Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасының цифрлық картасы

Отбасының цифрлық картасы

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасын енгізу басталды.

Отбасының цифрлық картасы – бұл әртүрлі мемлекеттік органдардың мәліметтерін жинақтайтын, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтап,əлеуметтік мəртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы ақпарат беретін азаматтардың күн сайынғы « Электрондық хабарлаушысы».

Бұл ақпараттық жүйе азаматтарға проактив форматта, яғни қызмет алушының өтінішін күтпей-ақ көмек көрсетуді көздейді.

Яғни, мемлекет азаматқа ақпараттық жүйе арқылы тиісті органдарға жүгінбей-ақ, мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуды өзі ұсынатын болады.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық әрекеттерін болдырмай, қызметті жеделдетуге және тиісті мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы арқылы мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтінішсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі тағайындалуда.

Бұлар – жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек.

Сондай-ақ, 2023 жыл 1 қаңтардан бастап «Отбасының цифрлық картасы» арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы автоматты түрде  хабарлама беру іске асырылды.

Атап айтқанда, мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режимде жүргізіледі, содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады. 

Алаяқтық тәуекелдерін болдырмау мақсатында 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-ке жауап беру қажеттігін атап өту керек.

Азаматтар барлық сұрақтар бойынша 1414 нөмірі бойынша Call-орталыққа хабарласуына болады. Қоңырау шалу тегін.

Жоба кезең- кезеңімен жүзеге асыру жоспарлануда:

2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жəрдемақы мен əлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алу мүмкіндігі ұсынылды;

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап тізбе əлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтіледі.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау жəне білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізіледі.

2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылатын болады.



Еңбек және әлеуметтік қорғау
Комитетінің Қызылорда облысы
бойынша департаменті
27 наурыз 2023 ж. 255 0