Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Паразитарлық эхинококкоз ауруы

Паразитарлық эхинококкоз ауруы

Эхинококкоз – жаппай таралған табиғи ошақтық, созылмалы түрде өтетін гельминтоздар. Эхинококкоз личинкалары қан айналым жолдары арқылы бауырдың, өкпенің және басқада ағзалардың жеке немесе көптеген қуысты ісіктермен бұзылуына әкеп соғады. Аурудың қатты асқынуы нәтижесінде көбіне мүгедектікке және өлімге әкеледі. Жұқтырғаннан бастап клиникалық көріністер байқалғанға дейін бірнеше айлар, тіпті жылдар өтуі мүмкін.

Ауруды тудыратын құрт ең алғаш иттің, түлкінің, қасқырдың, ши бөрінің аш ішектерінде өмір сүреді де нәжісімен сыртқа шығып, қоршаған ортаны ластайды. Сыртқа түскен эхинокок жұмыртқалары қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына өте төзімді.

Эхинококкоз жұмыртқаларымен жиі ластанатын аймақтар саябақ, балалар көп ойнайтын үй аулалары болып табылады. Ауылдық жерлерде егер иттер байлаулы болмаса (қаңғыбас иттер) кең аймақтар ластанады. Эхинококкозбен балалардың ауру қауіпі өте жоғары, өйткені олар итпен жиі ойнайды.

Ауру белгілері – эхинокок құртының қай ағзада орналасқанына байланысты. Бауыр эхинококкозымен ауырған адамның оң жақ қабырғасының асты сыздап ауырып, ауыр тартып тұрады. Егерде өкпе зақымданса кеуде тұсы сыздап ауырып, жөтел демікпе пайда болады. Ауыр асқынған жағдайда эхинокок көпіршігі жарылып, анафилактикалық шок дамуы мүмкін, паразиттер шашылып, басқа мүшелерге таралады (бауыр, өкпе, бүйрек, кейде ми). Ауру асқынбаған жағдайда көп жылдарға созылады және кездей соқ анықталуы мүмкін (жоспарлы рентгенография) немесе мақсатты тексеру кезінде. Эхинококкоз ауруы өте қауіпті аурулардың қатарына жатады, ауруға шалдыққандарға тек хирургиялық жолмен ота жасау арқылы сауықтыру шаралары жүргізіледі.

Жеке бас гигиенасы: малды, итті ұстағаннан кейін, бау бақшада әр түрлі жұмыстарды атқарған соң қолды міндетті түрде сабындап жуу қажет. Әрдайым көкөністер мен жеміс жидектерді мұқият жуып, суды қайнатып ішкен дұрыс. Балалардың қаңғыбас иттермен ойнауына жол бермеу керек.

Медициналық профилактикалық шаралары – ауруды ертерек табу үшін қауіпті топтағыларды (малшыларды, қасапхана қызметкерлерін, ит бағатын мекеме жұмысшыларын) тұрақты зертханалық тексеру.

Осы аталған іс-шараларды мұқият орындағанда ғана, аурудың алдын аламыз. Ол бәріміздің қолымызда екенің ұмытпайық!

Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы
27 наурыз 2023 ж. 306 0