Министр Тамара Дүйсенова Қызылорда облысының активімен кездесу өткізді
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында аймақ активімен кездесу өткізді. ЕХӘҚМ басшысы биліктің жергілікті атқарушы органына халықты жұмыспен қамту мәселесіне аса көңіл бөлуге шақырды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Іс-шараға облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаев, облыс маслихатының өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен облыстың аудан әкімдері қатысты.
Тамара Дүйсенова өз сөзінде Қызылорда облысында а.ж. 11 ай ішінде 32 231 адам жұмысқа орналастырылды деп атап өтті, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы бос жұмыс орындарына – 13 132 адам, ұлттық жобаларды жүзеге асыру аясында – 4 640, жұмыспен қамтудың белсенді шаралары бойынша – 14 459.
«Жұмыс орындарымен қамту мониторингін жүргізу тәртібіне сәйкес азаматтарды жұмысқа орналастыру оларға міндетті зейнетақы жарналарын жүргізумен расталатынына назар аударғым келеді. Қызылорда облысында бұл көрсеткіш 77% құрайды. Ал Қазалы ауданында ұлттық жобаларды жүзеге асыру барысында жұмысқа орналасқан азаматтар үшін зейнетақы жарналары бар тұлғалардың үлесі 49 % құрайды», - деп Тамара Дүйсенова атап өтті.
Бұл ретте Министр Мемлекет басшысының 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру бастамасын жүзеге асыру аясында өңірдің жақсы нәтижелерін атап өтті. Мәселен, 4587 жұмыс орнын құру жоспарлы көрсеткіші бойынша 10 043 адам немесе 219 % нақты жұмысқа орналастырылды.
«Келесі жылы Қызылорда облысында 36,6 мың адамды жұмыспен қамтуға белсенді шаралар жоспарлануда. Тұрақты жұмыс орындарын құруға басты назар аударып және Мемлекет басшысының тапсырламарын орындауда біркелкілікті қамтамасыз етуді сұраймын. Біздің мақсат – жұмыссыз адамдарға барынша жұмыспен қамтуға жағдай жасау. Әр бос жұмыс орнын Электрондық еңбек биржасы арқылы мониторинг жүргізіліп, еңбек келісім-шарттарымен және зейнетақы жарналарымен расталатын болады», - деді ЕХӘҚМ басшысы.
Министр кездесуге келген қатысушыларға Отбасының цифрлық картасын (бұдан әрі – ОЦК) енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
«Бүгінгі күні мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректері бойынша Цифрлық картада 6,3 млн отбасы мен олардың 19,5 млн отбасы мүшелері туралы ақпарат жинақталған. Бұл ретте тиісті көмекті ала алмай жүрген отбасыларды анықтадық. Мұндай отбасыларға 1 қыркүйектен бастап оларға белгіленген мемлекеттік кепілдіктер туралы SMS-хабарламалар жолдануда. Проактивті форматта оларға мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары қабылдануда. Қызылорда облысының 840 тұрғынына төлем тағайындалды», - деп хабарлады Тамара Дүйсенова.
Министр мемлекеттік қызметтердің уақтылы көрсетілмегендігіне мысал ретінде Қызылорда облысындағы отбасы бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем алғанымен, бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы алуға өтініш бермегенін келтіріп өтті.
ЕХӘҚМ басшысы қазіргі таңда ОЦК аясында проактивті режимде жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша қызмет көрсетіліп жатқанын айтты. 2023 жылдан бастап халықты әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтердің тізімі кеңейтіледі. 2025 жылға қарай Цифрлық картада әлеуметтік, білім және денсаулық сақтау салалары бойынша барлық мемлекеттік кепілдіктер қамтылатын болады.
Кездесу барысында Тамара Дүйсенова жергілікті атқарушы билік өкілдерімен жұмыс берушілердің еңбек заңнамасының нормаларын сақтауы, өндірістердегі еңбекті қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру, балалы отбасылар мен мүгедектерге қолдау көрсету, зейнетақы мен әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін талқылады.