауға болады. Жалпы, көпшіліктің адами болмысы мен әдетін жақсартуға, толықтай өзгертуге қоршаған орта да тікелей әсер етеді.
Негізінен, әдет қалыптастырған уақытта жаныңыз қалайтын бір іспен үнемі айналысу керектігін ұмытпаған жөн. Сонымен бірге отбасы мүшелері мен достардың арасындағы берік байланыс әдет пен болмысты түзеуге көмектеседі.
– Жақсы әдет қалыптастыру үшін не істеу керек деп сұрайтындарға тиімді бір жолын ұсынамын. Ол үшін жаныңыз қалағаніс-әркеттерді қабылдай алатын ортаның бір мүшесі болуға талпыныңыз. Егер асыңыздағылар күн сайын сіздің әрекетіңізді қайталаса, жаңа әдет қалыптастыру оңайға соғады, – дейді Джеймс Клир.
Адам болмысына тереңнен үңілген жазушы жаман әдеттердің себебін табу жолдары, одан арылу бағытын қарастырады. Шын мәнінде, кітапта жазылған кез келген ереже адамның бойындағы әдеттерді қалыптастыруға мүмкіндікті арттырады. Сондықтан адами құндылықты, болмысты жақсартуға байланысты тұжырымдар өз өзектілігін жоймайды. Өмір дағдысын жақсарту үшін күнделікті өзгерісті өзгеден күтпеу керек, өзімізден бастаған дұрыс. Әрбір ұстанымның артында ұлы мақсаттар тұрады. Арман-мақсатқа қол жеткізу үшін іс-әрекетімізді, бойымыздағы әдетімізді оңынан түзеуге күш салғанда өзіндік жемісін береді.
Өз кезегінде біз Джеймс Клирдің «Атом әдеттер» атты кітабының толықтай құпиясын ашқан жоқпыз. Оны бір мақалаға жүк ету де мүмкін емес. Ойлы оқырман кітапты оқу арқылы өміріне түгелдей өзгеріс жасайды деп сенеміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ