Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітапхананың тұрақты оқырманы

Кітапхананың тұрақты оқырманы

«Кітап – асып-таспайтын асыл досымыз», – дейді орталық кітап­хананың 40 жылға жуық оқырманы болып келе жатқан Жарасбек Маужанов. Тұрақты оқырман қолға түскенін емес, ақыл-ойды дамытатын, танымын байытатын кітапты жанына серік еткен жөн деп санайды. Кейіпкерімнің алғаш 8 жасында кітап оқуға ынтасы оянып, осы күнге дейін рухани байлықтан алыстаған емес. Бір ай көлемінде кітапханаға 2-3 рет баратын ол әлемге танымал құндылық жауһарларымен үздіксіз сусындап отырады. Бұл ретте өмір ұстазы саналатын  кітап оқудағы шеберлік пен өзіңдік мәдениетті Жарасбек Сұлтанұлынан сұрап білдік.

Осыдан 56 жыл бұрын Тереңөзек кентінде дүниеге келген Жарасбек Маужанов отбасында  11 ағайынды екен. Ол №36 А.Жданов атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін құрылыс саласына ден қояды. Араға бір жыл салып, әскери борышын өтеп, жас сарбаз ауылға келіп, құрылыс бригадасының шебері атанады. Қауіптілігі мен жауапкершілігі мол мамандық иесі рухани азық  кітап оқудан жалыққан емес. Көбіне әлем классиктерінің шығармаларын оқыған оқырман бір жылда бірнеше орысша және қазақша басылымды жаздыртып алатын.

– Мені кітап оқуға баулыған бастауыштағы ұстазым Айнаш Төребай­қызы болатын. Әлі есімде алғаш Марк Твеннің балаларға арналған кітабын оқыған едім. Содан кейін  кітап оқуға деген қызығушылығым артты. Сонымен бірге басылымға жарық көрген мақалаларды зерделеп оқып шығуды әдетке айнылдарғанмын. Бір жылдары елімізге белгілі газет-журналдармен қатар, шетел басылымдарын жаздыртып алатынмын. Қазіргі таңда аудан айнасы «Тіршілік тынысы» газетімен бірге, бірнеше басылымның оқырманымын. Кейде ескі кітаптарымды ақтарып отырып, кезінде жазылған газеттерімді тауып аламын, – дейді тұрақты оқырман.

Қас қарайғанша  кітаптағы мол мұрамен танысатын Жарасбек аға қазақ жазушыларының еңбектерімен жиі танысып отырады. Мәселен, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романын оқып шыққан оқырманға жазу­шы ау­данға жұртшылығымен кезде­су ба­рысында «Сең» кітабына қол­­­таң­басын қойып береді. Ал Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романдарымен сусындаған оқырман тарихи жазбаларды біле түскенді құп көреді.

– Ақын-жазушылардың кітап жазу­дағы еңбегі ерекше. Көз майын тауысып, оқырман үшін мол мұраны жинау­ға бар ғұмырын арнайды. Қазіргі таңда адамдардың кітап оқуға деген қызығушылығы төмендеп кетті. Өз басым осыған дейін кітап жинап келемін. Әр кітабымның басына жоғалып қалмас үшін аты-жөнімді жазып қоямын. Үнемі ізденіс үстінде жүріп, ұлы ғұламалардың нақыл сөздерін, ғибратты әңгімелерін қағазға түртіп қоямын. Ондай қасиеттің адамға пайдасы бар. Қайбір жылы ұлым ҰБТ тапсыратын болды. Балама кітапханаға барып, іздену жөнінде тапсырма бердім. Аз ғана уақыт ішінде ғаламтордан таба алмаған сұрақ жауап­тарын кітап беттерінде жазылған мол мағлұматтан тапты, – дейді Жарасбек Сұлтанұлы.

Өткен жылы аудандық кітапханадан бірнеше кітап алған Жарасхан Маужанов осы күні «Особое назначение», прозашы Р.Толкиннің «Хоббик», жазушы К.Булычевтің «Пленники астероида» деп аталатын ғажайыпқа толы повесі жазылған кітаптарын  оқу үстінде. Жарасбек ағаның рухани серігі кітап болса, өмірлік жары – Сәуле Маужанова. Отасқандарына биыл 35 жыл толатын ерлі-зайыптының 3 ұл, 2 қызы бар.

– «Кітап – үйдің ашулы тұрған тере­зесі» деп Дағыстанның халық ақыны Расул Ғамзатов айтқандай, отағасы үнемі рухани азықты кітаптан алады. Дастархан басында балаларымызға ақылын айтып отырады. Үйімізде бұрыннан сарғайған газет тігінділері мен ескі кітап қоры жасақталған. Біз қашанда  отбасымызбен Жәкеңнің ізденесіне қолдау білдіріп отырамыз, – дейді Сәуле Маужанова.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 




13 ақпан 2021 ж. 1 104 0